Бұл туралы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен еліміздің университеттері ректорларымен кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді.
Қазақстанда педагогикалық бағыттар бойынша қосымша ​ 7 мың грант бөлінеді
1,018
оқылды

Қуаныш Асылханұлы кездесу барысында педагогикалық білімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған "Педагогикалық білім беруді дамыту" тұжырымдамасы бекітілгенін айта отырып, педагогикалық кадрларды даярлауда туындап отырған мәселелерге тоқталып өтті.

Атап айтқанда, қазір  ағылшын, орыс тілдері, математика, информатика және химия мұғалімдерінің жетіспеушілігі ерекше байқалады. Сондай-ақ мәселені оңтайлы шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылмақ, оның аясында жыл сайын педагогикалық бағыттар бойынша қосымша кемінде 7 мың грант бөлінеді.

«Мұғалімдерді даярлаудағы сабақтастық, ашықтық, инновация, вариативтілік, практикалық бағыттылық және пәнаралық сияқты заманауи трендтерді ескеру қажет», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі.

«Осы орайда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Шет тілдері және мәдениетаралық коммуникация», «Математика. Білім беру процесін басқару», «Білім берудегі менеджмент» және басқа да пәнаралық білім беру бағдарламаларын​ атап өтуіміз керек. Бұл бағдарламалар «мета құзыреттерге және икемді дағдыларға ие педагогикалық кадрларды даярлауға мүмкіндік беріп, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады»,  - деді Қуаныш Ерғалиев.

Кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Атырау облыстық әкімдігі арасында еліміздің батыс өңіріне бөлінген мақсатты гранттарды игеру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру және аймақ үшін өзекті тұрған педагогикалық мамандарды даярлау бойынша меморандумға  қол қойылды.

Баян Жанұзақова