Жаңа тұрпатты медиа

Бүгінде түбі бір түркі дүниесі барлық салада тығыз әріптестік байланыс орнатуға мүдделі. Геосаяси жағдай ушыға түскен қазіргідей сәтте бауыр­лас елдердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етуі маңыз­ды стратегиялық қадам деуге саяды. Ал бұл байланыс саясат пен эконо­ми­­­каның аясында ғана шектеліп қалмай, мемлекет өмірінің барлық са­ла­сына серпін сыйлағаны керек.

Әсіресе, ақпарат аламанында түркі дү­ние­сіне бірлесіп шешетін мәселе жеткілікті. Жаңа медиа дәуірінде жа­рық­тың жылдамдығымен тарап, көпшіліктің санасын сан саққа жү­гіре­тетін жалған ақпаратпен күресте күш біріктіру күн тәртібінде. Түркітілдес 8 мемлекеттің БАҚ өкілдерінің басын қосқан түркі дүниесі шолушыларының симпозиумында да дәл осы мәселе жан-жақты талқыланды. 

Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен шараға Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасының журналистерімен бірге Мажарстан, Түрікменстан, Солтүстік Кипр сияқты байқаушы мемлекеттердің БАҚ өкілдері қатысты. 

Ақпарат қалай бұрмаланады?

Шара Түркия президенті әкімшілігі жанындағы Коммуникация басқарма­сының қолдауымен өтті. Жиынды аталған басқарманың бөлім басшысы Оғыз Гөксу алғысөзімен ашты. Өз сөзінде Коммуни­кация басқармасының өкілі симпозиумды түркі әлемінің ақпарат кеңістігіндегі ор­тақ мәселелерді талқылаудың, шешімін ұсыну­дың алаңы ретінде қарастыратынын атап өтті. 

– Сонымен қатар жалған ақпарат та­ра­туға қарсы күрес жүргізу мәселесіне қа­тысты ұсыныс пікірлерді ортаға сала­мыз. Бүгінде адамзат баласы медиакон­тентті тұтынушыдан оны өндірушіге айналды. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуынан біз цифрлық құпия­лылық, киберимпериализм, цифрлық диктатура, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын сақтау, цифрлық фашизм сияқты мәселелермен бетпе-бет келдік. Бұл алаңда шындықты, нақты ақпаратты қорғау – біздің басты басымдығымыз. 

Ақпараттық кеңістікте Түркияға қа­тысты жалған ақпарат жиі таралады. Әрі кейіннен олардың тең жартысы расталмай жатады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жалған ақпарат ұлттық қауіп­сіздіктің мәселесіне айналып қана қой­май, жаһандық қауіпсіздікке қауіп төн­діретінін атап өтті. Түркия үшін жалған ақпаратпен күрес – ұлттық қауіпсіздікті сақтау стратегиясының бір бөлігіне айналды, – деді О.Гөксу.

Ал мұндай сәтте түркітілдес елдерге стратегиялық коммуникация саласында бірлескен талдау жүргізу ауадай қажет. Бұл талдау жалған ақпараттың таралуының, деректерді бұрмалау мен жала жабу фак­тілеріне тосқауыл болуға мүмкіндік бермек. 

Түркия президенті әкімшілігі жанын­дағы Коммуникация басқармасының бөлім басшысы әлемдік ақпараттық кеңістіктегі негізгі қатер ретінде исламо­фобияны атап өтті. 

– 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін ақпараттық кеңістікте бұл мәселе өзекті бола түсті. 2015 жылдан бастап жыл сайын шығарылатын исламофобия туралы Еуропалық есепте «исламофобия» ұғымы мұсылмандарға гегемония орнатқысы келетіндер қолданатын нәсілшілдік түрі ретінде анықталады. Демек, бұл мәселеде Түркия ауқымды жұмыс жүргізіп жат­қанымен, оған жалғыз тойтарыс бере ал­майтыны түсінікті, – деді Оғыз Гөксу.

Бұл орайда Коммуникация бас­қар­масы Түркияның тәжірибесі негізінде халықаралық әріптестік аясында жалған ақпаратқа қарсы күресті жалғастыруды ұсынады. Мәселен, Таулы Қарабақ қақ­тығысы кезінде Түркия мен Әзербай­жанның бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, ақпарат тарату ісіне жұмылған. Нәтижесінде, әлемдік медиа жағдайды дәлме-дәл бағамдауға мүмкіндік алды.

– Біз әрбір әлеуметтік платформаны цифрлық майдан деп қарастырамыз. Сол алаңда елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі айтулы жаңа­лықтарды жеткізуге күш саламыз. Дәл қазіргі сәтте жаңа медиа елдің имиджіне әсер ететін бірден-бір тетікке айналады. Қайткен күнде де мемлекеттік тәуелсіздігі ендігі жерде оның ақпараттық кеңістігінде цифрлық бостандық арқылы танылады. Бұл орайда Түркияның қорғаныс өнер­кәсібі сияқты ақпараттандыру саласында да импортқа тәуелділікті төмендетіп, ондағы төл өнімдеріміздің үлесін 70-80 пайызға көтеруіміз қажет, – деді Ком­муникация басқармасының өкілі.

Жиында сонымен қатар әлеуметтік желілерде тарайтын фейк ақпараттың қауіптілігі де сөз болды. Бұл орайда әлеу­меттік желіде жалған ақпарат тарату­шыларды заң аясында жауапкершілікке тартатын елдердің тәжірибесіне назар аударылды. Ал Түркияның өзі 2020 жыл­дан бастап 1 миллионнан астам қол­данушысы бар әлеуметтік медианың елде арнаулы өкілін тағайындауды талап ете бастады. Мамандар бұл талаптың қазірдің өзінде әлеуметтік желі қолданушылары­ның құқығын қорғауға ықпал еткенін ай­­тып отыр. Яғни, адамның жеке шека­расына қол сұғатын ақпараттар желіден алынады. Ал оны таратқандар заң алдында жауап береді. 

– Жалған ақпараттың жылдам таралуы расында адамдарға дәл, шынайы және ең қажетті деректерді жеткізуге кедергі бо­лып отыр. Мәселен, жыл басындағы Кахраманмараш өлкесіндегі жер сілкінісі кезінде жақын маңдағы су қоймасының қирап, сел қаупі төнгені туралы ақпарат тарады. Осы ақпаратқа сенгендер уа­қытша паналау орындарын тастап қашты. Бұл оқиға іздеу-құтқару жұмыстарына да кедергі келтірді. Құтқарушылар да жұ­мысты тоқтатып, қаладан шықты. Әрине, олар аз уақыттан кейін өздерінің негізгі жұмысына кірісті. Бірақ осы аралықта олар үйінді астында қалған қаншама адамды құтқарып үлгеретін еді, – дейді О.Гөксу.

«Жұмсақ» күштің құдіреті

Ақпарат кеңістігіндегі ұлттық өнім­дердің үлесін арттыруда мамандар түрік телесериалдар индустриясының даму қарқынына тоқталды. Түрік тілі мен мәдениетін, тарихын насихаттаудың «жұм­сақ» күші саналатын түрік сериал­дары қазір әлемнің 156 елінде көрсетіліп, 700 миллион көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Кино индустриясы елге 500 миллион доллардан астам пайда әкелген. Юнус Эмре институты түрік сериалдары көрсетілетін елдерде түрік тілін үйретуге кіріскен. Бұл институттың қызметіне түрік халқының өмір сүру салтына қызыққандар да жиі жүгінеді екен. Танымал телесериалдар түсірілген орындарды көру үшін Түркияға турист көп келеді. 

Симпозиумның келесі бөлігі тал­қылау­ға ұласып, оған симпозиум қатысу­шылары үн қосты. Өзбекстан делега­циясының өкілі Аброр Гулямов өзбек медиасындағы жалған ақпаратпен күрес­тің тәсілдерін тілге тиек етті. Ал Әзер­бай­жан журналисі Юнус Оғыз Таулы Қара­бақтағы оқиғаны ақпараттандыру тә­жірибесімен бөлісті. 

– Таулы Қарабақ оқиғасы кезінде түрік әріптестерімізбен бірлесіп оқиға орнынан тікелей эфирге шығып, нақты ақпарат таратуға тырыстық. Сол кезде бір байқағанымыз, жеңіс үшін әскери әлеует пен экономика, қару-жарақтан бөлек тұрақты ішкі саясат та керек екені аң­ғарылды. Ал оны қалыптастаруда медиа­ның ықпалы зор, – деді Юнус Оғыз. 

Солтүстік Кипрден келген Сабахаттин Сагироғлу Түркі дүниесінің ынтымақ-бірлігін арттыруда Еуропалық ұйымды үлгі етуге шақырды. Сондай-ақ ол ұйымға ортақ тіл ретінде түрік тілін қарастыруға болатынын атап өтті.

– Қайткен күнде де біздің ұйымға ортақ әліпби, жазу, сөйлеу тілі керек. Түрік тілі ортақ тіліміз болғаны жөн. Ортақ тарих оқулығын шығарғанымыз жөн. Бұған ешқандай кедергі жоқ сияқты, – деді ол. 

Бақылаудың да өз шегі бар 

Түркиядағы ең ірі «Анадолу» ақпарат агенттінің редактор-координаторы Яхья Бостон «Жаңа ғасырдағы медиа» тақы­рыбында баяндама жасады. 

– Жаңа 100 жылдықтағы медиа бұл – қызықты тақырып. Мен журналис­ти­­кадағы еңбек жолымды 1995 жылы бас­тадым. Осыдан 28 жыл бұрынғы жур­налистикамен қазіргі журналистиканы салыстыруға келмейді. Бұрын бұқаралық ақпарат құралдарын «төртінші күш» деп атайтын. Қазір бұл тенденция жойылып, медиа түрлі сипатқа ие болды. Тіпті, әлеу­меттік желінің қоғамдық көзқарасқа ық­пал ететінін байқап отырмыз. Шынайы ақпарат бұрмаланатын жағдайға жеттік, – дейді Яхья Бостон. 

Сонымен бірге ол әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушыларының табы­сына назар аударуға шақырды. Оның пікірінше, мұның заңды тетігі жоқ. Яғни, нарық бақыланбайды. Бұл фактор жаңа медиадағы ақпараттың бұрмалаудың бірден-бір себебі.

– Қазір қолында смартфоны бар кез келген адам журналист бола алады. Осы­дан барып корреспондент қызметінің маңыздылығы жоғалды. Есесіне ақ­па­раттық қауіпсіздік пен сөз бостандығы өзекті бола түсті. Әрине, жалған ақпарат таратуда Үкіметтің әлеуметтік желіні рет­тегені керек. Бірақ ақпараттық қауіп­сіздікті қорғау деп жүріп, азаматтардың сөз бостандығын шектеуге болмайды, – дейді Яхья Бостон.  

Өз сөзінде спикер ақпараттық қауіп­сіздікті реттеудегі әлемдік тәжірибеге тоқталып, түрік медиасында таралатын мәліметтерді жоққа шығарудағы, шы­найылығына көз жеткізудегі «Анадолу» агенттігінің жұмыс тәртібін мысал етті. Сондай-ақ ол бұл істе жасанды интеллекті пайдалану мәселесін бірлесе ойластыру қажеттігіне тоқталды.

– Жасанды интеллект мақала жазып шықты. Демек, оның журналистикадағы рөлін айқындайтын кез жетті. Жасанды интеллект мақалаға деректі цифрлық ме­диадан алады. Ал журналист мақала жазуда қарапайым адамдармен пікір­леседі.

Жаңа медиада икемді ақпарат тарату құбылысы байқалады. Мәселен, АҚШ, Франция тәжірибесінде ақпараттың сайлауға ықпалы байқалады. Мұның бәрі әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру ісін жүргізетіндердің әрекетіндегі ашық­тық жоғын көрсетеді. Әсіресе, қар­жыландыру көзін ашық көрсетілмей, тұтынушыға жеткізілетін ақпараттың шынайылығына күмәндануға болады. Шетелдік қорлардан қаржыландыратын медиалар да қаржыландыру көзін көрсетуі қажет. Осының бәрінің шешімі ретінде түркі мемлекеттеріне ортақ YouTube, Facebook деңгейіндегі платформа жа­сақтауымыз керек, – деді Я.Бостон. 

Жастардың аудиториясы да ескерусіз қалмайды

Өзбекстаннан келген медианарықты зерттеуші ғалым Умид Жакыпов адамзат баласының қазіргі ақпарат алу тәсілдеріне тоқталып, кеңістікте әлеуметтік желіні пайдаланушылардың саны артып бара жатқанын айтты.

– Жүргізілген зерттеу жұмыстары­ның нәтижесіне көз жүгіртсек. Бүгінде адам­дар тәуліктің 6 сағатын смартфонның немесе ноутбук, компьютердің экранына үңілумен өткізеді екен. Олардың 90 пайызы осы уақыт аралығында әлеуметтік желіні ақтарып шығады. Біздегі халықтың 43 пайызы күндізгі уақытта интернетке кіретіні анықталды. Ал цифрлық тех­нологияның даму қарқыны көш ілгері Жапония тұрғындарының 21 пайызы ғана интернетке күндіз кіреді. Теледидар көретіндер де азайып келеді. Бұл зерттеу 16-64 жас аралығындағы отандаста­рымызға сұрау арқылы жүргізілді. Ал 14-16 жастағы жасөспірімдердің ақпарат­ты қайдан алатыны, олардың дәстүрлі медиаөнімдерін тұтыну үдерісі зерттел­меген,– деді өзбек ғалым.

Солтүстік Кипр журналисі Аттила Ковач өзбек ғалымның ойын жалғасты­рып, медианың альфа ұрпақпен тіл та­бысу заман талабы екеніне назар ау­дарды. Ал Қырғыз Республикасының bulak.kg сайтының бас редакторы Се­метей Аман­беков медианарықты ауди­тория­ның сұра­нысына сай бейімдеу қажет деп санайды. 

– Табиғи процеске қарсы келмеуіміз керек. Аудиторияның ыңғайына қарай жүргеніміз жөн. Визуальды өнімге сұра­ныс жоғары болса, демек бұл халықтың талабы. Осыны ескеріп, түркі дүниесіне ортақ тарихты, құндылықтарды насихат­тайтын анимациялық туындылар жасауы­мыз керек. Ең бастысы, бұл іске блогер­лерді де көптеп тартсақ ұтарымыз көп болмақ, – дейді С.Аманбеков. 

Симпозиумды жаңа ғасырдағы энер­гетикалық ынтымақтастық тақыры­бында өткен панелдік сессия қорытын­дылады. 

Шынболат КҮЗЕКБАЙ,

Астана–Ыстанбұл–Астана