Науан хазіретті ұлықтай алдық па?

Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, Көкшетау мешітінің алғашқы бас имамы болған Науан хазірет Таласұлының өмір жолы мен рухани ағартушылық қызметі жайлы Ақан батырдан тарайтын аталас бауыры, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Шарапұлы Әлиевті әңгімеге тартқан едік.

Көкше жеріндегі ұлық қайраткер

– Науан хазіреттің өмірі мен ағартушы­лық қызметін елімізге танымал көптеген ғалымдардың зерттегенін білеміз. Осы зерт­теулердің басты-бастыларына тоқталсаңыз?

– Хазіреттің шын аты Наурызбай екені баршаға аян. 2009 жылы шыққан «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (11 том, 498 бет) «Науан» сөзі парсы тілінен аударғанда биік, үлкен, ноян деген мағына береді екен. Мысалы, мына бір өлеңде былай айтылады: «Құрыш құс ұшты заулап ауаны есіп, Алдымнан ашылды бір науан есік». Жаңағы сөздіктің 15 томы, 144 бетінде «хазірет» сөзінің мағынасы араб тілінен аударғанда ұлы мәртебелі, мырза, тақсыр деп жазылған. Ислам энциклопедиясында жазылғанын­дай, хазірет атағы лауазым иесінің дін қағидаларына жүйрік, ғұлама адам екен­ді­гін аңғартады. Тарихта біз Хазірет Әубәкір, Хазірет Әли, Хазірет Сұл­тан, тағы басқа да ислам дінінің ғұлама­ларын білеміз. Ендеше, хазірет деген атау­дан көңілге тү­йетініміз – Науан Талас­ұлының құр­метке лайықты білікті тұлға болғандығы. 

Енді туған жылына келейік. Мысалы, Кеңес үкіметі тұсындағы ғалым, имам Сәдуақас Ғылмани өзінің «Заманымызда болған ғұламалар, ғұмыр тарихтары» кітабында Науан хазіретті 1844 жылы туған десе, ғалымдар Қадыржан Әбуев, Әшірбек Муминов 1843 жылы туды деп жазады. Ал Ақан сері болса, туған бажасы Науан ха­зіретті аға тұтып, құрметтеп өтті. Нау­қас­танып жатқанда көңілін сұрап келген Науанға арнап, Ақан табан аузында бы­лайша өлең шығарады.

– Ассалаумағалейкум, Науан аға,

Үй-іші аман болар, бала-шаға.

Көрген соң дидарымды көңілім сергіп,

Қалдым ғой шыққандай бір сахараға.

Ал Науан хазіреттің 1916 жылы 73 жасында қайтыс болғанын ескерсек, оның 1843 жылы туғандығына ешкім де күмән келтірмес болар.

– Науан хазіреттің шыққан тегі, отба­сы жайлы ғалымдар әртүрлі пікір айтып жүр. Бұл орайда сіз не айтар едіңіз?

– Айналасын жасыл-желек көмкерген Баратай және Ақан ауылдары басынан бақ таймаған, дәулеті шалқып, жауына дес бермеген Ақан батырдан тарайтын Шұң­ғырша әулетінің атамекені. Бұл жерде үш атаның балалары: Шұғыл, Жарасқұл, Сүйіншәлі ұрпақтары қоныстанған. Жа­рықтық Ақан атамыз қол бастаған батыр ғана емес, өз дәуірінде атақ-даңқы алысқа тараған айтулы аңшы, ғажап саятшы да болса керек. Жасанған жаудан беті қайтып көрмеген қайсар да өжет ұлы бабам 105 жасқа келіп, өмірден озды. Оның есімімен аталатын ауыл, жер-су, тау атаулары Көк­ше өңірінде жиі кездеседі.

Ел басына күн туған жаугершілік заманда елдің қорғаны, қалқаны болған батырлар түн баласы кірпік ілмейді екен. Ақан батыр да қасына он шақты нөкерін ертіп, ауылдан 2-3 шақырым жердегі көлді жайласа керек. Ал Ақмола облысының Сандықтау және Атбасар аудандарының шектесетін тұсындағы кең жазық, шөбі шүйгін Ащылы Жекебаяқ жұртын Ақан батыр қалмақтардан тартып әперіпті. Нулы, орманды бұл жер Шұңғырша әуле­тінің жазғы жайлауы болған. Ақын інім Құдайберлі Мырзабек «Ащылы Жекебаяқ» кітабында былайша тебіренеді.

Ащылы – Жекебаяқ жайлаған жер,

Шытырлатып құлынды байлаған жер.

Баласы Шұңғыршаның ат шаптырып,

Қуалап көбелегін ойнаған жер.

 

Толғатып самал соқса Ақан таудан,

Кеудемді жыр кернейді мақамдалған.

Жабырқап жатыр ма екен мені күтіп,

Ащылы Жекебаяқ атам қонған.

Көкшелік ғалым Қадыржан Қабиден­ұлы Әбуев өз кітабында: «...Әкесі Талас ауқатты, ағайын арасында беделді кісі болған», – десе, Әлихан Бөкейханов «Кир­гизы» атты еңбегінде: «Науан будучи сы­ном бедного казаха он поехал в Бухару, как некогда Ломоносов в Москву», – деп кедей отбасынан шыққанын айтады. Ақан батыр­дың Құттыболат тармағынан тарай­тын На­уанның қарапайым отбасынан шыққан­дығы шындық. Ол жастайынан зейінді, алғыр болғандықтан менің ұлы бабаларым өз бауырларына басып, қам­қорлықтарын аямады. Сөйтіп, ол алғашқы білімді Көк­шетау өңірінде он жеті мешіт салдырған Жыл­келді молдадан алады. Кейін өз дәуі­рінде сөзі де өтімді, дәулеті шалқыған Рүс­тембай атамның қолдауымен Қызылжар қаласындағы медреседе төрт жылдай оқып, білім жетілдіру мақсатында Бұқараға ба­рады. Ғалымдардың зерттеу­леріне қара­ған­да, мұндағы медреселерде өзбектер, тә­жік­тер, қазақтар, татарлар, қарақалпақтар, ұйғырлар көбірек білім алыпты.

– Науан Таласұлының білім саласын­дағы алғашқы қадамдары қандай болды?

– Бұқара қаласындағы оқу орындары­ның ішінде «Мир и Араб» және «Көкілташ» медреселері сонау ХVІ ғасырда тұрғы­зы­лыпты. Қазіргі таңда олар тарихи ескерт­кіштер ретінде ЮНЕСКО қорғауында. Ал, Науан Таласұлы болса 300-ге жуық шә­кіртпен бірге «Көкілташ» медресесіне оқуға түседі. Мұнда араб тілін, фихһты, логиканы, арифметиканы, араб және түрік каллиграфиясын оқиды. Оқу мерзімі 10-20 жылға жалғасады. Бірақ емтихан тапсыр­майды. «Көкілташ» медресесінде он бес жылдай оқып, дарынды қабілетімен көзге түскендіктен ұстаздары оны Бағдат ша­һа­рына аттандырады. Мұсылман халқының білім ордасы саналатын бұл қалада 3-4 жыл оқып, Бұқараға қайта оралған уақытта медресе басқармасы Науанды ұстаз етіп тағайындайды. Осы жаңалықты естіген көкшелік зиялылар Бұқараға арнайы делегация жіберіп, елге оралуын сұрайды.

Осылайша, жасы қырықтан асқанда Көкшетау мешітіне бас имам болған шақта патша үкіметі қазақ жеріне шоқындыру саясатын енгізе бастайды. Сондай-ақ 1870 жылғы 26 наурызда қабылданған заңға сәйкес қазақ жерінде мектеп-медресе­лердің ашылуына тыйым салынады. Ал медреселер мұсылмандардың қаражаты­нан жалақы төленетін, орыс тілінен сабақ беретін мұғалімі бар мектептерде ғана ашылды. Бұл да өз кезегінде қазақтарды шоқындырудың айла-тәсілі болатын. Науан Таласұлы Атығай, Қарауыл, Керей, Уақтың басы қосылған үлкен бір аста көрші елдің жүргізіп отырған жөнсіз саясатын әшкерелеп, оған дер уақытында қарсылық білдірмесек, мысқалдап енген дерт сияқты түбінде батпандап шығатынын айтады. Сосын шоқынған қазақ балала­рының мойындарындағы крестерін сы­пырып алып, Қылшақты өзеніне ағызып жіберген.

Патша үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған масқарашылдық қастан­дықтары жайлы ол түркі еліне ашық хат жазып, мұсылман балаларын еріксіз шо­қындыруын батыл айыптайды. Сөйтіп, саяси шу шығып, Ресейдің басы дауға ілінеді. Осыдан кейін Науан хазіретке қар­сы өшпенділік өрши түседі. Жалпы, ел бірлігін мұрат еткен Науан хазіреттен асыл сөздер де көп қалған ғой. Ол қайтар ал­дын­да былай деп айтса керек: «Мен өмір­ден өткенде жыламаңдар, ертең елдегі имандылықтың ұйытқысы молдалар қуда­ла­натын заман туады. Менің сол кер за­манды көрмей кеткеніме қуаныңдар».

– Патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы шыққаны үшін Науан хазірет Сібірге жер аударылды. Оны қа­маудан босатуға кімдер ықпал етті?

– Науан Таласұлы алты жылға Иркут­с­кіге жер аударылғанымен көп қиындық көрген жоқ. Отбасымен бірге күтушілері де болған. Жылда қыркүйек айы туа Шұң­ғыршаның қырық жігіті атақты жерлес­терінің хал-жағдайын білу мақсатында сапарға аттанады екен. Қазақ зиялылары, олардың ішінде Алаштың арда ұлдары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан­ұлы, Мәмбетәлі Сердалин, Шәймерден Қос­шығұлов, Айдархан Тұрлыбаевпен бірге Жанбатыр және Бабаназар қажы­лардың көп еңбек сіңіргені та­рихтан бел­гілі. Олар Петерборға барып, патша ағ­зам­ға хат тап­сырады. Бұл жөнінде жазушы Сар­бас Ақтаев өзінің «Науан хазірет» де­ген зерттеу еңбе­гінде айрықша жазған.

1903 жылдың 9 қарашасы күні Дала Генерал-губерна­торының кеңсесінде тір­кел­ген мына бір анық­тама Омбы мем­лекеттік ар­хи­вінен та­был­ды. Бұл құ­жат мына жағ­дайды баяндайды: «Ақмола облысының әскери губернаторы жанындағы аса маңызды істер жөніндегі ше­неунігі Яхонтовтың түсінік­темесі бойынша мұсылман үгіті жөніндегі істің меңге­рушісі ге­нерал-ма­йор Романов жер­гілікті әкімшіліктің өкімімен жабылған медресені ашу және Сібірге жер аударылған молда Таласовтың басына азаттық беру жөніндегі қырғыздар Бабаназар Жаңабатырұлы, Әбутәліп Бакизин және басқалардың өті­ніштерін аса мәртебелі сіздің құзырыңызға жеткі­земін». Дала Генерал-губернаторы кеңсесі меңгерушісінің және аға іс жүр­гізушінің қолдары бар бұл құжат Бабаназар қа­жының ұрпағы жазушы, сенаторлар ке­ңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің архивінде сақтаулы екен.

Міне, Науан хазіреттің ісін бұзғызамын деп Санкт-Петербургқа барып, сол са­парында орыс патшасынан сыйлыққа оқалы шапан, алтын сағат алып қайтан Бабаназардың осы бір әрекеті жаңадан орнаған кеңес үкіметіне жақпайды. Сон­дықтан да ол бір түнде «Себкрайға», Сібірге бар әулетімен үдере көшіп, жан сақтауға мәжбүр болған екен.

– Науан хазірет ақталыпты, Жанбатыр мен Бабаназар істі бұзғызыпты, – деген әңгімені ел естіп, бүкіл Атығай – Қарауыл әулеті дуан орталығы – Көкшетауға күні бұрын жиналып, алысқа сапар шегіп кеткен қадірлілерін тілектестікпен қарсы алған топтың алдында Шерияздан қажы:

Жанбатыр, Бабаназар екі жүйрік,

Суарған суат көлден екі сүйрік.

Алланың берген бұл да бағы шығар,

Көтердің ісләм дінін екі жүйрік, – деп құттықтап, өлеңмен қарсы алған екен. 

– Сіздің ойыңызша, Науан хазіреттің өмірі мен ағартушылық қызметі толық зерттелді ме? Алдағы ойларыңыз қандай?

– Зерттеу жұмыстары ғалымдардың құзырындағы, тарихтың еншісіндегі ша­руалар болғанымен, ұрпақтары біздер де қол қусырып отырған жоқпыз. Науан ха­зірет Бұқарадан елге оралысымен Көк­шетау мешітіне бас имам болып сайланып, медресе ашады. Онда діни сабақтан басқа математика, география, қазақ тілі мен орыс тілі оқытылады. Хазіреттің медре­сесі, қо­нақ және жататын үйлері Абай және Ке­несары көшелерінің қиылысында әлі тұр.

Науан хазірет Таласұлының рухани ағартушылық қызметін зерттеу онан әрі жалғасады. Мәселен, Бағдатта қай жылда­ры болып, нақтылы қайда оқығаны, На­уанды елге қайтып келуге шақыруға барғандар кімдер? Бұл сауалға жауап беру үшін, әрине, Бағдат, Бұқара архивтеріне зер салу керек. Сонымен бірге, Науанның жәдидтік әлде кадимдік оқытуды ұстан­ғандығына байланысты кесімді көзқарас жоқ. Шын мәніне келгенде ол қадим мек­тебінен тәлім алған.

Кеңес үкіметі уақытында Науан хазі­рет­тің тұлғалық бейнесін әдебиетте, дра­матургияда жағымсыз кейіпте көрсетуге әрекет жасалғанын білеміз. Ол көбінесе-көп аса қатыгез, шәкірттеріне дөрекі, бас­шылыққа бағынбайтын адам ретіндегі жағымсыз қылықтарымен сипатталған. Осыған орай Сейітқали Шылымов ақсақал пьесаның дұрыс жазылмағанына ша­ғымданып, Қазақ ССР Жоғарғы Советіне арыз жазады. Осыдан кейін пьеса авторы Ғабит Мүсірепов режиссер Жақып Ома­ровпен бірге 5-6 шәкіртін шақыртып, драманы өзгерту жөнінде өтініш жасапты. Сөйтіп, «Ақан сері» пьесасы өзгертіліп, қайта жазылды.

Науан хазіреттің тұлғалық келбетін ақ­тап шығаруға үлес қосқан ғалымдардың арасында профессор Қадыржан Әбуевті ерекше атап айтуға болады. Ол 2000-ші жылдары Науан хазірет туралы бірнеше мақала жариялаған. Оның «Науан хазірет» атты кітабымен қатар 2010 жылы Өмірзақ Озғанбайдың «Рух күрескері» және Сарбас Ақтаевтың 1999 жылы жазған «Ханзаданың қасіреті» атты кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптардың авторлары Науан хазіреттің шынайы келбетін бейнелеп, өмір жолын нақты құжаттармен дәйектеуге тырысқан.

Науан хазіреттің сүйегі Қопа көлінің шығысына қарай көне зиратта жерленген. 2000 жылы зираттың кіреберісінде жаңа­дан құлпытас орнатылды. Құлпытастағы эпиграфикалық жазба барынша шынайы мәлімет береді. Онда Науан хазіреттің туған және қайтыс болған жылын, атқар­ған қызметін, тұлғалық артықшылығын анықтауға болады. Қазіргі кезге дейін қазақстандық және әлемдік ғылымда осы құлпытастағы эпитафияға қатысты ғы­лыми еңбектің жарық көрмегендігін, дә­йекті зерттеу жүргізудің қажеттігін еске салғым келеді.

Науан Таласұлы өмірден өткен соң Көкшетау мешітіне бас имам болып үлкен ұлы Қалымтай сайланды. Ағамыздың Аққу есімді келіншегі болды. «Өз басым қазақта мұндай сұлу, мінсіз әйелді бұрын-соңды көрмегем», – деп әкем Шарап жиі-жиі айтып отырушы еді. 1929 жылғы конфис­кацияға іліккен Қалымтай мен Аққу Бухтарма, Чуйский орман шаруашылығына жер аударылып, сол жерде қайтыс болды. Ал, Науанның кіші ұлы Қазезтай соғыс кезінде қойма меңгерушісі, бертіндері Петропавл маңындағы теміржолда жол­серік болып істеді. Көкшетауға жақындап, №15 разъезде де тұрды. Оған топырақ Ақан ауылының зиратынан бұйырды. Тоқпай жеңгей Көкшетауға көшіп келіп, Шанхай мөлтек ауданына қоныстанды. Жауын болса, үйінің еденін су басып кететін. Әйтеуір, көптеп көмектесіп, екі бөлмелі пәтер әпердік.

Көкшетаулық мұсылман жамағат Науан хазіреттің өсиеттеріне адалдық танытудан еш танған емес. Жүз елу мың­дай тұрғыны бар облыс орталығының ай­мағында алты мешіт жұмыс істейді. Ша­һардың қақ ортасындағы аумағы 5137,57 шаршы метр еңселі мешіт Науан Таласұлының есімімен аталады. Архитек­туралық сәтті шешімі және әсем безендірі­луімен ерекше көз тартатын имандылық сарайы жерлестеріміздің жеке қаражатына салынғанын айрықша атап өткім келеді. 

Мешіт имамдары діни ағартушылық қызметке қоса, қайырымдылық шаралар­мен де белсене айналысып жүр. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде тұрмыстары жұтаңдау он бес шақты отбасыға пәтер сатып әперді. Ал коронавирус індеті ке­зінде он мыңдай адамға материалдық көмек көрсетілді. 2018 жылы қажылыққа барып, мұсылмандық парызымды өтеп келген соң, ағайындармен ақылдаса келе, Баратай ауылында мешіт салуды ұйғар­дық. Игілікті бұл шаруаны меценат жігіт Әуезхан абыроймен атқарып шықты. Ауыл адамдары да қарап қалмай, қаржылай көмек жасады. Иә, Науан хазірет мешітіне жұма намазына барған сайын Аллаға шүкіршілік етіп, бабамның аруағы хал­қымды қолдап, қорғап жүрсе екен деп ишарат етемін.

Кенесары ханның 280 жылдығы мен Науан хазіреттің 180 жылдығына арналған конференциялар бойынша «Хан көрген, Хазірет көрген Көкшетау» кітабы жарыққа шығатын болды. Осы орайда Науан баба­мыз жайлы аңыз-әңгімелерді жинастырып, ұрпақтарының тағдырына да көңіл бөлу керек сияқты. Облыс орталығында жа­қында ашылған «Алаш арыстары» паркінде қуғын-сүргін құрбандары Зарап Темір­беков, Шәймерден Қосшығұлов, Сәдуақас Ғылмани және басқа да қайраткерлермен бірге Науан бабамызға да музей ашу, кезінде өзі тұрған үйді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құдай қаласа, 2024 жылы Көкшетау қаласының іргетасы қаланғанына 200 жыл толуына орай біраз шаруаның басы қа­йырылар деген үміттеміз. Ұлы тұлға, көрнекті дін қайраткерінің аталас бауыры болғандықтан бар күш-жігерімді, білімімді осы игілікті іске жұмсауды перзенттік парыз санаймын.

Сұхбаттасқан 

Балталы СӘРСЕНБАЕВ

Суретте: Көкшенің қазыналы қариясы Шияп қажы Әлиев; Көкшетау қаласындағы Науан хазірет мешіті.