3 жыл 1 ай және 24 күнге созылған COVID-19 пандемиясыны аяқталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясының аяқталғанын жариялады

ДДСҰ басшысы Тедрос Адан Гебрейесус әлемдегі COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимінің аяқталғанын ресми түрде мәлімдеді. 

"Кеше Төтенше жағдайлар комитеті өзінің 15-ші кездесуін өткізді және маған халықаралық алаңдаушылық туғызатын денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайдың аяқталғанын жариялауды ұсынды. Бұл ұсыныспен келістім",  деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Женевадағы брифинг барысында.

Тедрос Гебрейесус пандемия кезінде ДДСҰ-ның бағалауы бойынша коронавирустан 20 миллион адам қайтыс болғанын жеткізді. 

Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз есебін жариялады. Қазақстанда 2020 жылғы 13 наурыз бен 2023 жылғы 5 мамыр аралығында коронавирус инфекциясының 1 411 883 жағдайы тіркелді. Пандемия 13 848 қазақстандықтың өмірін қиды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда пандемия жарияланған алғашқы күннен бастап ведомствоаралық комиссия құрылды. Онда 2 мыңнан астам жедел және ұтымды шешімдер қабылданды.

Пандемия басталғаннан бері Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалалары әкімдіктерінің жанынан республикалық және жедел штабтар құрылды, олар күн сайын коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі медициналық ұйымдардың жұмысын үйлестірді.

Уақытылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Пандемия кезінде үйде медициналық көмек көрсететін 3 054 көшпелі мобильдік бригаданың жұмысы басталды.

Психоэмоционалдық жүктемені, қауіптерді ескере отырып, медицина кадрларын әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мақсатында медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу бойынша шаралар қабылданды. Пандемияның барлық кезеңінде  57 мың медицина қызметкері шамамен 285 млрд теңге көлемінде түрлі ковидтік төлемдер алды.

фото:www.iaea.org