Гран-при иеленген кішкентай таланттар осылайша маусым айында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтетін халықаралық фестивальде өнер көрсетеді.
Атыраулық ​кішкентай бишілер ​Өзбекстанда өтетін халықаралық фестивальге ​жолдама ұтып алды
1,776
оқылды

Атыраудағы Абай атындағы оқушылар сарайының «Еркетай» би тобы Алматы қаласында өткен «Жеті ​ өнер» республикалық ​Art-фестивалінде өнер көрсетіп, бас жүлдені ұтып алды.

«Аралас» категориясында ​ шығыстың «Аладдин» ертегісі желісінде қойылған қойылымдық биді сәтті орындап, гран-при иеленген кішкентай таланттар осылайша маусым айында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтетін халықаралық фестивальде Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау, Абай, Қызылорда, Петропавл, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан ​облыстары бойынша  80-ге жуық бишілер командасы қатысқан конкурста 87 би нөмірі көрсетілген.

Жаннат Балатуева – Атыраудағы Абай атындағы оқушылар сарайының хореографы. ​ 8-10 жас аралығындағы 16 бүлдіршіннен тұратын «Еркетай» би тобын «Аладдин» қойылымдық биімен дайындап апарған хореограф конкурстың жоғары деңгейде өткенін айтады.

«Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен мықты деген командалар жиналды. Біздің «Еркетай» тобы конкурсқа екі номинация бойынша екі би дайындап апарды. Бірі – «Аладдин», екіншісі – «Көңілді динозаврлар» биі. Шығыстың​ Аладдин ертегісі желісінде дайындалған театрландырылған қойылымдық биіміз әділқазылардың да, көрерменнің де көңілінен шықты. Енді ​ Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін халықаралық хореографиялық конкурсқа барамыз. Бұл  – талантты қыздарымның еңбегі. Себебі  бұл жолдаманы ұтып алу үшін  «Еркетай» би тобы бірнеше деңгейден тұратын конкурстың іріктеу кезеңдерінде де сәтті өнер көрсеткен болатын»,  – дейді хореограф Жаннат Балатуева.

Баян Жанұзақова