Салық кодексі әзірленіп жатыр.
Әлихан Смайылов: Үкімет бизнестің дамуына жол ашып отырғанына сендіргім келеді
1,409
оқылды

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың орта бизнес өкілдерімен өткізген кездесуінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелер қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.  

Жиынға Астана, Алматы және Шымкент қалаларының кәсіпкерлері, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ министрлер, қала әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және мемлекеттік қолдауға жауапты квазимемлекеттік сектор басшылары қатысты. 

Наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы елімізге экономиканы дамыту жолында өздеріне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін атап өтті. 

«Орта бизнестен зор үміт күтіп отырмыз. Ол бәсекеге қабілетті өнім шығаратын және кең ауқымды қызмет көрсететін өңдеуші сектордың қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов. 

Кездесу барысында қатысушылар қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнім көлемін ұлғайту, импортты алмастыру және жаңа өндіріс орындарын дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сертификаттау, индустриялық аймақтар мен индустриялық парктерді дамыту, инновацияларды енгізу, экспорт, жұмыс орындарын құру, кадр даярлау және тағы басқа мәселелерді талқылады. 

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзекті мәселелерге тоқталды.

Премьер-министр мемлекеттік органдарға бизнес қауымдастығымен бірге көтерілген барлық мәселелердің шешімін пысықтау үшін тапсырма берілетінін айтты. 

Ол әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, орта бизнес үнемі өзгеріп отыратын нарықтық жағдайларға тез бейімделетінін атап өтті. Бұл оны өз кезегінде экономикалық дамудың аса маңызды бағдарына айналдырады. Сол себепті дамыған елдер шағын кәсіпорындарды әлемдік нарықтағы позициясын кеңейтіп, нығайтуға белсенді түрде ынталандырып отырады. 

«Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Samsung, Toyota немесе Hyundai сияқты компаниялар шағын және орта бизнес ретінде өз жолын бастаған, ал бүгін оларды табысты әлемдік көшбасшылар ретінде білеміз. Өз кезегінде Үкімет бизнестің дамуына қажетті барлық шараларды қабылдап жатқанына сендіргім келеді», – деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы жүктемені азайтып, салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын айтты.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтарын одан әрі қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізіліп жатыр. Оның аясында бизнеске қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталады және мемлекеттік бақылаудың барлық бағыты бойынша рәсімдер автоматтандырылады. 

«Бұл жаңа жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адами факторсыз, тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері негізінде барлық тексеру кестелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тексерулер санын азайтып, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады», – деді Премьер-министр. 

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, мемлекеттік ресурстар мен инфрақұрылымға қолжетімділікті жеңілдету мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа моделі әзірленгенін айтты. Жергілікті деңгейде жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым және әкімдіктердің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша да қолдау көрсету жалғаса береді.

«Негізгі капиталға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша әкімдіктерге қойылған нақты KPI бар. Бұл ретте ШОБ субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке берілді, сол себепті әкімдіктер жеке секторды кеңейтуге мүдделі. Үкімет әрқашан бизнеспен диалогқа ашық екенін және оның дамуына ықпал ететін жобаларға қолдау көрсетуге дайын», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Кеше "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы жемқорлық үшін ұсталып, қамауға алынды.