Елордада Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдас­тыруымен шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Кезекті рет өтіп отырған жәрмеңке жұмыссыз тұрғындарға, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған, сондай-ақ алимент бойынша қарызы бар адамдарға арналды.
Ерінбегеннің екі қолына бір күрек
495
оқылды

Біздің қоғамда сотталған адамдардың сіңісіп кетуі қиын. Сондықтан да болар, олар да көбінесе өздерін қоғамнан оқшау ұстайды. Өкінішке қарай, қоғамның осы бір теріс көзқарасынан кейін екі қолға бір күрек таппай қайта қылмыс жасайтындар бар. Сотталып шыққан адамдарды жұмыспен қамту жүйелі жүзеге асса, елдегі түрме халқының санын азайтуға да септігін тигізер еді.  Сондықтан соңғы жылдары қалалық әкімдік пен жергілікті құқық қорғау органдары сотталып шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға жіті көңіл бөліп келеді. Халықты жұмыспен қамту орталығы Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бөлімінің басшысы Бақыт Ракишеваның сөзінше, бұл жолғы жәрмеңкеге 8 мекеме қатысып, 127 бос жұмыс орындары ұсынылып отыр. Оның ішінде «СМЭУ Астана», «Компания по управлению гостиничным бизнесом «Солакс», «Мадалиев Ф.И», «Издательство Фолиант Астана», «Вита Сервис», «Базис Астана» ЖШС,  «Қазпошта» АҚ-ның «Астана почтамты» Астана филиалы, «Мебельщик» ЖК бар. Жұмыс берушілер ұсынып отырған бос жұмыс орындары автокөлік жолдарын салу, құрылыс, ақпарат және байланыс, сауда, ет және құс еті өнімдерін өндіру секілді маман тапшы салаларды қамтиды. Ал жәрмеңкеге 24 алимент бойынша қарызы барлар, 21 бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар қатысты.

Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында байланыс орнатып, мамандық дайындау мәселелерін еңбек нарығындағы жұмыс күшінің қажеттілігіне сәйкес ұйымдастыруды мақсат еткен шараға келген «СМЭУ» Астана» ЖШС-ы маманы Ирина Алексеевна: «Біздің мамандандырылған монтаждау-пайдалану мекемесіне маман тапшы. Қазір бізге жүргізушілер мен электриктер аса қажет. Сондай-ақ машинамен жұмыс істей алатын инже­нерлерге де жұмыс көп», – дейді. Оның айтуынша, жұмысшылардың жалақысы тұрақты әрі әлеуметтік пакет те қарастырылған. Бүгін де мекеме ұсынып отыр­ған жалақы мөлшері жұмыс іздеушілердің көңілінен шығып отыр. Мәселен, көлік жүргізу­шілерінің ай сайынғы жалақысы 320 мыңға дейін. Сондай-ақ  ол «Колледжде оқып жатқан студенттердің  тағылымдамадан өтіп, ары қарай жетекші инженер, автоматты түрде жол қозғалысын басқару жүйесінде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар» деп отыр. 

«Қазпошта» АҚ-ның «Астана почтамты» Астана филиалының маманы Салтанат Назарованың сөзінше, пошта қызметіне көлік жүргізушілері мен байланыс операторлары секілді көптеген бос орындары бар. Мәселен, поштадағы байланыс операторы банк менеджері сияқты жұмыс істейді. Айырмашылығы пошта және қаржы бағыттары бойынша қызмет көрсетеді. Ең бастысы, адамдар­мен жұмыс істейтін болғандықтан, күнделікті жұмысында қарым-қатынас жасауды жақсы білсе болғаны. Есесіне тұрақты жалақы, әлеуметтік пакет толығымен қарастырылады. Байланыс опера­торының жалақысы 172 мың,  курьер жүргізушісінің жалақысы 145 мың, шұғыл пошта қызметін атқаратын курьер жүргізушісінің жалақысы 215 мыңды құрайды. 

Сондай-ақ жәрмеңкеде Астана қаласы бойынша КАЖД Сарыарқа аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны Айжан Шагирова бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға жұмыс табуға жәрдемдесіп жүр. Оның айтуынша, осындай жәрмеңке арқылы  жұмысқа орналасқандар бар. «Орталықтың ақпаратын алған бойда біз де жәрмеңкеге келіп, сотталған адамдардың жұмыс табуына қол ұшын береміз. Бүгін де есепте тұрған 10 адамды алып келдік. Олардың төртеуі жұмысқа орналасуға жолдама алды.  Олардың арасында өздері жұмысқа сұранып, жәрмеңкеге келуге ниетті екен­дерін айтқандар бар. Жұмыс берушілердің ұсынған жалақылары да көбісінің көңілінен шығып отыр», – дейді Айжан Шагирова. 

Қазір жұмыс істегісі келген адамға бос жұмыс орындары көп. Бір ғана кадр іздеп жүрген «Катрин» жиһаз фабрикасының өзіне үй мен кеңсеге арналған жиһаз жасау, материалдарды сату, перде тігу, қабырға панельдерін жасау, тас төсеу және жүк тасымалы қызметтерін атқаратын жұмысшы керек.

Ж.МҮСІЛІМ