Айша бибі: аңыз бен ақиқат

Қасиетті Әулиеата өлкесі – аңыз-әпсаналарға бай мекен. Әсіресе, Қарахан дәуірінен тамыр тартатын тарихи деректер мен аңыздар аз емес. Соның бірі – Қарахан мен Айша бибінің шексіз махаббаты болса керек.

Құпия құлыпқа таңылған кейіпкер кім?

Алайда бүгінде қос ғашықтың тағдыры мен тарихи болмысына қатысты байламнан гөрі болжам көп. Тіпті, Айша бибінің өмірде болғанына күмәнмен қарайтын тарихшылар да бар. Сонда Айша бибі аңыздан аражігі ажыратылмаған ке­йіп­кер ғана ма? Әлде, құпиясы құлыпқа таңылған тарихи тұлға ма?

Әңгіменің әлқиссасын, есте жоқ ескі заманнан жеткен аңыздан бастасақ, сонау орта ғасырларда елі мен жерін жаудан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Талай алыпты тағынан түсіріп, қарсы­ла­сының алдында тайсалмаған Қа­рахан батыр қас жауының қызына ғашық болып қалады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы бо­латынын білген соң Қарахан сүй­генін алып қашуға бел буады. Екі жастың қол ұстасып қашып кетке­нін білген әкесі сарбаздарына олар­ды өлтіруді бұйырады. 

Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Ара­да біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқан ат үстінен шаршаған ару Асу атты өзеннің жағасында аял­дауды ұсынады. Хан жарлығын бұл­жытпай орындаған сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре са­лысымен қыздың сәукелесіне жы­лан салып қояды. Бақыттың құша­ғында жүрген ғашықтар мұны бай­қамай қалады. 

Жылы суға рахаттанып түсіп шығып, Айша бибі сәукелесін кие бергенде оны жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының қолында мерт болып бара жатқанын көрген Қарахан «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенін жақын маңдағы молдаға алып барады. Жас жігіттің Мәжнүндей қайысқанын көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды. 

Бейкүнә екі жастың отбасылық бақыты небары бірнеше минутқа созылады. Ешбір жауының алдында иілмеген батыр тағдырдың алдында бас иіп, Айша бибі қайтыс болған жерге мазар тұрғызады. Қарахан батыр сүйгенінің жанында болу үшін Айша бибінің қасынан өзіне де мазар салдырады. Өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, Айша бибі мазарында түнейді. Жаратқанға жалбарынып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін халық оны есінде сақтаған. Ал бұл жер «Әулие ата» деп аталып кеткен. 

Бұл – бабадан балаға мұра болып қалған аңыздың бірі. Енді бір аңызда Қарахан батыр жаумен шай­қаста жараланып, Айша бибі сүй­генін көру үшін жолға шыққаны айтылады. Міне, осы сапарда Ай­шаны жылан шағып, қас сұлу мерт болады. Айшаның ажалын естіген Қарахан сүйгеніне дереу жетіп, сол маңнан мазар тұрғызады. Ал өзі өмірдің соңына дейін ел аралап, әулие атанып кетеді. 

Екі аңызда да қос ғашықтың қосылмағаны айтылған. Айша сұ­луды жылан шаққаны бейнеленеді. Қарахан мен Айша бибі махаббатына ақиқаттан алыс аңыз ретінде қара­йын десең, Тараз қаласынан 18 шақырым жерде Айша бибі кесенесі бар. Сондай-ақ Қарахан кесенесі де бой көтерген. Осыған қарап қос ғашық өмірде болғанына, олардың шексіз махаббаттарына сенуге бо­латын секілді. Алайда орта ғасыр та­рихын зерттеп жүрген, өңірге бел­гілі тарихшы Асылжан Шайділ­даев Қарахан мен Айша бибіге қа­тысты жуырда тың ақпарат айтып, терең ойға қалдырды. Оның па­йымдауынша, Қарахан мен Айша бибі бір ғасырда өмір сүрмеген кейіпкерлер екен. 

– Қарахан дәуірін зерттеп жүр­геніме біраз жыл болды. Жамбыл жеріндегі Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас, Дәуітбек кесенелері – сол заманның архитектуралық мұралары. Айша мен Қарахан ба­баны бізге жеткен аңыздар бір-бірінен ажыратпай, біріктіріп келді. Алайда қазір Айша мен Қараханның махаббатқа негізделген іңкәрлік сезіміне құралған аңызынан басқа ештеңе білмейміз. Олар кімдер? Қай ғасырда өмір сүрген? Осы сауал талайдың санасын сан саққа жүгір­туде. Тарихи деректерге көз салсақ, Айша бибінің туған әкесі Сүлеймен Бақырғани, ал Зеңгі баба өгей әкесі екендігі айтылады. Анасы Әнбар бегім Қара Боғраханның қызы де­лі­неді. Қарап отырсаңыз, Айша қыз – текті ақсүйек тұқымынан шыққан. Ал енді Айша бибінің әкесі туралы деректер не дейді? Менің қолымда қазір Мәулана Әли ибн Құсайынның 1503 жылы жазған орта ғасырдағы барлық әулие-ғұламалар жинақ­талған «Рашахат айн әл-Хаят» атты кітабы бар. Осы еңбекте Сүлей­мен Бақырғани Ясауидың шәкірті бол­ғаны туралы тың деректер ай­ты­лады. Бірақ осы кітапта екі Сүлей­мен­нің бар екендігі жазылған. Бірі – Сүлеймен ата, екіншісі – Хакім ата. Екеуі де Ахмет Ясауидың шә­кірттері. Ал біз Хакім атаны Бақыр­ғанидың өзі деп жүрміз. Сол Ба­қырғанидың жары Әнбар бибі куйеуі өлген соң шәкірті Занки атаның тигені айтылады. Бірақ екеуінің ешқандай баласы, қызы туралы мүлдем мәлі­мет берілмейді. Қайта Арыстан баб­тың шөбересі Занки атаның ұл-қыздары болға­нын жазады. Осы кітапта тағы да екі Зеңгі ата болғаны жөнінде ай­тылуы да көп жайтты өзгертері рас. «Занки ата Зеңгі баба­дан басқа кісі» деген түсін­дірмесіне қарап, негізгі Зеңгі баба кім болды екен деген сұрақ тағы да көкейде қалып қояды. Сосын марқұм Бақ­тияр Әбілдаұлы Айша бибінің 1185 жылы дүниеге келгені, әкесі Бақырға­нидың 1186 жылы дүние салғанын алға тартады. Ал өгей әкесі Зеңгі бабаның 1258 жылы қайтыс бол­ға­нын жазады. Осы атал­ған деректерге қарап отыр­са­ңыз, Айша туралы ай­тылып жүрген аңыз-әңгімелердің өзегі мүлдем басқа адамға арналған ба деген ой келеді, – дейді тарихшы. 

Асылжан Қасымбекұлы осы тұста тағы бір тың деректерді алға тар­тып отыр. 

– Аңызда ең ерекше назар ау­даратыны – Айша бибі ғашығы Қа­раханға жолға шығарда оған өгей әкесі Зеңгі бабаның теріс батасын беруі. Біріншіден, Айшаның анасы – Қара Боғраханның қызы. Екін­шіден, Айшаның әкесі – ғұлама, данышпан, Зеңгінің ұстазы Сүлей­мен Бақырғани. Үшіншіден, Айша Зеңгінің туған қызы емес. Сонда Зеңгі баба қалайша оған, яғни ақ­сүйек текті адамның қызына теріс батасын бере алады? Ол қаншама ғұлама болса да оның басын сол жерде-ақ шауып тастар еді. Ханның қызы бола тұра анасы осыған жол бере ала ма? Әрине, жоқ!

Енді Айша бибінің ғашығы делініп жүрген Қараханға келейік. Қарахан әулие 1070 жылдары өмір­ден өткен Шах Махмұд Боғрахан екені белгілі. Оны әйелі у беріп өл­тіргені, оның ешқандай әулие емес екені ортағасырлық Ибн ­әл-Асирдің «Толық жинақ» деген еңбегінде тәптіштеп тұрып жа­зылған. Айша 1185 жылы туса, сон­да екі ғашықтың арасында бақандай 150 жылдық уақыт жатқан жоқ па? Бұл қалай Айшаның ға­шығы болады? Бұл да ақылға сый­майтын дүние. Менің қолымда дәл қазір мыңнан аса ор­тағасырлық араб-парсы жазбалары тұр. Олар­дың ешқайсысында Айша бибі мен Қарахан бабаның басына тұрғы­зылған кесене туралы бірауыз ай­тылмайды. Тараз қаласында қыз­мет атқарған ғалым Жамал Қаршы да бұл кесенелер туралы ештеңе айт­пайды. Неге? Тіптен Тараз та­рихын жақсы білетін Мұхамед Хайдар Дулатида да бір ауыз сөз жоқ. Егер бұлар сол дәуірге тән мұ­ра болса, сол тұстың тарихшы­лары да бір­нәрсе жазып қалдырар еді ғой, – дейді А.Шайділдаев.

Тарихшының «Айша бибі кім болуы мүмкін?» деген сауалға да өзіндік болжамы бар.

– Тарихи деректерге қарап, бізге жеткен аңыз Қарахан мен Айша бибіге арналмаған деген болжам жасауға болады. Бұл мүлде басқа Айша қыз жайлы аңыз секілді. Мәселен, өңірде ғашықтар жырына ұласқан Айгерім-Қайду хан, Айша-Тоқтамыс хан аңыздары бар. Айша бибі аңызы осылардың біреуіне ар­налып, уақыт өте келе ол ұмы­тылып, өзгертілген нұсқада бізге жеткен сияқты. 

Қайду хан – атақты Шыңғыс­ханның шөбересі. Ол – 1261 жылы өз мемлекетін құрып, Тараз қала­сында таққа отырып, 40 жыл ел би­леген тарихи тұлға. Тараз қа­ласын жаңадан салдырып, шы­ғыстық үл­гіде гүлдендірген патша десек бо­лады. Қайду хан билігінен бастап Тараз «Ианги Тараз», яғни «Жаңа Тараз» деген атауға ие болды. 1269 жылы Талас өзенінің жағасында бүкіл моңғолтектілер­дің басын қосып, Ұлы Талас құ­рылтайын ша­қырған хан еді. Осы құрылтайдың негізінде Қайду хан­ның мемлекеттік шекарасы бел­гіленіп, Моғолстан мемле­кетінің күшею дәуірі басталды. Қай­ду хан өте ақылды, білімді, ға­лымдарды жақсы көрген көреген басшы бола білген. Оның қара­ма­ғында атақты ортағасырлық ғұлама, жазушы Жамал қаршы қызмет еткен. Қайду ханның Айгерім есімді сұлу да сымбатты қызы болады. Ол әкесі Қайду ханға ғашық болып, өле-өлгенше әкесіне деген іңкәр сезіммен өтеді. Осы әңгіме ел ішін­де үлкен аңызға айналып, халық арасында ауыздан-ауызға тараған-ды. Бұл деректер Рашид ад-Динның «Жылнамалар жинағы» атты еңбе­гінде бар. Қызының өзіне ғашық болғанына және ел ішіндегі гу-гу әңгімеге намыстанған Қайду хан Ай­герімді бір сардарына қосып, оған өзіне ғашық болмайтындай теріс батасын бергені айтылады. Осы бір жерлеріне қарасаңыз, Айша бибі аңызына ұқсап кететіні бар. 

Айша-Тоқтамыс аңызы болса, Астанадағы ұлттық музейдің сирек кітаптар қорында француз тілінде жазылған нұсқасында сақтаулы тұр. Оны бір кездері алдыруға талпыныс жасап едік, музей басшылығы рұқ­сат етпеді. Тоқтамыс ханды неге айтып отырмын? Өйткені Айшаның кейбір аңыздарында оны Қытай ханының қызы, Ақсақ Темірдің балдызы деген де дерек айтылады. Ал Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қол­баласы болып, осы өңірді билегені, кейіннен Темірден көп әскер алып, Алтын Орда тағына отырғаны мә­лім. Яғни, ешқайсысының да Та­раз өңіріне бөтендігі жоқ. Бір ғана өңір­де қаншама махаббат хикаясы­на толы аңыз-әпсана жатыр. Міне, осы Айша-Тоқтамыс хан аңызы да Ай­ша бибі туралы аңыздың негізі болуы мүмкін. Бұл әрине, әлі көп зерттеуді қажет ететін дүние, – дейді та­рихшы. 

Асылжан Қасымбекұлы қазір Ташкенттегі мұрағатқа қолы жетпей жатқандығын айтады. Айша бибіге қатысты сонда көп деректер бар көрінеді. Тарихшы қалай да болса сол құнды құжаттарды ақтарып, Айша бибіге қатысты тың деректер табуға ниетті. 

«Аңыз түбі – ақиқат» дейді ел даналығы. Сондықтан әрбір аңыз­дың бір ақиқаты бар екені анық. Ал тарихшы Асылжан Шайділдаевтың келтіріп отырған деректері шы­нын­да санаға салмақ салады. Егер тарихшы болжамдарының бірін дәлелдей алса, бұл қазақ тарихына үлкен төңкеріс әкелетіні анық. Ол уақыт еншісіндегі дүние. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы