Тілдік модельдермен жұмыс істейтін роботтар тұтастай романдарды 22 секундта талдап, сұрақтарға жауап бере алады. Anthropic корпорациясы осындай Claude деп аталатын чат-бот жасады
Романды бір минутта оқып, сұрақтарға толық жауап беретін робот жасалды
1,168
оқылды

OpenAI өнімі ChatGPT және Google-дің Bard сияқты адаммен диалогқа негізделген ЖИ үлгілері интернеттегі барлық ақпаратты қолданып жұмыс істейді. Бірақ қолданушылардың нұсқауларына байланысты шектеулер бар. Қолданыстағы чат-боттардың жұмыс істеу принциптерін SlashGear.com сайтына сілтеме жасап Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото techbullion.com сайтынан алынды

ЖИ-дің чат-боттары адамдар сияқты сөздер мен сөйлемдерді өңдемейді, оларды белгілерге (токен) бөліп қолданады. ChatGPT ағылшын тіліндегі шамамен төрт таңбаны 1 токен деп санайды немесе сөздің шамамен 3/4 бөлігіне тең.

Бір-екі сөйлем 30 токенге бөлінеді, сонда 1500 сөзден тұратын эссе үшін 2048 токен қажет. Бірақ OpenAI өзінің чат-ботына арнайы шектеу қойған – максимум 8000 токенге бөлінген сұрауларды ғана өңдей алады, ал ChatGPT-4 сияқты жетілдірілген нұсқа 32000 токенді өңдеуге есептелген.

Қарапайым тілмен айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесінің идеясын сұраған қолданушы чат-боттан дұрыс, қисынды жауап ала алмайды. Өйткені, бұндай көлемдегі файлды ChatGPT-ге жүктеу техникалық тұрғыда шектелген. 

Фото TheAIGRID сайтынан алынды

2021 жылы OpenAI-дан өз еркімен кеткен ағалы-қарындасты Дарио мен Дэниел Амодейлер Сан-Францискода Anthropic корпорациясын тіркейді. Anthropic америкалық жасанды интеллект стартапы болып жұмысын бастайды. Бұл қоғамдық корпорация жасанды интеллекті жауапты қолдану этикасын ұстанған.

Корпорация сайтында «Anthropic – ЖИ-ді және оның қауіпсіздігін зерттейді. Біз сенімді, түсінікті және басқаруға көнетін жасанды интеллект жүйелерін жасаймыз» деп жазылған. Anthropic стартапы өзінің жаңа Claude чат-ботын пайдаланушы үшін қауіпсіз екенін айтады, себебі ол қауіпті тақырыптарды айналып өтуге үйретілген.

Жақында компания өзінің Клод (Claude) жасанды интеллект үлгісі енді 100 000 токенге дейінгі чат-ботқа жүктелген деректерді өңдей алатынын жариялады, бұл оның бұрынғы 9 000 токендік шектеуімен салыстырғанда үлкен секіріс. Жаңа максимумды енгізу арқылы қолданушы енді 75 000 сөзден тұратын анықтамалық материалын чат-ботқа енгізіп, сол материал бойынша өзінің көптеген сұрауларына қисынды жауап ала алады.

Бұл дегеніңіз Claude чат-боты 16700 сөзден тұратын «Абай жолы» романын тұтастай жүктеп: «Құнанбай қандай адам? Абайдың өмірге көзқарасы қандай?» деген жүздеген сұрауларға жауап алуға болады. Романды чат-боттың анықтамалық жолағына көшіріп қойсаңыз, Claude оның кейіпкерлері мен сюжеттік желісі туралы кез келген сұрақтарға жауап береді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Laurence Dutton

Anthropic өкілдері чат-боттың жұмысын көрсету үшін көлемі шамамен 72 000 токен болатын Ф. Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» шығармасының толық мәтінін чат-ботқа жүктеп, әдейі қате жолды іздеуге сұрау берген.

Claude бүкіл кітапты 22 секундта талдап, романдағы дұрыс жолды дәл тауып көрсеткен.

Anthropic-тің мәлімдеуінше, чат-бот 100 000 токенге сыятын көлемдегі материалды бір минуттан аз уақыт ішінде өңдей алады.

Дәл осындай көлемдегі кітапты оқуға адамға 5 сағаттан астам уақыт керек болар еді.  Бірақ мұндай ауқымды мәтіндік материалды оқу мәселенің бір ғана жағы. Енді осы материалға қатысты сұрақтарға жауап беру үшін кітапты қорыту үшін адамға тағы бес сағат уақыт керек.

Ал тұтастай осындай кітаптағы сөздердің өзгеруін есте сақтауға адамға үлкен шыдамдылық пен бірнеше күн, тіпті айлар қажет. Claude осының бәрін бір минутқа жетпейтін уақытта орындай алады.

Фото CEDOC сайтынан алынды

Claude-ты жасаушылар чат-бот тек тікелей сұрауларға ғана емес, сонымен қатар қолданушының көп сатылы нақтылауларын мен талаптарын да ескеріп жұмыс істейтінін айтады.

«Күрделі сұрақтар үшін бұл векторлық іздеулермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы нәтиже береді», – дейді Anthropic инженерлері. Чат-боттың бұндай өнімділігі мен жылдамдығы адам мен машина арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарды.

Алып деректер массивтерін сұрыптап, сүзгіден өткізіп, оны ішінен дұрыс мәліметтер мен ақпаратты іздеуде чат-боттың мүмкіндіктері адамның қабілетімен салыстырғанда мыңдаған есе жоғары.

Бизнес құрылымдар үшін Anthropic API-интерфейстері қазірдің өзінде қолжетімді болғанымен, Bard, Bing Chat немесе ChatGPT сияқты жаппай қолданушыларға қашан қолданысқа ұсынылатыны белгісіз.

Мына видеода нейрондық желілер мен ChatGPT сияқты тілдік модельдердің жұмыс істеу алгоритмі қарапайым тілмен түсіндірілген. ChatGPT қалай жұмыс істейтінін, нейрондық желілер туралы білгіңіз келсе осы видеоны қараңыз: