Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтыс өнеріне мемлекет тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келе жатқанын айтып, шағымданды. Депутат осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орныбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады.
Ринат Зайытовтың сөзінше, еліміз тәуелсіздік алғалы айтыс өнері мемлекет тарапынан мардымды қолдау көрмейді. Ол айтыс бүгінгі күнге дейін қазақ халқының махаббаты мен демеуінің арқасында жоғалмай жеткенін атап өтті.
«2012 жылғы 1 тамызда «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Бүгінде, Одақ мүшелігінде 250-ге тарта айтыскерлер мен жыршы, термешілер бар. Одақ құрылғаннан бері 110 халықаралық және республикалық, 100-ден астам облыстық пен аудандық айтыс өткізілді. 5 рет республикалық жыршы-термешілер байқауын жеке кәсіпкерлердің көмегімен ұйымдастырған болатын.
Алайда, мұндай зор іс-шараларды жүзеге асырып отырған Одақтың әлі күнге дейін бір тұрақты ғимаратының жоқтығы өкінішті-ақ. Мемлекет тарапынан айтысқа бөлінетін қаржы да Одаққа белгісіз себептермен толық жетпейді», – деп атап өтті ол.
Депутат осылайша негізгі мәселелерді санамалай келіп, Алтай Көлгіновтен айтыс өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуді сұрады.
«Құрметті Алтай Сейдірұлы, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізден:
1. Алматы қаласынан Қазақстанның айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының атына тұрақты мекенжайы болып бекітілетін, ғимаратпен қамтамасыз етуіңізді;
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі тарапынан жартылай тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуіңізді сұраймын», – деді Ринат Зайытов өзінің депутаттық сауалында.