Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында табиғи газдың ең қымбат тарифі тіркелген.
Қазақстандағы газдың ең қымбат тарифі Назарбаевтың ауылында тіркелген, оны көтерген Нұрбол Назарбаев – депутат
786
оқылды

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай комитет отырысында  Алматы облысындағы газдың қымбат екенін айтып, дабыл қақты.

Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында табиғи газдың ең қымбат тарифі тіркелген. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылы.

Алматы облысында Қарасай ауданы, Шамалған ауылынан екі аптадан бері хабарласып жатқандар бар.  Алматы облысы, тіпті Қазақстанның өзінде табиғи газдың ең жоғары тарифі осы ауылда тіркелген. Тіпті, Алматының бай-манаптары тұратын ауданнан жоғары. Не әкімнің, не прокурордың сөзі өтпейтін, тарифті заңсыз қымбаттатқан монополист компанияның артында кім тұр? – дейді Мақсат Толықбай.

Ол әзірге нақты дәлелім жоқ. Бірақ тұрғындардың айтуынша, мұның артында Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың қатысы болуы мүмкін деп отыр.

– Жақында Шамалғанға  ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдерін апарып,  бағаның негізсіз көтерілуінің себебін анықтап,  мәселені толық зерделеуге бар күшімді саламын, – деді депутат.

Бұған дейін Қарасай ауданының тұрғындары бірнеше рет осы мәселені көтерді. Көгілдір отынның сапасы мен қызмет көрсету құнының қымбаттауы тұрғындардың ашуын тудырып отыр. «Сигма-газ» компаниясы тарапынан көрсетілетін төмен дәрежедегі қызметтен әбден шаршаған халық «Сигма, кет» деген ұранмен талай рет ереуілге шықты.

Тұрғындардың айтуынша, бүгінде олар «Сигма-газ» ЖШС-на көгілдір отынның бір текше метрі үшін 34 теңге 75 тиын төлеп жатыр. Ал бұл Қарасай ауданына қарасты өзге округтер мен ауылдар төлейтін тарифтерден 5-6 теңгеге қымбат екен.

Бағаны қымбаттатқан компания Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек ауылдарын және Арай, Дархан саяжайларын көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Қымбат бағаны төлеп отырған абоненттердің жалпы саны он мыңға жуық.