Дәрігердің белгілеуімен емделуші 10-15 күн тегін емделе алады.
МӘМС-пен тегін емделуге болатын оңалту орталығы
2,451
оқылды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне төрт жыл болды. Осы уақыт аралығында біраз жұмыс жүргізілді. Бірақ жұрт арасында көңіл толмаушылық, жүйеге қатысты кереғар пікірлер жиі айтылады. Кейбірі тіркелген емханада емнің дұрыс жүрмейтінін, ұзын-сонар кезекте тұратынын сөз етеді. Ал енді бірі МӘМС-тің қажеті жоқ деп санайды. Бірақ көпшілік МӘМС-ті пайдаға жаратуға болатынын біле бермейді. Сондай орталықтың бірі – "Адал ниет Астана" оңалту орталығы. Астананың Мәскеу, 17 мекенжайы бойынша орналасқан мекеменің ашылғанына үш жыл болыпты. Ең басты артықшылығы, мұнда МӘМС бойынша емделуге болады.

 Күндізгі стационары да бар

Оңалту орталығының бас дәрігері Марина Владимировнаның айтуынша, олар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде, емделушілер мұнда тегін емделе алады. Ал ақылы емделуші қабылданбайды екен.

Арадағы келісім бойынша кез келген жан МӘМС-пен тегін емделе алады. Емделуші жергілікті емхананың, яғни өзі тіркелген емханадан дәрігер қажет деп санаса, жолдамасын береді. Сол арқылы порталға тіркеліп, бізге келе алады. Дәрігердің белгілеуімен 10-15 күн тегін емделеді. Процедураның бәрі белгіленген уақытпен жүргендіктен, кезекте тұрып, күтіп қалу жоқ, – дейді Марина Ильина.

Дәрігер оңалту орталығындағы емделушілердің жас мөлшері шектеулі емес екенін айтады. «Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін денсаулығын түзей алатынын жеткізді. Бүгіннің өзінде орталықта ем алып жатқан 80-ге жуық ересек пен 10-нан аса бала бар екен.

Демалыс кездері бала саны көбейіп, 40-50-ге жетіп жатады. Негізінен емделушілер – Астана тұрғындары. Не болмаса елорда маңындағы ауыл-аймақтардан келіп жатыр. Арасында Екібастұз, Қарағанды, Павлодардан келетіндер бар. Тек астаналықтар емделу керек деп қатып қалған нәрсе жоқ. МӘМС арқылы кез келген жан емделе алады. Бірақ көбісі бізді біле бермейді. Оның үстіне, бізде күндізгі стационар бар. Оған күніне 100 адамдай ем алып-кетіп жатады, – деді оңалту орталығының бас дәрігері.

Қабылдау бөліміндегі екі қыз келген емделушілерді тіркеп, құжаттарын толтырып жатыр. Жанындағы бір бұрышта әжеміз қан қысымын өлшеп отыр. Біз орталықты аралауды эрготерапия бөлімінен бастадық. Мұнда зейнет жасындағы қариялардың буын аурулары мен әлжуаздығын емдейді. Яғни, ересектердің есік аша алмай немесе тұтқаны ұстай алмай қалуына байланысты арнайы жаттығулар жасалады. Тіпті, мүгедектігі бар не болмаса Даун синдромы диагнозымен түскен балалардың моторикасын жақсартады екен.

 Бала да тегін емделеді

Логопед бір баламен айналасып жатты. Есімі – Әділ, жасы – 7-де. Диагнозы – аутизм. Бірақ дәрігер балаға қандай да бір диагноз қоймас бұрын бірнеше рет толыққанды тексерістен өткізгенді жөн санайды. Өйткені тексере келе, Әділден ондай диагноз байқалмаған.

– Рас, баланың тілі кеш шығып, дамуының баяу болуы байқалуда. Бірақ ол психологиялық деңгейдегі сырқат емес. Барлық бұйрықты орындайды, тіліңді алады, айтқаныңды істейді, – дейді логопед Елена Бочарова. 

Оның айтуынша, бүгінде көп балаға аутизм диагнозы қойылады. Бірақ олар толыққанды тексерілмей, кейбір нәрсені ескермей жататынын сөз етті. «Бұрын Қарағандыдағы психо-неврологиялық диспансерде  ауытқуы бар деген диагнозбен келгендерді 20 күндей жатқызып, толыққанды тексеретін. Күмәнданса, бір жарым айдан кейін қайта тексеру жасайтын. Себебі сол күні баланың көңіл күйі болмауы мүмкін немесе мазасы қашып, шаршауы мүмкін. Балаға диагнозды бірден қоя салуға, не шығара салуға болмайды. Бұл – бала мен ата-анаға жасалған үлкен қылмыс. Сондықтан психикалық сырқаты бар баланың тексерілуі тереңінен жүргізілсе екен.

Мысалы, бір үйдегі 4-5 баланың ішінде біреуінің тілі кеш шығуы мүмкін. Оның үстіне, ата-ананың жұмысбастылығы, оған мән бермеуі тағы бар. Ондайда баланың тілінің не дамуының баяу жүруі қалыпты дүние. Ал ол балаға көп жағдайда тіл мүкістігін немесе психологиялық дамуы қалыс деген диагноз қояды. Артынан коррекциялық жұмыстардан кейін баланың жағдайы түзеліп жатады. Бірақ психиатрдың қойған диагнозын өзгерте алмаймыз. Соның кесірінен баланың болашағы бұзылады», – деді логопед Елена Анатольевна.

Ал баласын күтіп отырған ана оның екінші сынып оқитынын айтты. «Балам қатарынан қалған жоқ. Сабағын оқып жүр», – дейді Әділдің анасы Лаура.

 Емделушілердің көбісі – инфаркт, инсульт алғандар

 Бас дәрігердің айтуынша, емделушілердің дені – зейнеткерлер. Оның арасында инфаркт, инсульт алғандар, буын ауруы, жарық (грыжа), жүрекке, бел омыртқаға ота жасағандар бар. Тоқетері, зейнеткерлер денсаулығын түзетуге келеді.

– Кез келген оңалту орталығының протоколында көктамыр арқылы салынатын дәрі ақылы жүреді. Ал біздің орталықта актовегин, нетседок, нормализин, ксепокан секілді пайдасы жақсы деген дәрілер сыйлық ретінде тегін салынады. Олардың кімге және қанша мөлшерде берілу керегін дәрігер белгілейді. Негізі емделушілерге бір күнде 3-4 процедура тиесілі болса, біз өз тарапымыздан денсаулығына пайдалы деген тағы 3-4 процедура қостық. Сөйтіп, әрбір емделуші бір күнде 7-8 процедурадан алады. Оның үстіне, кардиолог, неврапотолог, терапевт, физиотерапевт секілді жоғары білікті мамандарымыз да жеткілікті, – деді Марина Ильина.

Дәлізде кезегін күтіп отырған әжені көрдік. Массажға келіпті. Жасы  82-де екен.

– Көңіл күйім тамаша! Емделіп жатқаныма екінші күн болды. Кәдімгідей сергіп қалдым. Тіпті, тренажерға барып, он балл алып қайттым, – деді Валентина Анатольевна.

Айтуынша, он күнге келіпті. Массажға аз дегенде күніне 25-30 адам келеді екен. Әрқайсысының сырқаты әртүрлі. Арасында жүрек талмасымен түскендер де, аяғынан жүре алмай қалғаны да бар. 6 жыл қолын көтере алмай жүрген жанның айығып шыққанын да көріпті-мыс.

 Оңалту орталығы ұлғайтылмақ

Физиотерапия бөлімінде емделушілерге СМТ мен магнит қойылған. Енді бірі ингаляция алып отыр. Қызығы, бұл құрылғыға бұрынғыдай жеке кабинет керек емес. Құрылғының ішінде өзін-өзі тазалау жүйесі қосылған. Орталықта сүлікпен және инемен емдейтін бөлімі де бар. Медицина тілімен айтқанда, гирруда хиджама деп аталады.

Дәрігердің айтуынша, сүлікті бір-ақ рет қолданады. Оны екінші қайта пайдаланбайды. Сүлікті арнайы тапсырыспен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы лабораториядан алдыртады.

– Жас ұлғайған сайын ағзада қант, холестерин көбейеді. Сүлік соның бәріне ем. Ең әуелі қан айналымын жақсартады, қанды тазалайды. Тек анемиясы немесе гемофилиясы бар адамдарға қойылмайды. Профилактика ретінде сүлікті жылына бір рет алуға болады.  Жалпы, сүлікті адам салмағына қарай салады. Мысалы, емделушінің салмағы 60 келі болса, емдік курста 60 сүлік салынады. Яғни, он күн бойы 5-6 сүліктен түседі. Онда да күнара салғаны жөн. Қатарынан он күн бойы салу – денсаулыққа зиян. Арасында үзіліс жасап, ағза 1-2 күн демалуы тиіс. Ал әлсіз жандардың ағзасы 2-3 күн тынығуы керек, – деді физиотерапевт Ақмаржан Қамысбай.

Орталықта екі жаттығу залы бар. Емделушілер күніне екі уақыт тыныс алу гимнастикасымен, тренажермен айналысса, екіншісінде – пилатесте остеохандроз, жарық (грыжа), пратрозияны емдейтін жаттығуларды жасайды. Осында жаттығып жатқан Рима апамыз бұл орталыққа екінші рет келіп отыр. «Мұнда емханадағыдай дөрекілік жоқ. Ұнамаған нәрсені бірден реттеуге тырысады. Тамағы да үйдегідей, өте дәмді», – дейді ол.

Сегіз қабатты ғимаратта адам жанына қажет нәрсенің бәрі бар. Жоғары қабаттарында емделушілер жатады. Әр бөлмеде 3-4 адамнан орналасқан. Оңалту орталығының жанында әлеуметтік орталық, қарттар үйі және хоспис те бар. Оның бәрі –  «Адал ниет» жекеменшік қайырымдылық қорына қарайды.  Ал қайырымдылық қоры өз жұмысын 2009 жылдары бастаған.  

– Оңалту орталығына алғаш келгенімде енді ашылған еді. Сол кезде бар-жоғы 30-ақ қызметкер, кадр тапшылығы болатын. Бүгінде оңалту орталығы заманауи құрылғымен толықтырылып, білікті мамандар тартылды. Енді оның аумағын тағы да аумағын кеңейтпекпіз. Хосписқа бөлек ғимарат салып, оның орны оңалту орталығына өткізіледі, – деді оңалту орталығын бас дәрігері.

Оның айтуынша, мекеменің өз тігін цехы, типографиясы, бөдене цехы бар. Бөдененің еті мен жұмыртқасын пайдаға жаратып, орталықтың емделушілеріне дайындап береді. Бүкіл қызметкердің саны жүз шақты.  

 фото:©Радмир Фахрутдинов