Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орайластырылған іс-шаралар аясында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында қазақстандық танымал өнер майталмандарының қатысуымен шеберлік сабақтары өтуде. Шара облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан келген шығармашылық ұжымдары мен музыканттарды кәсіби даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында спикерлер жиналғандарға дәстүрлі шығармалардың шынайы үні және күні бүгінге дейін қалай сақталғаны туралы айтып берді. Мамандардың айтуынша, музыкалық жауһарлар туралы ескергенде тарихына көбірек үңілу керек. Сондай-ақ олар өнерге жаңа қадам басқан күйшілерге репертуардың алуан түрлілігі мен ұлттық әуендердің мәнерлі құралдары туралы еске салды.
Күйші Жанғали Жүзбай «шертпе күй» және «төкпе күй» тартудың дәстүрлі әдістеріне тоқталды.
«Қазақ күйлері – халық тарихының тұтас шежіресі. Кетбұға мен Сүгірдей ұлы күйші бабалар мұрасын жаңғыртуымыз керек. Осы кезде ұлттық өнерді дәріптеуге үлкен мән берген жөн деп ойлаймын. Қазақ философиясының мазмұндық құрылымында және ұлттық менталитеттің қалыптасуында күй ерекше орын алады. Ата-бабаның мәдени мұрасын сақтайтын шығармалардың терең философиялық мазмұнын тыңдарманға дұрыс жеткізіп, домбыра тартуды жастар арасында кеңінен насихаттау – басты міндетіміз. Өкінішке қарай, неге екені белгісіз, қазір күй орындаудың бір түрін ғана жиі кездестіреміз. Попурри орындау заманауи музыка әуесқойлары арасында танымал. Уақыт талабына байланысты концерттердің форматы да бірте-бірте өзгеруде, сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан музыкалық дәстүрлерді сақтау және дамыту мәселесі біртіндеп көтерілуде. Кезінде Дина Нұрпейісова Құрманғазының орындаушылық өнерінің ізбасары болды. Сол сияқты шәкірттерді көптеп тәрбиелеген жөн», – деп атап өтті ол.
Шебер домбырашы Еділ Басығараев ұзақ жылдар бойы күйші Қазанғаптың шығармашылық мұрасын дәріптеп келеді. Ол сондай-ақ шеберлік сабақ барысында күйлерді заманауи әдіспен өңдеу туралы өз ойларымен бөлісті.
«Қазанғаптың әрбір күйі мазмұнының тереңдігімен, музыкалық тілінің көркемдігімен, техникалық әдіс-тәсілдерінің күрделілігімен және талғампаздығымен ерекшеленді. Ол халық өнерінің озық үлгілеріне сүйене отырып, стилі мен ойнау тәсілі жағынан ерекше орындаушылық мектеп құра білді», – деп атап өтті Е.Басығараев.
Шеберлік сабаққа қатысқан өнер иелері пайдалы кеңестері мен ұсыныстары үшін спикерлерге алғыстарын айтып, алған білімдерін іс жүзінде қолданатыны жайында өз ойларын білдірді.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Еске сала кетейік, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында 19 мамыр сағат 19.00-де Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған Гала-концерт өтеді.