Қазір депутат ұсталып, тергеу амалдары жүріп жатыр
Ақтөбе облысында мәслихат депутаты қамауға алынды

Ақтөбе облысында аудандық мәслихат депутаты шын мәнінде жоқ болған малға заңсыз субсидия алған, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.

«Ірі көлемде жасалған алаяқтық фактісі бойынша аудандық мәслихат депутатына қатысты ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Шаруа қожалығы атынан шын мәнінде жоқ болған малға субсидия алуға өтініш берген. Сондай-ақ  бұл азамат «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 600 бас ірі қара мал сатып алуға берген несие қаражатын заңсыз алған», делінген хабарламада.

Осылайша, жалпы шығын көлемі 457 миллион теңгені құрайды. Қазір  бұл азамат ұсталып, оған қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

 ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы  1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.