Мейірімге бөленген бала ғана қоғамда өзінің орны бар, рухани кемелденген тұлға болып қалыптасады.
Балаң радикалды идеологияның құрбаны болмасын десең, оның немен айналысатынын уақытында біл – дінтанушы
821
оқылды

Отбасы әр адамның өмірінде үлкен рөл атқарады. Басқа ешқандай әлеуметтік институт балаға отбасы сияқты әсер ете алмайды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ата-аналар көбінесе отбасының ең осал бөлігі балаларды (жастарды) радикалды діни ұйымдардың қаупінен ескерту мүмкіндігін жіберіп алады.

Адамның тұлға болып қалыптасуында отбасының алар орны ерекше. Мейірімге бөленген бала ғана қоғамда өзінің орны бар, рухани кемелденген тұлға болып қалыптасады. "Отан  отбасынан басталады" деген сөз бекер емес. Адамның азаматтық, патриоттық, адамгершілік қасиеттері отбасында қаланатыны секілді, діни радикалды иммунитеті де отбасынан бастау алады. Дін саласында жүрген соң әртүрлі жағдайларды естисін, өкінішке қарай, отбасында махаббат пен жылу көрмеген бала, оны сырттан іздейді.  Ал оны арам пиғылды адамдар өз пайдаларына жұмсайды.

Адамдардың діни деструктивті ұйымдарға түсуінің себептері көп, соның бірі отбасындағы кикілжің. Біріншіден, кейбір ата-аналар мен балалар арасында рухани байланыс жоқ. Ата-ана тарапынан баланың көзқарасы мен өмір салтына немқұрайлылық байқалады. Екіншіден, үйдегі жанжал, баланы ұрып-соғу, оған зорлық-зомбылық пен қатыгездік танытса, ата-ана өз баласын сөзбен немесе іспен еріксіз ренжітсе, балаға сырттан келетін жылулықтың әсері жоғары болады. Үшіншіден, жалғызсырау, төртіншіден, отбасында қайғылы оқиғаның болуы. Жақынын жоғалтқан жанның ішкі әлемін түсіне алатындар аз. Егер сондай адам жолықса, ол баланың идеалына айналады. Отбасында бәрі жақсы балалар да өзін қоғамға дәлелдеу мақсатында белгілі бір ортаның лидері атануға құмартуы мүмкін.

Жоғарыда келтірілген себептердің бәрі адамның психикасына әсер етіп, отбасына альтернативті орта іздеуіне әкеледі. Қатыгез отбасынан шыққан бала қатыгез болып өсетіні сөзсіз. Ал жүрегі қатайған адамға радикалды идеологияны сіңіру әсте қиын емес. Деструктивті діни ағым өкілдері адам психологиясын өте жақсы меңгерген. Кімнің осал тұсы не екенін бірден табады және сол жерден басады. Нәтижесінде, қатыгез, дінді дұрыс түсінбейтін, фанатик пайда болады.

Кәмелетке толмағандар мен жастарды экстремизм идеяларының әсерінен қорғаудағы басты рөл ата-аналарға тиесілі. Сондықтан ата-аналар балаларын қалай және неден қорғау керегін білуі керек. Жат діни ағымдарға түскен баланың мінез-құлқы күрт өзгеріп кетпейді. Ол бірте-бірте болатын құбылыс және оның уақытында алдын алу керектігін естен шығармаған жөн.

Ата-аналарға баланың бойынан мынадай белгілерге назар аударғандары жөн: отбасынан алшақтау, діни тақырыпқа деген қызығушылықтың күрт артуы, діни терминдерді өте жиі пайдалану, саяси немесе әлеуметтік тақырыптардағы әңгіме естісе агрессивті пікір білдіру, дін ұстанбайтын адамдарды сынау, үйде белгісіз брошюраларды іліп қою, авторлары белгісіз кітаптар оқу, білімге деген қызығушылықтың азаюы, мінезінде өзгеріс пайда болу, телефонмен өте жиі сөйлесу, ақшаны бұрынғыдан көбірек жұмсау және оны қайда жұмсап жатқанын жасыру, киім үлгісін өзгерту, компьютерде немесе телефонында күмәнді бейнероликтер көру және т.б. Ата-аналар өз баласының оқитын кітабы мен көретін бейнематериалдарын бақылап отыруы маңызды.

Айта кеткен жөн, жоғарыда келтірілген мысал ол картинаның бер жағы ғана. Тек ата-ана ғана өзінің баласында болып жатқан өзгерістерді интуитивті тұрғыда сезеді. Өмірдің қарбаласымен оны қалт жіберіп алмау керек. Сонымен қатар экстремистер қазір өздерін ашық түрде көрсетпейді. Олар да заманның талабына сай қызмет етеді.

Балаңыздың діни жат ағымның ықпалына түсу қаупін азайту үшін келесі ережелерді сақтау керек: балаңыздың қай сайттарда отырғанын, кіммен сөйлесетінін, қандай әлеуметтік желілерде тіркелгенін бақылаңыз, оның арнасын, әлеуметтік желілердегі топтарын қараңыз. Интернетке бақылаусыз кіруді шектеңіз. Балаларыңызбен сенімді қарым-қатынасты дамытыңыз, ол не істейді, не көреді, не оқиды, не ұнатады қарап отырыңыз. Балаға діни тақырыптар бойынша бейтаныс адамдармен сөйлесуге, көшеде жеке мәліметтермен сауалнамалар толтыруға болмайтынын түсіндіріңіз.

Егер сіздің балаңыз экстремизмнің әсеріне ұшырады деп күдіктенсеңіз, уақыт созбаңыз. Бірден мамандарға жүгініңіз!

Нұрсұлтан Диханбаев,

дінтанушы