21 жастағы қыз Kinoroom-ның басшысы жұмыс орнына апарып, екі досымен бірге арам ойын іске асырды деп полицияға шағым түсірген.
21 жастағы қыз Kinoroom-да үш жігіт зорлағанын айтты: тың деректер шықты
1,800
оқылды

Алматыда үш жігіт жабылып зорлады деген қыздың оқиғасына қатысты жаңа деректер шықты. 21 жастағы қыз Kinoroom-ның басшысы жұмыс орнына апарып, екі досымен бірге арам ойын іске асырды деп полицияға шағым түсірген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, сұмдық оқиға болған кинозал басшылығы жәбірленушінің сөзін жоққа шығарған. Олардың айтуынша, бұрынғы қызметкер таныс қызымен бірге түнгі сеансқа келген. Сосын кино көретін бөлмеге тағы екі жігіт кіріп, соңы айғай-шуға ұласыпты. Сондай-ақ Kinoroom  өкілдері сол күні спирттік ішімдікке сылқия тойып алып, жанжал шығарған қыздың өзі боди массажбен айналысады деп отыр.

Алматыда 21 жастағы қыз Kinoroom-ның басшысы достарымен бірге топтасып зорлады деп полицияға шағым түсірді. Оқиға төрт күн бұрын қаланың қақ ортасындағы кино көруге арналған залда болған. Бұл мекеменің басшылығы бұрынғы қызметкер таныс қызымен түнгі сеансқа кіргенін жасырмайды. Сосын таң алакеуімде оның достары келіп, соңы жанжалға ұласты деп отыр.

Kinoroom-ның директорымын деп таныстырған. Шын мәнінде, ол жігіт наурызда жұмыстан шығып кеткен. Жай ғана жұмысшы болған. Кабинкаларды тексеретін. Бізде ауысым жабылмай, қыз екеуі бір сеансқа киноға келген. Сонымен, жалғасқан. Оның достары қай кезде келгені белгісіз. Өзі қатты мас болған. Көзін ашса, бірге келген жігіті емес, басқа жігіт екенін көрген соң, шу шығарған",  дейді Кinoroom атқарушы директоры Қасиет Жақсылық.

Жәбірленуші қыз сол күні мас болған көрінеді. Есін жиған соң, айғайға басып, бөтелкенің сынығымен тамырын кеспек болғанын мұндағы жұмысшылар көріпті. Kinoroom-ның қызметкерлері қыздың боди массаж қызметін көрсететін айтады. Тіпті,  клиенттерімен осы жерге жиі келіп, экс-әріптесімізбен жақын араласып кетті дейді.

"Ол қыз боди массажбен айналысады. Бұл жерге ол басқа ер адаммен келеді. Жұмыстан шығып кеткен бала жалақысын алуға келгенде танысады. Бізде боди массаж қызметі көрсетілмейді. Жыныстық қатынас болмайды. Алкоголь сатылмайды. Таңғы алтыға дейін шектеу. Таңғы алтыда барлығы шығып кетуі керек", дейді Кinoroom атқарушы директоры Қасиет Жақсылық.

Полиция сот-медициналық сараптама тағайындалып, "зорлау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Тергеу жүріп жатыр.

"Қылмыстың нақты болған-болмағанын көзбен өлшеп айта алмаймыз. Сондықтан да сараптама зерттеулері тағайындалды. Сарапшылар зорлау әрекеті нақты болды деген ұйғарым шығарса, онда бұл азаматтар міндетті түрде қылмыстық жауапқа тартылып, тергеуде оларға қолданылатын бұлтартпау шарасы тағайындалады",  дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тәртіп сақшылары әзірге ешкім қамауға алынбағанын айтты. Тергеушілер аталмыш іске қатысы бар адамдардан тек сұрақ-жауап алып жатыр. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шамамен бір айдан кейін белгілі болады.

Телеарна тілшілері "Үш жігіт мені жыныстық қатынасқа мәжбүрледі" деген қыздың жақындарымен де байланысқа шыққан. Бірақ олар сұхбат беруден бас тартқан. Жәбірленуші қыз колледж бітіріп, Атыраудан Алматыға жұмыс істеуге келіпті. Алайда туыстары оның нақты қандай кәсіппен айналысқанын білмейді.