Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Саммитте трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің айтуынша, су тапшылығы жыл өткен сайын сезіліп келеді.
«Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары екені белгілі. 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Сарапшылар біздің аймағымыздың тез жылынып бара жатқанын айтып отыр.
Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.