Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орайластырылған іс-шаралар аясында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында қазақстандық танымал өнер майталмандарының қатысуымен шеберлік сабақтары өтті.
Қазақконцертте «Мәдениет саласындағы менеджмент» тақырыбындағы шеберлік сабақ өтті
1,566
оқылды

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан келген шығармашылық ұжымдар, халық шығармашылығын дамыту орталықтары басшылары, филармония директорлары мен әртістері «Мәдениет саласындағы менеджмент» тақырыбындағы шеберлік сағатына қатысты.

Аталмыш шеберлік сабақты «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының орынбасары, «Мәдениет саласының үздігі», «Еуразиялық халықаралық сыйлықтың» күміс жүлдегері, «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің мүшесі Серік Нұрмолдаев өткізді. Шеберлік сабақта менеджменттің мәдениет саласында алатын орны, маңызы, мәдениет саласын жаңарту, инновациялау, сапалы жаңалық енгізу мақсатында ұйымдарды тиімді басқару принциптері мен тәсілдері, әлемдегі алпауыт елдердегі менеджмент пен еліміздегі менеджменттің қалыптасуы жайында сөз қозғалды.

«Мәдениет саласында жүрген өнер иелері өзіндік мәні бар идеяны қалыптастыру барысында сапалы менеджменттің заңдылықтарына сүйене отырып, бәсекелестік қоғам тудырған сәтте ғана нарыққа қол жеткізе алады.  Сонымен қатар, әлем елдеріндегі менеджменттің рөлін еліміздегі мәдениет саласына жаңарту, инновациялау, сапалы жаңалық енгізу мақсатында тиімді пайдалану қажет етіледі», – деді спикер.

Шарада менеджментпен бірге біте қайнасып жатқан маркетинг саласы жайлы да айтылды. Әр өңірден келген мәдениет саласының басшыларына маркетингтің әлеуметтік-экономикалық рөлі, эволюциясы, тұжырымдамалары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, басқарып отырған ұйымдарында енгізу, қолдану, дамыту жолдары да қарастырылды.

Сондай-ақ, С.Нұрмолдаев «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің солисі ретінде ансамбльдің әлемдік сахнаға шығу тарихындағы менеджменттің атқарған рөлін саралап,  нәтижелі жеке тәжірибелерімен, тиімді тәсілдерімен бөлісіп,  менеджментті қолда бар ресурстарды ұтымды қолдану арқылы ұйымның мақсаттарын қалыптастырып, оған қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған білімдер мен кәсіби қызметтің саласы деп қарастырған ғалымдардың көзқарасын қолдап қана қоймай, әрекет етіп, нәтиже шығару керектігін баса айтты.

Шара соңында қатысушылар спикерге сұрақтар қойып, бір-бірімен пікір алмасып, спикерге деген ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, концерттік іс-шараларға қатысты халықаралық театр байқауларының лауреаты, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының шығармашылық қызметінің режиссеры Думан Әкім Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Концерттік іс-шараларды режиссерлеу» атты шеберлік сабақта айтып берді.

Іс-шара барысында спикер қатысушыларға режиссерлік қызметте концерттік бағдарламалар, драматургия және алдын ала жоспарланған режиссерлік іс-әрекетпен бірге жүзеге асатынын жеткізді. Маманның айтуынша, бүгінгі режиссердің келбетін былайша түсіндіруге болады: режиссер – жаңашыл; режиссер – идея құрушы; режиссер – техникалық жаңалықтар мен мүмкіндіктерді білуші; режиссер – стратег; режиссер – үлкен команданың жетекшісі; режиссер – спикер; режиссер – медиа тұлға.

 

Бұдан әрі спикер режиссерлік ойлау жайлы өз ойын білдірді.

 

Спикер Думан Нұрлыбекұлы режиссерлерге аудиторияның назарын аударуға көмектесетін нақты технологияларды меңгеруі қажет екенін атап өтті. Бұл идеяны құруға, концепцияның өзіндік ерекшелігіне, концерттік блоктарды дұрыс бөлуге және жаңа форматтардың пайда болуына тікелей қатысты. Сонымен қатар, ол кез келген жоба бағдарламасының композициялық құрылымында тақырыптық, театрландырылған және дивертисмент концерт бағыты бойынша жүзеге асатынын жеткізді. 

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.