Ғалымбекті әлеуметтік желіден, оның ішінде Facebook-тан жиі оқып отырамын. Кейде жан дүниеңе төңкеріс жасайтын тосын бір дүниелерді тастай салады. Оқисың, оқисың да жүрегің аударылып түскендей болады. Шап-шағын әңгімелерімен өзінің ішінде болып жатқан сапырылыстарды, шерді шығаруға тырысады.
Ғалымбек Елубай: Менің әңгімелерім ешкімнің уақытын ұрламайды
2,473
оқылды

Иә, жазушы Ғалымбек Елубайдың шығармаларына қысқалық тән. Қысқа болса да, оның әңгімелерінде ерекше бір мұң бар. Ол не? Құбылыс па? ХХІ ғасыр әдебиетінде төңкеріс жасау мүмкін бе? Ғалымбекпен айтар әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді. 

– ХХ ғасырдағы әдебиеттің атқарған функциясы белгілі. ХХІ ғасырда оқырманды немен таңғал­дыруға болады? 

– Заман озған сайын оқыр­мандарды таң­ғалдыру да қиындай бермек. Жұрт баяғыдай ал­даны­шын әдеби кітаптардан іздемейді. Бос уа­қытында сарп қылар ер­мектері де көп. Меніңше, оқыр­мандарды таңғалдырудан гөрі олардың жүрегіндегі бос орынды толтырған дұрыс секілді. Және тамыршыдай тап басу керек. Әр адамның ішінде ұйықтап жатқан сағынышы, махаббаты, ғадауаты болады. Соны оята білу керек. Сол арқылы сен өзіңді, ол өзін табады. Сон­да ғана әлгі сағымдай жүз беріп, көрген түстей көлкіп өте шығатын мағынасыз ақпа­раттан өзін аршып алады. Дін­дарлар айтады ғой: «адам құдайын іздейді» деп. Адам шын мәнінде жүрегіндегі жасырынған жал­ғыз­дығымен алыса­ды. Соған серік, сырлас іздейді. Егер осыны дәл тауып, төбесінен түсіп бере алса­ңыз, сіз оны таң­ғал­дырушы ғана емес, жақын досына айналасыз.

– Бүгінгі шығарманың көтер­ген жүгі қандай болуы керек?

– Өткенді жазсаң – тарих. Келешекті жаз­саң – фантастика. Мен өз заманымды жазам. Егер сіздің шығармаларыңыздың кө­терген жүгі жеңіл болса, уақыт ағысы жұтып кетеді. Ешкім де жазған, жасаған еңбегімнің сал­мағы жеңіл тарт­са екен демейді. Сіз жаныңыз ыңыранып арт­қан жүк, көтерген тақырып бір күн­дері күре­сінде көміліп қалуы ға­жап емес. Бәріне уақыт төреші. 

– Сіздің әңгімелеріңіздің бәрі қып-қысқа. Чеховша айтқанда, «краткость – сестра таланта» де­генді ұстанып жүрген жоқсыз ба?

– Жоқ! Шығарманың ұзын-қысқалығы сіздің талантыңыздың дәрежесіне өлшем бола алмайды. Алайда қысқа жазуды жаным жақсы көретіні рас. Мүмкін бұл менің артықшылығым да, кем­шілігім де шығар. Біздің ауылда екі кісі болды. Біреуі бір гектар жерге, екіншісі бес гектар жерге бидай егетін. Бір қызығы, күз кел­генде екеуі де бірдей өнім алатын. Сол сияқты барлық әңгімеле­рімнің көлемін далитпай, ба­рынша сығымдап жазуға тыры­сатыным шын. 

– Әдебиетте қысқа жанрды пайдаланған жазушылар бар. Қып-қысқа әңгімесімен-ақ үлкен ойды жеткізген шығармаларды білеміз. Сіздің жанрдың ерекшелігі неде?

– Қазір, шынын айтқанда, адамдардың уақыты тығыз. Нағыз әдебиетпен ауыратындар болмаса, роман оқып отыратындар санаулы ғана. Бұл әңгімелер ешкімнің уа­қытын ұрламайды. Есесіне оқы­ған адамның есінен көтерілмеуге тиіс. Жал­пы, мендегі жанр мен стильдің атқарар мін­деті: ұмыт бола бастаған, ұлттық сана мен мінез су­ретінің шаңын қайта сүрту. «Шығарма жазу үшін аса бай тілдің қажеті жоқ! Айтар ойыңды жеткізсең болғаны» деген қағидаға қар­сылық. Күн сайын тіл қазанына түсіп, санамызды қо­йырт­пақтап жатқан терминнен ада әдебиет жасау. Ұзақ жылдар бұрын ата қазақпен бірге жер қойнына тапсырылған қайран сөздерді қайта көкейіне салу. Мен қатып қалған дәстүршіл адам емеспін! Алайда біздің жоғалған тіл бояуы­мыз түр бояуымызға, ұлттық болымысымызға тікелей әсер ететінін айтқым келеді. Егер кімде-кім шығармаға қазақы тілдің қайырымы жетпейді, ұрпақ ауысып, тіл жаңарып кетті десе қателеседі. Ол мейлі қаланың, мейлі даланың қазағы болсын, өз тамырынан су ішпеген ағаш. Ондай ағашты кез келген жерге отырғыза беруге және кез келген жерден жолықтыруға болады.

– Жазушы Несіпбек Дәутай­ұлының шығарма­ларының атауы қызық, тосын келетін еді. Сондай дүниені сізден де байқап жүрміз: «Шала ба­уыздалған ақ ешкі», «Бүйі қаптаған жаз», «Құралай тышқанның құмалағы» және т.б. Осылай кете береді. Мұның сыры неде?

– Шығармаға ат қою балаға ат қойған секілді. Әке ретінде оған ең әуелі дұрыс ат қоюың керек болады. Ешкім де жаңа туған баласын көптің бірі бо­лады деп ойламайды. Одан үлкен нәрселер кү­теді. Баласын ұстап тұрған әрбір адам өзінің қо­лында дүниені өзгертетін кілт тұрғандай сезі­неді. Бұл да сондай сезімнен туған дүние болса керек.

– Көп әңгімелеріңізді әлеу­меттік желіге жариялайсыз. Неге?

– Басқа қайда болуы мүмкін?! Мен әуелі өзім үшін жаздым. Жазған сайын жеңілдеп қалатын едім. Мен осыған дейін жаныма маза бермей кел­ген аласапыран ойлардың соққысынан жазу ар­қы­лы ғана арылу керек екенін білдім. Бір­тіндеп мені оқитын­дардың саны арта бастады. Же­кеме шығып, келесісін қашан жа­затынымды сұрай бас­тады. Мен оған дейін жазғандарымды жасы­рып ұстайтынмын, болмаса жыртып тастайтын едім.

– Кей шығармаларыңызға корректор мен редактор қажет деп санамайсыз ба?

– Орынды сұрақ. Әбден қажет. Бұл – менің ең жанды жерім.

– Соңғы кездері қазақ жазу­шыларының арасында Нобель сыйлығына ұмтылу бар секілді. Жалпы, жазушы сыйлыққа не болмаса байқауға арнап жазғаны дұрыс па?

– Нобель туралы тартысты сұрақ көп. Ұмтылғаны жақсы. Нобель әдебиеттің өлшемі емес шығар. Бірақ бір қазақ жазушысы Нобель алып жатса, тақиямызға тар келмес еді. Ал шығарма шын мәнінде Нобельге емес, оқыр­манға арнап жазылады. 

– Постмодернизм деп едік. Бүгінгі бағыт-бағдар қандай болып кетті?

– Постмодернизмді біз дұрыс түсінбей қалған сияқтымыз. Қазақы кейіпкерді еуропаша киін­дірген секілді әсер береді. Аузына салған диалогы да біз қолданбайтын сөздер. Тіпті, естіп көрмеген десе де болады. Сосын аз санды әдеби қауым болмаса, былайғы жұртпен, көп санды оқыр­мандармен арасы үзіліп қалды. Мұның ақыры «осы бізге әдебиет керек пе?» дегенге әкелді. Жаңа нәрсеге ұмтылу, сол үшін еңбектену жақсы қасиет. Алайда оған барар жолды дұрыс таңдау одан да маңызды дегім келеді. 

– Әңгімелеріңізді оқып, сыни баға бергендер көп болды ма?

– Ең алдымен әдебиеттанушы, ақын қа­рын­дасым Ақерке Асан бірінші болып «Құралай тыш­қан­ның құмалағы»деген әңгімем туралы «Қазақ әде­биетіне» арнайы рецензия жазды. Әдеби орта­да­ғы жиын­дар­да жиі айтылып қап жүр. Әзірге басты сын жоғарыда өзіңіз тілге тиек етіп отыр­ғандай, грамма­тикалық қателіктер туралы ғана. Құдай ғұмыр берсе, кейінгісін тағы көре жатармыз. 

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС