Ерлан Мазан есімді желі қолданушы өзінің Facebook парақшасына Қазақстан жерінің Қытай халқына сатылып жатқанын жазды.
Оттамасын! – АШМ-ның баспасөз қызметкері қытайлықтарға жер сатылып жатыр дегендерге жауап берді

"Ойда-жоқта Қытайдағы жер жалдау сайтына тап болып, таңғалдым. Әлгі Жер кодексі арқылы шетелдіктерге жалға берілмейтін болып шешілген ауылшаруашылық мақсатындағы қазақтың жері ол сайтта арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр. Бұл енді барып тұрған бассыздық қой!" – деді жазба авторы.

Осы жарияланымнан соң, көп ұзамай Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі жауап берді.

"Оттамасын! Алақандай жер болса да шетелдіктерге сатылмайды және жалға да берілмейді! ҚР Жер кодексінің 24-бабына сай Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынған.

Тіпті, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына жер берілмейді!», – деді ҚР АШМ баспасөз хатшысы Дамир Аспан.

Содан соң Жер комитетінің төрағасы – ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов та жоғарыдағы жазбаға жауап қатты.

"Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатыны туралы ақпарат жалған екенін  мәлімдейміз. Сонымен қатар Кодекстің 38-бабы 5-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (субарендаға) беруге жол берiлмейдi.

Егер кез келген субъектілер тарапынан аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда оларға жол берген субъектілер заңнама талаптарына сәйкес жауапқа тартылады және бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында»,  – деді Мұрат Теміржанов.