Оралдық блогер 7 жылға сотталды.
Танымал блогер 7 жылға сотталып кетті
39,163
оқылды

Бүгін судья Роза Сариева Аслан Өтеповті 7 жылға соттады. Сот залында ине шаншар орын болған жоқ. Блогерді қолдауға оралдық белсенділер жиналды.

Сот залына блогерді ду қол шапалақпен қарсы алды. Бұл қол шапалақтау 1-2 минутқа созылды.

«Достар, қолдау білдіргендеріңізге рақмет. Мен жемқорлықпен, әділетсіздікпен күресе беремін. Қазір сот үкімін көреміз, Жаңа Қазақстан бар ма, жоқ па, сосын айтамын",  – деді Аслан Өтепов.

Аслан Өтепов Оралда трамадолдың сатылуына тосқауыл қою арқылы танымал болған еді.

Оралда белгілі блогер Аслан Өтепов 7 жылға сотталды.

 

Оралдық белсенділер Аслан Өтеповтің қолынан кісенді шешуді сұрады. Алайда полиция кісенді шешпеді.

«Мен өте қауіпті қылмыскермін, сондықтан кісенді шешпейді. Жолдастар, мені қолдап келгендеріңізге рақмет. Мен бостандықта болайын, абақтыда отырайын мұқтаж жандарға көмектесуді тоқтатпаймын. Бізде заңсыздық көп. Қарапайым нәрсені айтайын, мен отырған камерада тазалық сақталмайды. Тышқандар жүгіріп жүр, дұрыс тамақ бермейді. Ал түрмедегілер үшін қанша қаржы бөлінеді», – деді сот процесіне дейін Аслан Өтепов.

Істі судья Роза Сариева қарады. Бұған дейін прокурор блогерді 7,5 жылға соттауды сұраған болатын. Судья Роза Сариева блогерді 7 жылға соттады. 

Үкім оқылып болған сәтте залдағы белсенділер «Масқара! Масқара!», – деп айқайлады.

Үкімді тыңдаған Аслан Өтепов «Мен үкіммен келіспеймін. Сіздерді сатып алған, сіздер бәріңіз жемқорсыздар. Мен келіспеймін», – деді.

Естеріңізге сала кетейік, Аслан Өтеповке ҚК-нің «Пара беруге итермелеу», «Алаяқтыққа әрекет жасау" және "Алаяқтық» баптарымен айып тақты. Блогер 2022 жылдың 30 желтоқсаны күні қамауға алынған еді.

Сот отырысы аяқталған соң Аслан Өтепов «Бізде ештеңе өзгерген жоқ. Әділдік жоқ», – деп айқайлады.