Елімізде «Жайлы мектеп» жобасының алғашқы жеңімпаздары белгілі болды. Соның ішінде Қызылорда облысынан әзірге үш мектептің құрылысын салуға жеңімпаздар анықталып отыр. Бұл жайында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Өнеркәсіп кеңесінің кезекті отырысында мәлім болды.
Жалпы бағдарлама аясында 2025 жылға дейін елімізде 401 мектеп салынбақ. Оған республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қаралған.
«Алдағы 3 жылда біздің облыста 15 100 орынға арналған заманауи 21 мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 100 млрд теңге. Оның ішінде Қызылорда қаласында – 8, Арал ауданында – 4, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 2, Жалағашта – 1, Сырдарияда – 1, Шиеліде – 1 және Жаңақорған ауданында – 2 мектеп бой көтереді. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайын», – деді Қызылорда облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бақыт Дүйсенов.
Облыстық білім басқармасының өкілі салынатын мектептердің ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларының мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитынында екенін алға тартты. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл секілді қауіпсіздікке арналған құрылғылар орнатылады. Бұған қоса заманауи физика, химия, биология, робототехника кабинеттері болады. Сонымен қатар оқушыларға ыңғайлы болуы үшін трансформер-парталар қойылып, әр қабатта тынығу алаңдары қарастырылмақ.
Кәсіпкерлер жауапты мемлекеттік орган және «Samruk-Kazyna Construction» өкілдерінен жергілікті өнімдерге, кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды да сұралды.
Кеңес отырысының қорытындысымен облыс әкімдігі жанындағы комиссияға ұсыныс жолданатын болды. Онда мектеп құрылысына қажет құрал-жабдықтар мен материалдарды таңдау барысында жергілікті өнім өндірушілерге басымдық беру механизмін арнайы құжатқа енгізу сұралады.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінде «Алтын Айдарлы», «Аман-Құрылыс», «СМП-Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мемлекеттік бағдарлама аясында білім ордаларын салуға мүмкіндік алып отыр. Нәтижесінде аталмыш құрылыс компаниялары 300, 600, және 900 орындық мектептердің құрылысын жүргізеді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы