Премьер-Министр балалардың жазғы демалысы кезінде ауыл балаларына дұрыс көңіл бөлінбейтінін айтты.
Премьер-Министр ауыл балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді
563
оқылды

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында ауыл балаларының жазғы демалысы қалай ұйымдастырылуы керектігі жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Премьер-Министр балалардың жазғы демалысы кезінде ауыл балаларына дұрыс көңіл бөлінбейтінін айтты.

«Өңірлерде балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу ісі көп жағдайда формалды түрде жүргізіледі. Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді»,  деді ол.

Сондай-ақ ол әкімдіктер бұл бағыттағы жұмысы сылбыр екеніне де тоқталды.

«Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Осы орайда әкімдіктер тарапынан тиісті жұмыс көлемі жеткіліксіз екенін атап өту керек.

Жалпы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды мәселені ескеру қажет.

 

Әсіресе, балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес сапалы өтуі тиіс.

Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдері тиісті қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі қажет.

Әкімдер жаз айларында оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртып, жабдықтау жұмыстарын күшейтуі тиіс»,  деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр жергілікті әкімдіктерге әлеуметтік осал топтағы балалардың жазғы демалысын сауықтыру шараларымен біріктіруді тапсырды.

«Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет»,  деді ол.