Сапар барысында дәрігермен жүргізген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Мыңжылқы Бердіқожаев: Жоба аясында жүз шақты науқасқа кеңес беріп, 20-дан аса операция жасадым
1,223
оқылды

«Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері» аясында кезекті іссапармен Атырау облысында болған делегацияның көшін МОУ жоғары санатты нейрохирург дәрігері Мыңжылқы Бердіқожаев бастады.

– Атырау облысындағы кезекті іссапар сіз үшін несімен ерекшеленді? Келген науқастардың басым шағымдары қандай болды?

– Атыраудағы іссапардың ерекшелігі, бір күнде 46 науқасты дәрігерлік кеңеске қабылдап үлгердім. Алдыма келгендердің басым көпшілігі инсульт көтерген кісілер, жарығы (грыжа) бар науқастар. Сондай-ақ паркинсон және эпилепсиямен ауыратын науқастар да болды. Оларды Медициналық орталық ауруханасындағы білікті мамандарға бағыттап, қолымнан келген көмекті барынша беруге тырыстым.

 

– Өңірдегі әріптестермен тәжірибе алмасу барысында екі тарап үшін жаңашылдықтар орын алды ма?    

–  Иә, іссапар барысында атыраулық әріптестер ми қантамырларының тарылуы бойынша бізбен бірге алғаш рет операция жасады. Оларға операция кезіндегі техникалық кемшіліктерді көрсеттік. Өңірдегі дәрігерлер науқастарға ота жасау мен ем жүргізудегі тың әдістерді үйренді.  

– ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы және Атырау облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылады ғой, бұл Меморандум негізінде қандай нәтижелерге қол жеткізуге болады?

– Меморандум негізінде Атырау облысының ауруханаларымен серіктес ретінде бірге жұмыстар атқаратын боламыз. Науқастарға қатысты күрделі жағдайларда кәсіби кеңес беріп, тіпті жергілікті жерде операция жасауға мүмкіндіктер артады деп отырмыз. Сонымен қатар өңірдің жас мамандарына біздің тарапымыздан әдістемелік қолдау көрсетіледі.  

 

– Бұған дейін барған 4 өңірді қосқанда барлығы қанша операция жасап, қанша дәрігерлік кеңес жүргіздіңіз?

– «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері» жобасы аясында Ақмола, Шымкент, Ақтөбе, ШҚО арнайы іссапар бағдарламасымен болдық. Барлық өңір бойынша есебін жүргізсем, 100-ден аса науқасқа консультация жүргізіп, 20-дан аса операция жасаған екенмін. Оның ішінде басым бөлігі күрделі операциялар болды.