Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов 4 бала тәрбиелеп отырған аналарды 53 жаста зейнетке шығару туралы депутаттық сауалға жауап берді.
Көпбалалы әйелдердің зейнет жасы 53 жасқа дейін түсе ме - Үкіметтің жауабы
14,176
оқылды

Бүгінде зейнетақымен қамтамасыз етудің үш деңгейі де (базалық, ынтымақтық және жинақтық) еңбек өтіліне байланысты. Әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас деп белгіленген. 1998 жылы жинақтық зейнетақы жүйесіне ауысуға байланысты зейнетке шығу кезіндегі барлық жеңілдіктер алынып тасталды. Ал Әлеуметтік кодекс аясында 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі бар, 5 және одан да көп бала тәрбиелеп (асырап алған) отырған әйелдер үшін 53 жаста зейнетке шығу мүмкіндігі ғана қалды. 

"Ынтымақты және базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне жұмыс істемейтін ананың жас балаларына күтім жасау уақыты есептеледі, бірақ әрбір бала үшін жалпы алғанда 12 жыл шегінде 3 жасқа толғанға дейін, сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызы бар кезеңдер есептеледі. Бұл балалары бар және олардың күтіміне байланысты жұмыс істемейтін әйелдерге еңбек өтілін жоғалтпауға мүмкіндік береді", – деп жауап берді ол депутаттық сауалға. 

Алтай Көлгіновтің сөзінше, 5 және одан көп бала тәрбиелеген аналар 53 жасқа толған соң ынтымақтастық зейнетақы тағайындалады. Ал 61 жасқа талған соң жинақтық зейнетақы ала алады. 

"Бүгінде ынтымақтық зейнетақы көлемі зейнетке жаңа шыққандар үшін төмендеп келеді. Өз кезегінде бұл міндетті зейнетақы төлемдері негізінде жинақтық зейнетақының өсуімен өтелуі керек. Сәйкесінше, 4 баланы дүниеге әкелген аналар үшін ерте зейнетке шығу толыққанды зейнетақы деңгейімен қамтамасыз ете алмайды", – деді вице-премьер.

Фото: Болат Шайхинов