Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы қыз-келіншектердің хиджаб киюіне қатысты пікірталасқа өз ойын білдірді. Ол бұл туралы NEGE сайтына берген сұхбатында айтқан.
Орамал таққан қыздардың біразының алды бес-алты рет байға тиген – Ханбибі Есенқарақызы

"Бұл мәселені кеудесінде жаны бар қазақтың бәрі айтып жатыр. Хиджаб біздің киіміміз емес, бұл – арабтың киімі. Олар не үшін оранып алатыны туралы себебін де айтып жүрміз. Қазақ ешқашан қызының бетін бүркемеген, қара жамылғыға орамаған. Жасөспірім кезінде басына тақия, күн салқын кезде бөрік киген. Ал ұзатылғанда сәукеле, одан кейін жаулық салған. Онда да беті ашық болған", – деген ол. 

Сондай-ақ, мектеп жасындағы қыздардың орануын тіпті де құптамайтынын жеткізді.

"Соңғы кезде қыздарымыз көзін ғана көрсетіп, бүркеп алатын болды. Тіпті, мектепке де солай киініп келетіндер бар. Біздің ауылдағы мектепте оранып жүретін жасөспірім туып қойған. Мұғалім інімнің «Бетін жапқанмен артын ашып қойған екен ғой» дегені бар еді. Сол айтпақшы, хиджаб кигендердің арасында темекі тартатын, ішімдік ішіп, оңды-солды жүретіндер көп. Сондықтан мәселе – хиджабта емес. Бәрі отбасында алған тәрбиесінде", – дейді ол.

Журналист "Соңғы кезде ақын қыздар, эстрада әншілері де оранып алып жүр. Бірақ былайғы өмірі соған сай еместей көрінеді. Кейбірі бірнеше рет тұрмысқа шыққанын да жасырмайды. Сіз мұны қалай қабылдайсыз? деген сауал қояды. Ханбибі Есенқарақызы:

"Иә, оның рас. Олардың әлгі талақ дегені бар. Орамал таққан қыздардың біразының алды бес-алты рет байға тиген. Туған баласының қай күйеуден екенін білмей далбасалап жүргені де жоқ емес. Бұлар – жасырын жезөкшелер", – деп жауап берген.