Оқу жылы аяқталып жатқанда Павлодар облысындағы мектептердің былықтары ашылып жатыр. Мәселен, Май ауданының орталығы Көктөбедегі қазақ мектебіне тексеру жүргізген антикор біраз кемшілікті анықтады, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Білім ұясының бұрынғы директоры, қазіргі таңда аудандық кітапхананың басшысы Санял Зілкенов мектептен факультативтік сабақтар алған. Өзімен бірге баласына және декретте отырған әйеліне де факультативтік сабақтар алып берген. Алайда, ешқайсысы жыл бойы сабақ өткізбеген.
«Түскен шағым бойынша тексеру жүргізгенде анықтадық. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысынан кейін шаралар қабылданады», – дейді Павлодар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Назымбек Текжанов.
Сонымен қатар, құзырлы орган Май аудандық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісінің де мектептен факультативтік сабақтар алғанын анықтаған. Ал аудандық білім беру бөлімінің басшысы Орынбасар Темірболатова мемлекеттік қызметшінің қосымша жұмыстармен айналысуына тыйым жоқ дегенді алға тартады. Темірболатованың айтуынша, мектептің экс-директоры мемлекетке келтірген шығынды қайтарған. Әйтсе де, антикор соңына дейін тергеу жүргіземіз дейді.
Фото: massaget.kz