Бұл жолғы жиын халықаралық құжаттарды ратификациялау мәселелеріне арналды. Мәселен, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Хаттамасы мен Келісімін ратификациялау мәселесінен басталды. Хаттамада Келісімге енгізілуі тиіс БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін белгілейтін өзгерістер көзделген. Ал Келісім ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарын бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру кезіндегі тараптардың өзара іс-қимыл мәселелерін реттейді. Жиында заң жобасы түріндегі қос құжаттың маңызды тұстары талқыланды. Одан кейін депутат Еділ Жаңбыршин Ресей мен Қазақстан арасындағы мұнайға қатысты сауда-экономикалық Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдау жайын көтерсе, Асхат Рахымжанов Қазақстан мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты мәжіліс назарына ұсынды.
Осы күн тәртібінің ішіндегі маңызды құжаттар ретінде «Қоғамдық бақылау» жөніндегі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын айтуға болады.
«Президенттің тапсырмасына орай дайындалған бұл құжаттар мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Заң жобалары палатаның 2022 жылғы 7 желтоқсандағы жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобаларымен жұмыс барысында депутаттар келесідей жүйелі түзетулер енгізді. Түзетулер негізінен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында және оның еншілес компанияларында мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ұлттық жобаларға қатысты. Сондай-ақ қор қайырымдылық көмек көрсеткен кезде қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» басқа да дербес білім беру ұйымдарын қоғамдық бақылау объектілеріне жатқызу, қоғамдық бақылау объектісіне барудан бас тарту негіздерін нақты айқындау мәселелері қарастырылады. Бұдан бөлек, азаматтарға петиция беру қағаз түрінде де беру, петицияны орналастыру үшін қажетті дауыс санын азайту, мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімдерін қысқарту, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери оқу орындары тәрбиеленушілерінің, ұландарының, кадеттері мен курсанттарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін олардың отбасы мүшелеріне әскери бөлімдерге, оқу орындарына бару құқығын берудің тетіктері реттеледі», – деді «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Ерлан Саиров.
Сондай-ақ аталған заң жобасының тақырыбын өзгерту жөнінде түзету енгізілген. Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобалары бойынша оң қорытынды берді. Жұмыс тобына 180-нен астам ұсыныскеліп түсті, олардың басым көпшілігі қолдау тапты. Азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы өкілдері жұмыс тобында жоғары белсенділік танытты. Жұмыс тобының 28 отырысы және комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Заң жобасының ең басты мақсаты – Конституцияға сәйкес азаматтардың мемлекет істерін тікелей басқаруға қатысуына жағдай жасау. Бұл еліміздің қоғамдық процестерінде орасан зор прогрессивті қадам болмақ. Депутаттың заңдарды қабылдау және Сенатқа жіберу туралы ұсынысы бірауыздан қолдау тапты.
Одан соң кезек депутаттық сауалдарға берілді. Сұрақтардың дені Үкімет басшысы мен оның орынбасарына және Бас прокурорға арналды. Мәселен, депутат Е.Саурықов республикалық және облыстық маңызы бар күре жолдардың бүгінгі жағдайы мен оның тозуына тікелей әсер етуші факторлар турасында мәселе көтерсе, С. Мұсабаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысындағы жағдайды реттеуге арналған үкіметтік комиссия жұмысын сынға алды. Аманаттық тағы бір депутат Мақсат Толықбай Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек секілді көптеген ауылдың, сондай-ақ «Арай» және «Дархан» саяжайы тұрғындарының наразылығын жеткізді. Өйткені осы елді мекендерді газбен қамтып отырған «Сигма Газ» ЖШС-ның қожайындары бағаны қолдан көтеріп, газдың құнын 34,75 теңгеге өсіріп жіберген. Ал сол жердегі басқа компаниядан газ алатын, іргесіндегі Қаскелең қаласының тұрғындары газдың бір текше метріне 26-27 теңгеден төлеп отыр. Бұл өте үлкен айырмашылық.
«Мәселенің ушығып кеткені соншалықты, бұл дау шешілмесе, екі аптадан кейін мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатынын ескертіп отыр. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында «Сигма Газ» ЖШС-ның қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірнеше заңбұзушылық фактісін анықтаған. Анықтап қана қоймай, Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодекстің 164 және 167- баптарына сәйкес, «Сигма Газ» ЖШС-на қатысты 2 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған. Компанияға шекті баға деңгейін әр текше метріне 34,75 теңгеден 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттеп, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шығарған болатын. Алайда «Сигма Газ» ЖШС бұл шешімді әлі орындамай отыр», – деді депутат.
Одан басқа, депутаттар экология мәселесін де, мультфильм мәселесін де көтерді. Ринат Зайытов Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз және Маралды өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі мен ластануының себептерін анықтайтын комиссия құруды ұсынды. Ал «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Д. Тұрғанов «Көкжиде» жерасты сулары кен орнының шекарасында орналасқан мұнай-газ компанияларына олардың табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына сәйкестігі мәселесі бойынша кешенді прокурорлық тексеру жүргізуді; Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосуды; Жайық өзенінде тереңдету жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлу мәселесін тез арада шешуді; Жайық-Каспий бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар туралы толық ақпарат беруді талап етті.
Өз кезегінде белгілі заңгер, аманаттық депутат Абзал Құспан Бас прокурор Берік Асыловтың атына заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған заң жобасы аясында депутаттық сауал жолдады. Ол 30 жыл бойы ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі қазақстандық және шетелдік фирмалар көбейгеніне назар аударып, олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс істеу емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіретінін сынады. Шетел асқан Қазақстан қазынасын іздестіреміз десек, негізгі назарымызды Атырау өңіріне және әлемдегі ең ірі 5 мұнай кен орындарының бірі Теңіз айлағына аударуымыз керек екенін айтты.
Н.ОРАЗҒАЛИЕВ