Кездесуде ел бірлігін нығайту, қоғамдық құндылықтарды дәріптеу ісінде қаламгер қауымның атқаратын рөлі қарастырылды.
Мемлекет басшысы Жазушылар одағы ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ екенін айта келіп, ақын-жазушылардың халық әдебиетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, қоғамның бірлігін нығайтудағы еңбегі зор екеніне назар аударды.
Президенттің пікірінше, бүгінгі уақыт талабы басқа. Оқырманның талғамы, қоғамның құндылығы – барлығы өзгеріп келеді. Сондықтан шығармашылық ортаның жұмысы да бүгінгі заман талабына сай болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талғамына сай, іздеп жүріп оқитын қызық туындылар жазылуы керек екеніне айрықша тоқталды. Сонымен қатар жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қаламгерлерді қолдау шаралары жалғаса беретінін айтты.
Мереке Құлкенов Президентке Жазушылар одағының жуырда өткен съезінде талқыланған маңызды ұсыныстар мен ұйымның алдағы жоспары жөнінде баяндады.
Атап айтқанда, Жазушылар одағының төрағасы Президентке «Мәдениет туралы» заңға қазақ жазушыларының шығармаларын басып шығаруға және кеңінен таратуға септігін тигізетін арнаулы нормалар енгізу жөнінде ұсыныс айтты.
Сондай-ақ қаламгерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Президентке ризашылығын білдірді.