Биыл қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Әкім Тарази торқалы 90 жасқа толады. Осыған орай елорда төріндегі Ұлттық ака­демия­лық кітапханада «Әкім Тарази әлемі» атты рухани-әдеби кеш өтті.
Әдебиет әлемінің Әкімі
2,447
оқылды

Мерейтойлық шара ая­сын­да жазушының мемлекеттік тап­сырыспен жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағы мен «Мазмұндама» қоғамдық қоры шы­ғарған «Ауыл шетіндегі үй» және «Мұс­тафа Шоқай» кітаптары көп­шілікке таныстырылды.

Шараға әдебиет пен мәдениеттің көрнекті өкілдері түгел дерлік жиналды. Олардың арасында Мырзатай Жолдас­беков, Төлен Әбдік, Шәрбану Бейсенова бастаған қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бастап әдебиет жанашырлары мен қаламгердің артынан ерген шәкірт­тері де қатысты. 

Жиынды Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов алғысөзімен ашып, қаламгерді мерейтойымен құт­тықтады. «Биыл классик жазушы ағамыз торқалы тоқсан жасқа толады. Сон­дықтан көктемнен бастап жыл көлемінде ел көлемінде бірқатар шараны ұйым­дастыруға ниет етіп отырмыз. Бастамасы осы болсын» деп   философиялық терең дүниетанымға негізделген шығармалары арқылы ұлттық құндылықтарды дәріп­теп, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықы­ласына бөленген жазушыға жүрек­жарды тілегін жеткізді. «Кітаптарыңыз әлемнің көптеген тіліне аударылды. Солардың арқасында ұлттық әде­бие­тіміз­дің көкжиегін кеңейтуге үлкен үлес қостыңыз. Драмалық шығарма­ларыңыз еліміздің театрларында сахна­ланып, өзіңіз жазған сценарийлер бо­йынша тамаша кинофильмдер түсірілді», – деді министр Асхат Оралов. 

Бұдан кейін мерейтойлық шараның шымылдығы  Мемлекет басшысының бейнеқұттықтауымен ашылды. Бейне­жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгер шығарма­шылығын жоғары бағалайтынын жет­кізген. «Біріншіден, Әкім Тарази – жазу­шы әлемінде өте сирек кездесетін тұлға. Бұл кісінің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше, бірегей жазушы деп айтуға болады. Әкім Тарази жалпы қалада бо­лып жатқан дүниелер, урбанизация үде­сін­дегі дүниелерді көп жазады. Бұл тұр­ғыдан алып қарасақ, белгілі түрік жазу­шысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памукқа ұқсайды. Бірақ ол кісімен салыстырған кезде Әкім Тарази ағамыз жақсырақ жазады деп айтуға болады. Бұл кісінің философиясы өте терең. Тағы бір ерекшелігі бар. Ол кісі нағыз реалист. Туындыларын жазған кезде оқырмандарды аямайды. Шын­дықты айтады. Біздің әдебиетімізде осын­дай жазушылар көп емес деп ойлай­мын. Сондықтан Әкім Тарази біздің әдебиетімізде, әлем әдебиетінде өзінің терең ізін қалдырды. Шерхан Мұртаза айтқандай, жазушының көзі – көкіре­гінде. Әкім Тарази жазушы ретінде де, драматург ретінде де өмірге көкірегімен, жүрегімен қарайтын жазушы. Ол кісінің орны біз үшін ерекше. Өкінішке қарай, біз жазушыларымызды шетелге паш ете қалмай қалдық. Әкім Тарази шетелге көбірек танымал болады деп ойлаймын. Себебі ол кісі дүниежүзіндегі ең жоғарғы наградаларға лайықты деп санаймын. Оған ешқандай күмәнім жоқ», – деді Президент.

Өз кезегінде сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыды­рәлі жазушы шығармашылығына тоқ­талып,  оның қаламынан шыққан әрбір туынды дәуір тынысын дөп басып, қалың оқырманға терең ой салатынын тілге тиек етті. «Әдебиетіміздің алыбы, ұлты­мыздың абыз ақсақалы Әкім Таразидың торқалы 90 жасына орай өтіп жатқан игі шарада бас қосып отырмыз. Мемлекет басшымыз құттықтау сөзінде айтып өткендей, Әкім ағамыз әлемдік деңгей­дегі классик жазушы. Шын мәнінде, «Әдебиет әлемінің Әкімі» атанған клас­сик жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім ағамыздың жазу мәнері мен сөз өнеріне, прозасындағы сюжет пен тіл кесерлік ойларына баршамыз қанықпыз. Әкім ағамыздың шығармаларын оқып отырғанда көз алдымызда кино лента­лары жүгіріп өткендей болады. Әкім ағамыздың бүгін тұсауын кесейін деп отырған он екі томдық шығармалар жинағы – жазушының күн отырмай, түн ұйықтамай қолынан қаламы түспеген, талай жылғы қажырлы еңбегінің жемісі. Соның ішінде тұтас Түркістан үшін от кешкен ұлы күрескер Мұстафа Шоқай­дың өмір жолын, болмысы мен бейнесін жаңа қырынан танытып, шұрайлы тіл, шебер суреткерлікпен көркемдеген тағы­лымды туынды – әдебиетіміздің асыл қазынасына қосылған құнды дүние екені анық», – деді ол. Сондай-ақ Дархан Қыдырәлі «Әкім Тарази – философ әрі психолог жазушы. Ойшыл қаламгер күрделі шығармаларында дәуір шын­дығын, қоғам өмірін, адам болмысын һәм әлеуметтік-рухани мәселелерді терең­нен толғап жазады» дей келе, бір­туар қаламгердің құнды туындылары уақыт безбеніне төтеп беріп, келер ұр­пақ­тың да асыл мұрасына айналарына кәміл сенетінін айтты.

Игі шараға келген белгілі қаламгерлер мен мәдениет саласының майталмандары да абыз ақсақал туралы сүбелі ойлары мен келелі пікірлерін айтып, ақжарма тілектерін жеткізді. Оның ішінде Мем­лекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, Мемлекеттік сый­­лықтың лауреаты Төлен Әбдік, мем­лекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, жазушы Шәрбану Бейсенова сияқты жазушылар  мен қаламгердің шы­ғармашылығын зерттеп жүрген шә­кірт­тері ерекше естеліктерімен бөлісті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дра­ма­тург жазушы Төлен Әбдік: «Әкім ағамыз – қазақ әдебиетінде қоғамды сы­нау, адамды сынау, сын көзімен сын­шыл реализмге бет бұру дегенді бастаған кісі» деген бағасын берді. Оның айтуын­ша, жазушы әр жанрда жетістікке жеткен адам. Сондықтан жазушының прозасы бір бөлек, драматургияға да зор еңбек сіңірді.  

Тәрбиелік мәні зор салиқалы кештің аясында классик жазушының он екі томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Сондай-ақ «Ауыл шетіндегі үй» және «Мұстафа Шоқай» кітаптарының та­ныстырылымы болды.  Қаламгер қа­лың көпшілікке ыстық ықыласы мен қол­даулары үшін зор алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Бұдан соң жиналғандар Ұлттық академиялық кітапхананың Әкім Тарази шеберханасындағы жеке қолтаң­балар көрмесін, Ұлттық архив қорынан Әкім Таразидың жеке тектік қорын және фотокөрмені тамашалады. Қаламгер өз шеберханасында соңынан ерген шәкірт­теріне ақыл-кеңесін айтып, қолтаңбасын қалдырды. 

Кешті қаламгердің аяулы жары, жазу­шы, драматург Роза Мұқанова түйіндеп, Мәдениет және спорт минис­трінің орын­басары Нұрқиса Дауешов пен Мәде­ниет комитетінің төрағасы Арман Жүдебаев қосыла тартқан қазақтың күйі өнердің шашуындай дүбірлете, күм­бірлете төгілді.   

Жадыра МҮСІЛІМ