Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына қарасты Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатын екі-ақ түлек бітірді.
Биыл Маңғыстау облысында 7 439 оқушы мектеп бітірді. Ал өңір бойынша Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатында оқушы санына байланысты тек 2 түлек қана 11-сынып бітірді.
Мұндағы Бейнеу мектеп-интернатында соңғы қоңырау соғылып, 11-сыныпты тек екі қыз бала аяқтады. Негізінен, бұл ауылда екі мектеп бар. Оның бірі – Ә.Жангелдин атындағы білім ордасы болса, екіншісі – Бейнеу мектеп-интернаты. Алғашқысында 350-ден астам оқушы білім алады. Ал интернатта оқушылар саны тек 100-ден асады. Мектеп басшысының айтуынша, көбі жақын маңдағы ауылдар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары.
«Биыл Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатынан 2 түлек бітірді. Былтыр осы сыныпта көрші ауылдан екі ер бала келіп оқыған еді. Алайда 11-сыныпқа көшетін уақытта олар кетіп қалды. Себебі дене тәрбиесі секілді сабақтар ер балалар үшін қызықсыз болды. Бейнеу мектеп-интернатында 104 оқушы бар. Оның 50-і интернатта жатады. Оқушыларға 29 мұғалім сабақ береді. Бізде 11-сыныпқа дейін оқушылар іріктеліп, тек екеуі қалды. Көбі 9-сыныптан кейін колледжге түсті», – дейді мектеп директоры Айса Сағындықов.