Ерлан Қошанов Қабанбай батыр ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектеп түлектері мен бірінші сынып оқушыларының салтанатты жиынына қатысты.
Мәжіліс Төрағасы Қабанбай батыр ауылының оқушыларын соңғы қоңыраумен құттықтады
2,262
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Ақмола облысының Целиноград ауданына барды. Спикер оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, өңірдің ірі шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті.

 

Ерлан Қошанов Қабанбай батыр ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектеп түлектері мен бірінші сынып оқушыларының салтанатты жиынына қатысты.

Бүгін біз үшін ерекше күн. Қос мереке қатар келіп отыр. Халықаралық балаларды қорғау күнімен және соңғы қоңыраумен құттықтау үшін арнайы келдім. Бүгінде мемлекет тарапынан білім беру жүйесін жетілдіруге және түлектердің өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған. Жыл сайын тегін грант саны ұлғайып жатыр. Жаңа университеттер ашылып, түрлі бағдарлама қолға алынуда. Педагогтердің мәртебесі артып келеді, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Мәжіліс Спикері Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл елімізде 400 жаңа мектеп салынатынын атап өтті. Соның біреуі – осы Қабанбай ауылында бой көтереді.

Бұл мектеп ең жоғары стандарттарға сай салынады. Еліміздегі ең үздік мектептермен терезесі тең болады. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың біразы жуық арада жаңа әрі жайлы мектепке көшеді, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасымен бірге оқушыларды құттықтауға депутаттар Айна Мысырәлімова мен осы мектептің түлегі Динара Наумова да келді.

Бүгінгі түлектер де еліміздің лайықты азаматтары болады деп сенемін. Тек алға ұмтылыңдар. Өз күштеріңе сеніңдер. Қиындықтардан қорықпаңдар. Сонда ғана көздеген мақсаттарыңа қол жеткізесіңдер, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Ақмола облысының ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, бірқатар шаруа қожалығына барды. Спикер егіс науқанының нәтижесімен танысып, ауыл шаруашылығы саласына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.