«Бұл мереке – халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қастерлі күн. Сондықтан әр азаматтың патриоттық рухын көтеретін іс-шараларды ұйымдастыруды көздедік. Осы ретте, 1-4 маусым аралығында өткізілетін шараларға 70 мыңға жуық тұрғын белсене қатысады деп жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Сыр өңірінің барлық аймағындағы «Рәміздер» алаңында тұрғындар мен ерікті жастардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылады. Негізгі шара 4 маусым күні Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен қаладағы «Рәміздер» алаңында өткізіледі. Бұл күні 15-тен астам жеңіл көлік пен 10 мото шабандоздардың қатысуымен шеру өтеді. Жалпы мереке аясында өткізілетін шаралардың әрбірі маңызды», – деп мәлімдеді өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.
Сонымен қатар мереке күні «Жас Ұлан» балалар-жөсөспірімдер ұйымының және «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелерімен арнайы сапта жүру шарасы ұйымдастырылады. Бұған қоса, Байқоңыр қаласында жалпыхалықтық патриоттық шаралар өткізілсе, барлық аудандардағы білім беру ұйымдарында Елтаңба авторы, сырбойылық Жандарбек Мәлібековтің еңбектерін насихаттау, мемлекеттік Туымыздың авторы, суретші Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығына арналған шаралар өткізу көзделген.
Басқарма басшысының айтуынша, жалпы көптеген патриоттық акциялар, көрмелер мен танымдық сағаттар өткізу жоспарланып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
Фото: qazaly.kz