Америкалық инженерлер жүздеген дронды бір мезгілде істен шығаратын технологияны таныстырды. Әскери қақтығыстар кезінде дрондарды қолдану жиілеген сайын оларға қарсы қару түрлеріне сұраныс та күшейді.
Жүздеген дронды бір мезгілде атып түсіретін ғажап технология жасалды
6,782
оқылды

АҚШ-тың Әуе күштерінің зерттеу зертханасы (AFRL) 2023 жылдың 5 сәуірінде ұшқышсыз аппараттарды жойып жіберетін жоғары қуатты микротолқынды құралын таныстырды. 

Тактикалық жоғары қуатты оперативті жауап беру құралы немесе THOR демонстрациясы сәтті өткізді. Киртленд әуе күштерінің сынақ полигонында жаңа қару бірнеше шабуылдаушы дронды бір мезгілде жойып жіберген. Бұл туралы америкалық Әскери әуе күштерінің ресми сайтында жарияланған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz хабарлайды.

Фото U.S. Air Force сайтынан алынды. Авторы: Adrian Lucero

«Әуе күштерінің командасы нақты топтық шабуылды имитациялау үшін THOR жүйесіне көптеген дрондарды қарсы жіберді», – дейді THOR бағдарламасының менеджері Адриан Лусеро. – «THOR бұрын-соңды дрондардың мұндай түрлеріне қарсы сынақтан өтпеген. Соған қарамастан жүйе жарық жылдамдығына жақын, кинетикалық емес, жоғары қуатты импульстармен дрондарды аспаннан сәтті атып түсірді», – дейді жаңа жүйенің менеджері.

AFRL агенттігінің сынақ инженері капитан Эрик Пламмер THOR жүйесін басқарған және бұған дейін THOR бағдарламасында екі жылға жуық жұмыс істеген. Ол THOR жүйесін топталып ұшып келе жатқан дрондарға қарсы бағыттауға жауапты болған.

«THOR шығаратын сәуленің жолағының кеңдігі мен жоғары қуаттылығы, нысаналарды бақылауға және жоюға арналған жылдам үйлесімі арқасында үлкен топпен ұшып келе жатқан дрондарды тиімді өшіруге қол жеткіздік», – дейді Лусеро.

Фото www.army.mil айтынан алынды

Ұшқышсыз ұшу аппараттары төндіретін қауіптер әскери қақтығыстар кезінде де, бейбіт өмірде де ұлғайып келеді. АҚШ Қорғаныс министрлігі осындай қауіптерге қарсы әскерилердің болашақ қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бағытталған энергия сияқты әртүрлі технологияларды зерттеуді белсенді жүргізуде.

THOR бағдарламасы менеджерінің орынбасары капитан Тайлор Хэнсон: «THOR дрондар тобына қарсы шайқаста, үздіксіз жүйелі шабуылдарға қарсы шайқаста өте тиімді болды. Бұл бірінші демонстрациялық үлгі және біз дәл осы технологияны қолданып, оны бүкіл әлемдегі қызметкерлерімізді қорғауда тиімді жасай аламыз», – дейді.

Фото airforce-technology.com сайтынан алынды            

AFRL демонстрацияның сәттілігін атап өтіп жатқанда, Киртленд жетекшілері қуатты электромагниттік технологияларды зерттеуге ондаған жылдар жұмсаған өз командасының қажырлы еңбегін мойындады.

«Бүкіл THOR командасының табандылығы мен кәсіпқойлығы болмаса, біз осы уақытқа дейін осындай нәтижеге жете алмас едік», – дейді AFRL зертханасының электромагнетизм бөлімінің басшысы Кен Миллер. – «Біздің ғалымдарымыз, ұшқыштарымыз және мердігерлеріміз бұл топтық демонстрацияны үлкен жетістікке жеткізу үшін таңертеңнен түнге дейін жұмыс істеді. AFRL біздің майдандағы әскерлерімізді қорғау үшін осындай озық технологияны дамытуға ұмтылады».

Иллюстрация afresearchlab.com сайтынан алынды. Авторы: Randy Palmer

AFRL туралы

Әскери әуе күштерінің ғылыми-зерттеу зертханасы АҚШ қорғаныс министрлігінің негізгі ғылыми-зерттеу орталығы саналады. AFRL АҚШ-тың әуе, ғарыш және кибер күштері үшін қолжетімді әскери технологияларды ашуда, дамытуда және біріктіруде ажырамас рөл атқарады.

Оның дүниежүзінде 11 500-ден астам қызметкері бар, орталық тоғыз технология саласында және 40 басқа операцияларда іргелі ғылыми және озық технологиялық зерттеулер жүргізеді.