«Лада Ларгус» көлігіндегі сол мезетте үш адам тіл тартпай кеткен. Төртінші адам ауруханада көз жұмды. Қаза тапқан төрт адам да мектепте мұғалім болған.
Жол апаты болған жерде қаза тапқан үш мұғалімнің бірі – №47 мектептің мұғалімі. Енді бірі Бәйтерек, біреуі Казталов ауданында мұғалім болған.
Қобда аудандық ауруханасында көз жұмған төртінші мұғалім – Орал қаласының психологиялық-педогогикалық түзеу кабинетінің сурдопедагогы.
«Ақтөбеге бара жатып, жол апатына түскен көліктің ішінде біздің мұғалімдеріміз бар. Олардың үшеуі қалалық білім бөліміне бағынысты мектептердің логопед-дефектологтары. Атап айтсақ, № 47, 5, 9 мектептің мұғалімдері. Олар Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде сырттай бөлімде оқығандар, 1 маусым күні диплом алуы тиіс. Сол үшін өз еркімен демалыс алып, жолға шыққан мұғалімдер еді», – деді қалалық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Эльмира Нұғманова.
Ал оқиға туралы Ақтөбе облыстық Полиция департаменті де мәлімет таратты.
«Лада Ларгус» автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі арақашықтықты сақтамай, жылдамдықты асырып, DAF жүк көлігінің артқы жағынан соқтығысқан. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Төртінші адам Қобда аудандық ауруханасына жеткізілді», – деді Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Еркін Өтеген.