Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағында кеше болған жол апатынан төрт мұғалім көз жұмды, екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Самара-Шымкент автожолы бойында «Лада Ларгус» автокөлігі «DAF» жүк көлігімен соқтығысқан болатын.
БҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға орнында жеңіл көлікте отырған Орал қаласындағы №47 мектептің педагог-дефектологы, Бәйтерек ауданы Новенький мектебінің дефектологы және Казталов ауданы К.Меңдәлиев атындағы мектептің логопеді қайтыс болды.
Оған қоса Орал қаласы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің сурдопедагогы ауруханада дүниеден өтті.
«Сонымен қатар Орал қаласындағы №5 орта мектепте логопед болып жұмыс істейтін 27 жастағы қыз және Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған мектеп-бөбекжай-балабақшасының педагог-дефектологы, 46 жастағы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Қаза болған және жол апатынан зардап шеккен педагогтердің отбасыларына қалалық, аудандық білім беру бөлімдері, мектептер және кәсіподақ тарапынан көмек көрсетілуде», – деп хабарлады ведомстводан.
Фото: Sputnik / Владислав Воднев