Мал шаруашылығы саласын субсидиялауға 2021 жылы 127 млн теңгені бөлінсе, 2023 жылы бұл қаражат 818 млн теңгеге дейін ұлғайған.
2023 жылы Маңғыстауда ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлінді
1,144
оқылды

Маңғыстауда ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Биыл ауыл шаруашылығының шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерін, шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында бюджеттен субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамытуға-818 млн теңге, егіншілікті дамытуға – 43,6 млн теңге, инвестициялық субсидиялауға – 720,4 млн теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға – 350 млн теңге. Мал шаруашылығы саласын субсидиялауға 2021 жылы 127 млн теңгені бөлінсе, 2023 жылы бұл қаражат 818 млн теңгеге дейін ұлғайған.

Жалпы, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін 2019-2021 жылдары агроөнеркәсіптік кешеннің 1005 субъектісіне 2,33 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінген. 2022 жылы – 2,2 млрд теңгеге 661 агроөнеркәсіптік кешен субсидияланған.

Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында біз «Ауыл аманаты» деп аталатын ауыл азаматтарына несие беру жобасын іске асырамыз. Жоба шеңберінде жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несиелер беріледі. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 250 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және олардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді деген үміттемін, – деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, осы жылдың 4 айында Маңғыстау облысының экономикасына 266 млрд теңге инвестиция тартылды.

«Бүгінгі таңда экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды. Оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту – жалпы экономикалық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Өткен жылы экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 600-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде – 6 жоба өңдеу өнеркәсібі саласында, 5-і әлеуметтік жоба, ауыл шаруашылығында 2 жоба, туризмде 4 жоба. Биыл 4 айда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 266 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға артты», – деді облыс басшысы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті өте зор.

«Біздегі шикізаттық базаның молдығы, экономикалық тұрақтылық, инвестициялық климаттың қолайлылығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы инвестиция көлемін бұдан әрі ұлғайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Осы орайда 2026 жылға дейін іске асырылатын 100 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Осы жобаларды сәтті жүзеге асыру арқылы өңір экономикасына 1,9 трлн теңге көлемінде инвестиция тартып, 6000 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Биыл 100 млрд. теңгеге 18 жобаны іске асырып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», – деді Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысының дерегінше, оның ішінде инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны құрылды.

Олар – Жаңаөзен қаласында өндірістерді оқшаулау аясында іске қосылған «Көркем Әлем» ЖШС ет өнімдерін өңдеу және ет дүкендерінің желісін ашу жобасы және «Kaz Fruit Company» ЖШС Ақтау қаласында көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасы.

«Бұл – өңір үшін маңызы бар жобалар», – деді ол.

Фото: baq.kz