Компанияның лауазымды тұлғаларының және мердігер мекемелердің қаржы жымқыру дерегі тексеріліп жатыр.
Маңғыстау облысында «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары ұсталды
1,022
оқылды

Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланып, ауыр салдарға алып келді деген күдікпен «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары Б. Мамбетсапаевты ұстады.

 

Ведомство мәліметінше, Б. Мамбетсапаев өз лауазымдық мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар таныстарын «Өзен Мұнай Газ» АҚ-на заңсыз кіргізген.

Ал компанияға жұмысқа кіру үшін Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан астам тұрғыны кезекке тіркелген.

«Таныстарының жұмыссыздар қатарында болмағанын, тиісті мамандыққа біліктіліктері сәйкес келмейтінін және жұмысқа мүлдем келмегендерін Б. Мамбетсапаевтың анық білгені тергеумен анықталды. Б. Мамбетсапаевтың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан  мемлекетке 46 млн теңгеден астам залал келтіріліп, Жаңаөзен қаласы тұрғындарының компанияға орналасуына көзделген құқықтарын өрескел бұзылуына әкеп соққан», – деп атап өтті Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері.

Тергеумен Б. Мамбетсапаевтың басқа да заңсыз әрекеттері, компанияның лауазымды тұлғалардың және мердігер мекемелердің бюджеттік қаражаттарды жымқыру фактілері тексеріліп жатыр.

«Тергеу жұмыстары жалғасуда. Қылмыстық процестік кодекстің  201-ббына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесінде жариялануға жатпайды», – делінген хабарламада.

Коллаж: Azattyq Ruhy