Бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай әкесі Тәкен Тәшкенбайға көлік алып берді, – деп хабарлады halyq-uni.kz.
"Ассалаумағалейкүм, қазақ елі! Аллаға шүкір кеше асқар тау әкешіме бала кезден армандап жүрген сыйлығымды сыйладым. Ең бірінші, осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір! Екінші, ата-анамыздың арқасы, барлықтарыңызға жұғысты болсын!" – деді ол.
Айта кетсек, Санжар Тәшкенбай 1-14 мамыр аралығында Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақта алтын медаль жеңіп алған болатын. Ол финалда грузиялық Сахил Алахвердобимен қолғап түйістіріп, оны төрешілердің бірауыздан шешімімен 5:0 есебімен жеңді. Осылайша, ол 19 жасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды.
Әлем чемпионатынан оралғаннан кейін Санжар ұлттық құраманың басқа да боксшыларымен және жаттықтырушыларымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Боксшы әлемдік додадағы жеңісі үшін Халықаралық бокс қауымдастығынан 200 мың доллар, Қазақстан бокс федерациясы тарапынан 100 мың доллар алды. Одан басқа, Астана қаласының әкімдігі демеушілер есебінен оған 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырса, жергілікті кәсіпкер, Beles құрылыс компаниясының директоры Махат Төреәлі боксшыға 1 бөлмелі пәтерді сыйлап, астына ат мінгізді. Кәсіпкер оның жеке жаттықтырушысы Нұржан Насановтың да астына сәйгүлік мінгізіп, құрмет көрсетті.
Бұған дейін боксшы отбасымен бірге 20 жыл уақыт пәтер жалдап келген болатын. Ал оның әкесі Тәкен Тәшкенбай таксист болып жұмыс істеген еді. Санжардың анасы Халида Ұлыбаева да баласының жетістігіне қуанып, барлық тараптан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.
фото: Санжар Тәшкенбайдың Instagram-дағы парақшасынан алынды