Аяқастынан Еуропаға сапар шектік. М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы өтіп жатқан кез. Осындай бір шақта Алматыда 28 қыркүйекте ұлы жазушыға арналған үлкен жиын болды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова бас болып, бұл басқосуға тайлы-таяғымыз қалмай біз де жеттік.
Лейдендегі Әуезов салтанаты
1,259
оқылды

Жұрт жиынға төрткүл дү­ние­ден келіпті десек, артық айт­қандық емес. Еуропадан Зифа-Алуа Әуезова келеді дегенді естіген­біз. О кісімен бұған дейін жүзбе-жүз кез­деспегенбіз. Конференция өте­тін Құрманғазы көшесіндегі «Дос­тық» үйінің алдына ертерек келіп тұр­ғанбыз. 

Бір кезде ғимарат ауласына Зи­фа-Алуа ханым кіріп келді. Ол кісі біз­ді алыстан танып, жылы шырай та­нытты. Бұрын тек әлеуметтік желі арқылы таныс едік. Зифа-Алуамен су­ретке түсіп жатқанымызда шараға қа­тысу үшін Мұрат Әуезов һәм Дияр Қо­наев кіріп келе жатты. Ол кісі­лер­мен де шұрқырасып табыстық. Мұ­рат Әуезовпен университет тап­сыр­ма­сымен арнайы іздеп келіп, 2018 жы­лы жүздескен едім...

Енді, міне сол кісілермен ұлы Мұ­­­­хаңның мерейтойы үстінде жо­лық­тық. Жиында мәскеулік бас­па­гер жазушы Г.Пряхин сөйлеп оты­рып, кемсеңдеп жылап та алды. Таш­­­­кенттен келген Қалдыбек Сей­да­нов М.Әуезов мұрасын Орталық Азия әдебиетімен байланыстыра біраз жерге барды. Әзер тоқтады. Санкт-Пе­тербордан ат арылтып, Наталья Ашим­баева апамыз жетіпті. Пе­тер­бург шаһарындағы М.Дос­тоевс­кий му­зейінің білдей дирек­торы екен. Атақ­ты орыс жазушы­сы­ның музейі ту­ралы көсіле, төгіле сөй­леді. Ал Зи­фа-Алуа Әуезова ха­ным ғалымға тән дегдарлық қасиетін көр­сетіп, бұл конференцияға нақты тың ғы­лыми баяндама әзірлеп ке­ліп­ті. Он­да­ғысы М.Әуезовті өзі өмір сүріп жат­қан Нидерланд елімен бай­ла­ныс­тырып сөйледі. Қандай бай­­ла­ныс бар екен десек, М.Әуе­зов­тің «Абай жолы» роман-эпопея­сын­да Нидерланд елінің Лейден шаһары туралы айтылатын жері бар екен. Міне, қызық. Біз бұны бұрын байқа­м­­а­ғанбыз. Байқасақ та байыбына бар­­мағанбыз. «Абай жолы» энцик­ло­­педиялық туынды деп бекерге ай­­тылмайды-ау, сірә. «Абай жолы» ро­ман-эпопеясының екінші томын­дағы «Асуда» атты тарауында: Бай­ма­­ғамбеттің «Черный Век – Марта» ро­манын хикая етіп, сөйлеп келе жат­қаны суреттеледі. Романдағы оқи­ға Лейден шаһарында болған екен. 

Зифа-Алуа ерінбей, тәптіштей сөйледі. Баймағамбет айтқан қа­тал инквизация соты өтетін алаң­да біз болдық. Ол шынында Лейден қа­ласындағы Әулие Петр шіркеуінің жа­нында екен. Алаң жанында жа­за­ланып жатқандарды көріп отыратын тор­лы терезелер бар. Бұл роман орта ға­сырлардағы католик шіркеуі мен про­тестанттардың діни егесі туралы жа­зылған. Католик һәм протестант бо­лып бөліну Нидерландта қазір де бар екен. 

Жиын барысында «М.Әуе­зов. Қырғыздың батырлық эпосы «Манас», «Америка әсерлері» һәм біздің «М.Әуезовтің Оңтүстікке са­пары» кітабымыздың тұсауы ке­сіл­ді. Кітаптардың тұсауын Мұрат Әуе­зов, Зифа-Алуа Әуезова және Диар Қонаев кесті. Мен «Әуезов һәм Абай» тақырыбында баяндама жа­са­дым. 

М.Әуезов атындағы ОҚУ рек­торы Дария Қожамжаровамен тіл­дес­кен Зифа-Алуа Мұратқызы бізді Ни­дерландта өтетін М.Әуезовке ар­­­налған конференцияға шақырды. 

Зифа-Алуа Мұратқызы сол жиын­ға дейін Қазақстанның Ни­дер­ланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Жұмағалиевпен кез­десіп, М.Әуезов жайлы сұхбат құр­ған. Әңгіме арасында жазу­шы­ның «Абай жолы» романында Лей­ден қаласы туралы айтылғаны жай­лы мәлімет келтіреді. Бұны естіген ел­ші таңғалып, «онда біз Лейден шаһа­рында жазушы туралы бір іс-ша­ра өткізейік» деп қолқа салады. Сөй­тіп, ақыры екі жақ Лейден уни­вер­ситетінің атымен конференция өт­кіз­бек болып келіседі. Яғни, Еу­ро­па төрінде өтпек болған конфе­рен­цияға М.Әуезовтің романындағы бір-екі жол себеп болған.

Содан көп кешікпей бізге со­нау Нидерланд елінен ша­қыр­ту келді. Шақырылғандар ішін­де біз де бармыз. Біз дегенім – өзім һәм шәкіртім Әзімхан Исабек. 

Нидерланд Корольдігінің Лей­ден университеті һәм Қазақстан ел­­­ші­лігінің ұйымдастыруымен өте­тін М.Әуезовтің 125 жылдығына ар­нал­ған халықаралық конферен­ция­ны Зифа-Алуа Әуезова мен оның жұ­байы Роберт Эрмес ұйым­дас­тырды.

Тегінде бұл ел Голландия емес, Ни­дерланд аталады екен. Әуежайға қон­ғаннан бастап Нидерланд дамы­ған ел екенін аңғарып үлгердік. Тех­­но­логия жөнінен көрші Герма­ния­мен бәсекелес көрінеді. Инф­ро­құры­лым бойынша ешкімге дес бер­мейді. Ауыл шаруашылығы да жақ­сы дамыған. 

Әуежайдан шыққан соң бір са­ғат­қа жетер-жетпес уақытта зыр­қы­рап Лейден шаһарына жеттік. Келе Ibis Hotels қонақүйіне жайғастық. Қаланың кіреберісіне орналасқан екен. Терезеден Лейден шаһарының ке­реметіне тамсанумен болдық. 

Велосипед мінген адамның көп бол­ғаны бірден көзге түсті. Еңбек­те­ген баладан еңкейген қарияға дейін бәрінің тақымында бір вело­си­пед. Кейін машина айдағаннан ве­лосипед мінген адам құрметті еке­н­ін естіп, білдік. Машина жүр­гізуші велосипедшіге жол береді екен. Жол­дың шетінде емес, қақ ор­та­сын­да кең, қызылжолақты вело­сипед жо­лы жатыр.

Шаһарды қақ бөліп Ескі Рейн өзе­ні ағады. Лейден тұтас орта ғасыр қаласы іспеттес. Аспан астындағы мұражай сияқты. Көшеде жүрген машиналар мен адамдардың киген киімі ғана қазір ХХІ ға­сыр екенін еске түсіреді. Қала іші тол­­ған ка­нал­дар. Онда әртүрлі қайық көп. Лей­ден­де атақты суретші Рембранд ту­ған. Оның туған жерінде болдық. Рем­бранд – нидерлан­дық­тар­дың ұлт­тық мақтанышы. 

Осында елдегі ең ескі уни­вер­си­тет Лейден университеті бар. Ол ең ескі ғана емес, Нидерландтағы ең озық оқу орны. 1575 жылы құрылған. Атақ­­ты философ Рене Декарт осы уни­­­верситетті бітірген. Универ­си­тет­­тің корпусы көп екен. Бірне­шеуін­­де болдық. 

Біздің конференция да осы университеттің қолдауымен өтті. Бұнда айналдырған төрт күн болдық. Бірінші күні Лейден шаһа­рын аралауға арнадық. Екінші күні Амстердам қаласына сапар шектік. Амстердам қаласындағы саяхатта Зифа-Алуа Мұратқызының өзі гид бол­ды. Ол кісі айтудан, біз тыңдау­дан жалықпадық. Бүкіл Нидерланд­тың тарихын біледі екен. Тіпті, әр ғимарат, көше, мұражай, ескерткіш­тің тарихын егжей-тегжей майын та­мызып айтады. 

Амстердамда атақты Рейксму­зей­ді араладық. Бұл музейді Напо­леон Бонопарт құрған. Музейде ор­тағасырлық атақты голланд су­рет­шілерінің еңбегі қойылған. Ян Вер­меердің әйгілі «Құмырамен сүт құйып тұрған әйел» атты картинасын көрдік. Рембрандтың «Түнгі күзет» ата­латын мәшһүр картинасы осы жер­де сақталған. Музей іші карти­на­дан басқа неше түрлі мүсін, алтын ыдыс-аяқтар мен зергерлік бұйым­дар­ға толы. Қазақ халқы ақындарын құр­мет тұтқандай, нидерландықтар су­ретшілерін құрмет тұтатын сияқ­ты.

Келесі күні негізгі іс-шара бас­­­­талды. Конференция Лей­ден­нің ескі шаһар жағында бір мей­рам­хана ішінде болады екен. Біз ой­лағандай даңғарадай үлкен зал, ығы-жығы адам жоқ. Шағын зал жиыр­ма шақты адам. Модератор – Ро­берт Ермес. Р.Ермес М.Әуезовтің құр­метіне арналған ғылыми кон­фе­рен­ция туралы шағын ақпарат бе­ріп, кіріспе сөз сөйледі. Ол кісі қазақ тілінде сөйледі. Роберт мырзаның конференцияны ұйымдастыруда еңбегі зор. Қатысушылардың мате­риал­дарын біз келгенше ағылшын ті­ліне аударып, шағын жинақ жасап үлгеріпті. Әуелгі сөз елші Асқар Жұ­ма­ғалиевке берілді. Ол кісі бұл бас­қосудың өте маңызды екенін айтты. Бұл шараны болашақта дәстүрге айналдыру туралы ойы бар екенін жеткізді. Ретімен елден келген әде­биет­шілер сөз сөйледі. Диар Қонаев, Свет­лана Ананева, Алуа Таңжары­қова, Алмира Қали.

Осында оқып жүрген бір док­торант қазақ қызы да сөйледі. Маған да кезек келді. Мен «М.Әуезов және «Шолпан» журналы туралы баянда­ма жасадым. Бұл журнал 1922 жыл­дың қазан айынан 1923 жылдың мамыр айына дейін Ташкент қала­сында шығып тұрды. Журналдың бар болғаны 8 саны жарық көрген. Мұхтар Әуезов «Шолпанның» белді авторының бірі болды. Жазушының «Қазақтың қалам қайраткерлеріне (ашық хат)», «Қыр суреттері» (әң­гіме), «Қызыл сұңқарлар» ( әдеби сын)», «Оқыған азамат» (әңгіме), «Қа­зақ әдебиетінің қазіргі дәуірі (та­рихи әдеби сын), «Қыр әңгіме­лері» (әңгіме), «Заман еркесі» (роман) сияқты туындылары жария­лан­ған. Журналда М.Әуезов Жаяу Сал, Қоңыр деген лақап аттар пай­да­ланған екен.

Жазушы «Қазақтың қалам қай­рат­керлеріне (ашық хат)» атты еңбе­гін­де: «...жазушының міндеті: ел не­ге қызығады, нені көксейді, қан­дай рухы бар, соны ұғып алу, һәм со­ған лайықтап сөзін жазу» дейді. 

Сөз сөйлеп болған соң елшіге «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары» жә­не «Елдік сұлбасы немесе ұлттық рух жайлы толғаныс» атты кітап­та­рым­ды сыйға тарттым.

Конференциядан соң Гаага қа­ласына аттандық. Мұнда бізді елші қа­былдайды. Лейденмен қош айты­сып, жолға шықтық. 

Гаага біз көрген үшінші қала. Бұл жер­де де сол пейзаж, архитектура. Бірақ бәрібір өзіндік ерекшелігі бар. 

Тобымызды Диар Қонаев ағамыз бас­тап жүрді. Осы ағамның қара­пайым­дылығына таңғалумен ке­ле­мін. Байқағаным, ол кісі атасы Дін­мұхаммед Қонаевқа қатты ұқ­сай­ды екен. Сырт пішімі мен мінез-құлығына дейін атасынан аумай қа­лыпты. 

Делегация Гааганың орталық тарихи орындарын араладық. Ка­роль резиденциясында болдық. Ал­дында Вильгелм І Оранскийге орнатылған зәулім ескерткіш. Атқа мініп шіреніп тұрған шеріңіз. Оранс­кий – қазіргі Нидерланд елі­нің іргетасын қалаған тұлға. Елі үшін құрбан болған жан. Ол қайтыс болар кезінде: «О. Құдай! Өзімді һәм бей­бақ елімді мейіріміңе ала гөр» деп айтқан екен. Оны католик фана­ты атып өлтірген. Жұрт мапаздап «Ел әкесі» дейді. Нидерланд елінің бірін­ші штатгальтері. Штатгальтер – әкім, губернатор деген сөз. 1581 жылы Оранский испандық габсбургтер ди­настиясынан өз тәуелсіздігін жа­риялаған. Қазіргі Нидерланд королі Виллем Оранский (1967 жылы туған) осы Оранский династиясынан. 

Диар ағамыз бізді Гаагадағы БҰҰ-ның сот үйін көрейік» деп жатыр. Оны да көрдік. Сынаумен сы­нау зәулім үй екен. Бұл үй Бей­біт­шілік үйі деп аталады. Шаһардағы ең көп суретке түсетін жер. Жалпы, Гаага Нидерландтың іс жүзіндегі ас­­­танасы. Өйткені үкімет, король, пар­ламент бәрі осында. Қағаз жү­зінде астана – Амстердам. Содан ке­рі қайттық. Сөйтіп, арнайы көлік­ке мініп, елшілікке бет алдық. Гаага қаласы теңіз жағасында орналасқан. Солтүстік теңіз. Елшілік үйі теңізге тіпті жақын екен. Соны біліп, ел­ші­лікке кірмес бұрын теңіз жағалауын көре кетейік деп шештік. Келдік. Мі­не, керемет. Алдымызда ұшы-қиы­ры жоқ теңіз жатыр. Аспанмен астас­қан алып су. Жағалаудың бәрі қа­лың қоңырқай сарғыш құмға оран­ған. Адам іздері ай бетіндегі кратерлердей ойдым-ойдым болып жатыр. Оны майда толқынды сүттей ақшыл қою теңіз суы аймалайды. Жағаға жеткен жұмсақ, жайбарақат толқын көпіршіктеніп барып бітеді. Даусы қандай ғажап. Ол біресе ысыл­дайды, біресе шуылдайды, біре­се сыбырлайды. Солтүстік теңіз қарсы бетте Солтүстік Мұзды мұ­хитқа, сол жаққа қарай Лан-Манш бұ­ғазы арқылы Атлант мұхитына ұласады. Есіме түсті. Осы сапарда біз бес теңізді басып өтіппіз. Арал, Кас­пий, Қара, Жерорта һәм Сол­түстік. Құдайға шүкір! Биыл сонау Абай елі­нен басталған сапар, міне Рембранд еліне дейін қанатын жай­ды. 

Елшілік теңізге жақын жайлы, әде­мі көшеде орналасқан екен. Екі қа­батты коттеджде Қазақстан Туы жел­біреп тұр. Көзге оттай басылды. Ішке ендік. Кіреберіске қонақтың бәрі жиылып қалыпты. Қазір елші ке­леді деп күтіп тұр екен. Кездесу бас­талды. Елшіміз Асқар Жұмаға­лиев бәрімізге сәлем айтты. Әсіресе, Жәнель Робертқызының сызылтып салған «Көзімнің қарасы» әні елге де­ген сәлем хаттай болды. Біздің ке­тер уақытымыз да тақады. Қимай қош­тастық. Амстердамдағы әуежай­ға жетуіміз керек енді. 

Ақжол ҚАЛШАБЕК,

«Мұхтартану» 

зерттеу орталығының 

аға ғылыми қызметкері