Қасиетті Әулиеата өңірі – құнды жәдігерлерге бай мекен. Тасын түртсе тарихы көрінетін өлкеде көне қалашықтардың да саны аз емес. Кейінгі жылдары археологтер есте жоқ ескі заманнан сыр шертетін тарихи шаһарлардың үстінен түсіп, оны топырақтан аршып, көпке танытуда. Міне, сондай қалашықтың бірі жуырда Жамбыл ауданының Қаракемер ауылынан табылды.
Жамбыл жерінен табылған құнды жәдігерлер
1,213
оқылды

Қаракемер қалашығы: 1 000 жыл бұрынғы өркениет 

Осыдан 1 000 жыл бұрынғы өркениетке тиесілі қала 600 гектар аумақты алып жа­тыр. Археологтердің айтуынша, көне шаһар­ды көшпенділер мен түркі мемлекеттері мекен еткен көрінеді. Тарихшылар Құмтиын ауы­лы­ның қасынан табылған Қаракемер қаласының ор­нын екі бөлікке бөліп отыр. Бірінші төбе мен екін­ші төбенің арасы 700 метрді құрайды. Ар­хео­логтер тобының жетекшісі Ералы Ақынбек қа­ланың хронологиялық жасын VII-XII ғасыр­лар­ға жатқызып, бірнеше мемлекет арасында ал­ма-кезек ауысып отырғанын айтады. 

– Бұл жерде түрік қағанаттары өмір сүрген. Жалпы айтатын болсақ, Батыс түрік қағанаты, Түр­кеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері тұсында осы қала гүлденіп, салтанат құрған. Ал қала бір­неше құрылыс кезеңінен тұрады. Кей ғасырда са­лынғаны келесі ғасырда құлап, қираған. Оның үстіне, қайта қала салынғаны байқалып отыр. Жергілікті халық бұл жерді «Төрткүлтөбе» дейді. Осы «Төрткүлтөбе 1-де» көлемі 11х12 метр­­лік қазба жұмыстары жүргізілді. Нәти­же­сін­де, бірнеше бөлменің орны анықталды», – дейді археолог Ералы Ақынбек. 

Аталған тарихи шаһардың орнын 1938 жыл кеңестік археолог, шығыстанушы Бернштам анық­таған деген де дерек бар. Бірақ кешенді қаз­ба жұмыстары жүргізілмей, зерттеу нысаны ре­тінде назардан тыс қалып кетіпті. Ал Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының археологтері былтыр қала орнын зерттеуге ниет танытыпты. Биыл қазба жұмыстарына қаржы қа­ралғандықтан, археологиялық жұмыстар бас­талып отыр. Қалашық орнынан шыны ыдыстар, әшекей бұйымдар, майшам, тас диірмен, темір соқа мен мал сүйектері табылуда. Тотығы шық­қан темір соқа түркі мемлекеттерінде егін шаруа­шылығы қарқынды дамығанын айғақтап тұр. Археологтер шыны ыдыстардың сынық­тары­на қарап, сол ғасырларда оны балқыту тех­нологиясы жоғары деңгейде дамығанына таңырқай қарайды. Ал жануарлардың қаңқа­лары­на қарап, қала тұрғындары тек ұсақ малды қол­да ұстаған деп болжам айтылады. Ірі малдан тек сиырдың сүйегі мен асығы шыққан. 

– Сол кездегі мүйізді ірі қаралар ұсақ болған се­­­кілді. Себебі бойы небәрі 1,30 см-ден сәл ғана ас­­қан. Ал әшекей бұйымдарды әрлеп-сәндеуде ас­­­қан шеберлік көрінеді. Шыны жасау ­тех­­но­логиясы көбімізді таңғалдыруда. Өйткені шы­ны сынығын алып, анықтап күнге қарайтын бол­саңыз, ауа көпіршіктері аз. Әдетте ауа кө­пір­шектері көп болатын болса, оның балқу тем­пе­ра­турасы төмен және сапасыз болады. Қазба ке­зінде табылған шынылар өте сапалы жасалған. Дәл қазір оны бізге жаса деп берсе, арнайы ап­па­­ратпен жасамасақ, қолдан жасай алмауымыз мүм­кін. Қарапайым түрде шыны бұйым жасау үшін 1 200 градуста құмды ерітіп, балқытып жі­беру деген ол өте жоғары дәлдікті қажет етеді, – дейді зооархеолог Мәмбет Шағырбаев.   

Сегіз адамнан тұратын алматылық архео­логтер тобы бір ай бойы қазба жұмыс­тарын жүргізуді жоспарлаған. Сондай-ақ олар жергілікті тұрғындарды да қаланы қазу жұмыс­та­ры­на тартқан. Алайда аудан әкімдігі маман­дары­ның айтуынша, олар қазір қаланы қайта кө­міп кетіпті. Бәлкім, бұл да археологиялық қаз­ба жұмыстарының бір құпиясы болар. Оны енді уақыт көрсетеді. Алайда көне қалашық ор­нынан талай құнды дүние табылатынына бек се­німдіміз. 

Сақ дәуіріндегі тайқазан 

 Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылынан да б.з.д. V-ІІІ ғасырда өмір сүрген сақ дәуіріне тие­сілі қазан табылды. 

Бесағаштық тұрғын қабір қазып жатқан кезінде қола мен қалайы қосылған сақ мәдениетіне тән көне қазанды тауып алған. Ауыл азаматтары табылған жәдігердің тарихын зерт­теп білу мақсатында археолог Сауран Қа­лиұлы­на хабарласып, мән-жайды баян еткен. 

– Бесағаш ауылының маңында зерттеушілер ор­тағасырлық кезеңнің қалашығы деп келе жат­қан Ақтөбе деген елді мекеннің орны бар. Бұл со­нау Кеңес зерттеушісі Алек­сандр Бернштам­ның еңбектерінде көрсетілген. Ал мына көне жәдігер ерте темір дәуіріне тән болғандықтан, алдыңғы зерттеушілердің пайы­мына қарама-қайшы келіп отыр. Демек, Ақтөбе қалашығының тарихы сонау ерте темір дәуірінен тамыр тар­та­ды деген сөз, – дейді Шерхан Мұр­таза атындағы Руханият және тарихтану орта­лы­ғының ди­рек­торы, тарихшы, археолог Сау­ран Қалиев.

Археологтің кеңесі бойынша құнды жәдігер әзірге жақын маңдағы мектептің мұражайына ор­наластырылып отыр. Алайда сақ дәуіріндегі тай­қазан әлі талай зерттеуді қажет етеді.

Оқушылар тапқан олжа 

Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылының оқушылары ойнап жүріп, олжаға кенелді. Олар тауып алған құмыраны ар­­­­хеологтер ІХ-ХІІ ғасырлардан қалған жәдігер деп бағалап отыр. 

Бұдан бөлек, Төле би атындағы мектептің оқушысы Артем Муравьев ауыл маңындағы қырда ойнап жүріп, беймәлім таңбалары мен керамикалық іздері бар білезікті көзі шалады. Сондай-ақ тағы бір оқушы Қасымхан Жұмабай қола сырғалар мен білезіктерді топырақ ара­сы­нан тауып алған.

– Аталған жәдігерлерді достарыммен ойнап жүрген кезде тауып алдым. Жер қыртысынан жыл­тыраған әлдебір затты көзім шалды. Бірден қа­зып алуға тырыстым. Кейін мектепке апар­дым, – дейді Артем Муравьев.

Оқушылар олжасы тарихи мұра екені талас тудырмайды. Тарихшылардың айтуынша, бір кездері жәдігерлер табылған маңда Қарлұқ қағанаты үстемдік құрған екен. Ал бір ғасырдан кейін билікке қарахандықтар келген. 

Тағы бір дерекке сүйенсек, Төрткүл төбешігі маңында кезінде «Адахнет» деген ауыл болған көрінеді. Төбе Ұлы Жібек жолының негізгі бөлігіне жатпаса да, мұнда сауда-саттық жақсы дамыған. 

 

P.S.

Сөз жоқ, Жамбыл ауданында табылып жатқан құнды жәдігерлер аталған елді мекен бірнеше көне қаланың үстінде орналасқанын айғақтауда. Енді тарихи дүниелерді топырақтан аршып, жарыққа шығару қалып отыр. Ол үшін қомақты қаржы мен күш керек. Сондықтан Жамбыл ауданына жергілікті билікпен қатар облыс, қала берді республика көлемінде көңіл бөлінуі қажет. Осыған жауапты министрлік пен комитеттер назар аударады деп сенеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы