Талайы бөлек, тағдыры ортақ

Қазақ пен якут халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынасқа жаңаша серпін беру мақсатымен биыл қаңтарда Қазақстанға Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаев келіп қайтқан еді. Осы сапарында ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, екеуара жарасты әңгіме өткенін кезінде бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен хабардар етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Саха Республикасын тамыры терең тарихи және мәдени-гуманитарлық қатынастар байланыстыратынын айтып, осы ынтымақтасты кеңейте түсуге айрықша назар аудару керектігін атап өткен болатын. Туыстас халықтар арасында қалыптаса бастаған бұл байланыс аясында наурыз айында әйгілі әншіміз, Халық әртісі Роза Рымбаева Якутияға барып, концерт қойып қайтты. Сәуірдің екінші жартысына қарай саханың бір топ жазушылары мен баспагерлері Астанаға келіп, «Еуразия» Халықаралық кітап көрмесіне қатысты. Халықтар арасындағы қарым-қатынасымызға жоғары билік тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны қаламгер қауымының да үмітін үкілеп отыр. Осы орайда жазушы Әлібек Асқаров «Саха-Якутия. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат» атты көркем безендірілген көпшілік танымдық кітап жазып шыққан болатын. Біз өз оқырмандарымызға жаңа кітаптан үзінді ұсынғанды жөн көрдік. 

***

Саха елінде біз жүздескен зиялы жұрт­шылықтың біразының өткен коммунистік қоғамға деген, соның ішінде сталиндік диктат заманына қарата айтқан өкпелері қара қазандай, реніштері қара нар көтере алмастай ауыр ма деп қалдық. Сол реніштің бір парасы ІІ Дүниежүзілік соғыс жыл­дарына қатысты болып шықты.

Жалпы халық санын пайызға шаққанда өткен жаһандық соғыста якуттар өзге халықтардан көбірек шығынға ұшырапты. Тіпті, майдан шебінде, жаудың тылында қалып, ең көп қырғын тапты дейтін бело­рустардан да пайыздық жағынан якуттар асып түскен.

ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында Яку­тиядан майданға 50 мың жылқы жөнел­тіліпті. Майданға жылқы беру мұнымен де тоқтамапты. Соғыстан соңғы көтерем жылдары да еліміздің еуропалық бөлігіндегі қираған қала мен селоларды қалпына кел­тіру жұмыстарына якуттар тағы 25 мың жылқы жинап жіберіпті. Нәтижесінде, Якутияның оңтүстік аймақтарындағы колхоздарда жылқы малы түгелдей құрып, халық жаппай ашаршылыққа ұшыраған. Халықтың бұғы бағып, күндерін көріп отырған солтүстігі мен тундралық аймақтың тұрғындары аман болғандарымен, етектегі саханың 40 мыңнан астам адамы жылан жалағандай жоқшылықтың салдарынан опат болған екен. 

Айта берсе, ол заманда саха жұртының маң­дайға жазылған қиын да қидалы тағды­ры өзек өртеген өкінішке толы тәрізді. Басқыншылықпен патшалық Империяға қосылған өксікті өткенді былай қойғанда, кешегі Кеңес дәуірінде де ел басынан қуа­ныштан гөрі нелер бір дауылдай сапырылған азапты жылдар күндей күркіреп өтсе керек. Мылтық пен зеңбірекке қарсы жарқылдатып жалаң қылышпен шапқаннан не пайда? Ондай жалтақсыз батырлық, бұлағай бас көтеру қазақ топырағында да талай болған, бәрі де қызыл қанға бөгіп, құр-бекер қыры­лып қалысқан. Жалпы, «кіші халықтардың ұлт-азаттық қозғалысы» деген қаны сорға­ла­ған тақырыптардың барша құпиясы қырық қабат темір жәшіктің ішінде қат­тау­лы жатыр. Олардың әлі күнге ашылмаған сырлары да, айтылмаған жырлары да мо­лынан. 

Адамды төлдей телмеңдеткен Империя­лық өктемдік заманы-ай дерсің! 1928 жылы Мәскеу билігі тарапынан «Якут ұлтшыл­дығы» туралы әр сөзінен ызғар есіп, боран соққан арнайы қаулысы шығыпты. Ол уақ әлгіндей алаулап-жалаулатқан қаулысыз-ақ, шаш ал десе бас алған құқайлы заман еді ғой... Осы қаулы сылтау болып, Якутияда адам төзгісіз зорлықтың небір сорақы түрі бас көтеріп, жергілікті халықтың төбесіне қара бұлт үйірген жойқын репрессия бас­талып кетеді. Билік жақта «ләббай тақсы­рлатып» жапалақша жалпылдаған жандай­шаптар көбейеді. Халықтың өз ішінен шығып, өзекке тепкендей болған сатқындар да пайда болады. Содан көзі ашық интел­ли­генция өкілдері, ұлттың атакеш азамат­тары ғана емес, әліпті таяқ деп білмейтін қарапайым шаруаға дейін тұтылып, бұғау­ланып, көбісі «үштіктің» шешімімен сол жылдары жөн-жосықсыз атылып кетеді. Атылмай аман қалғандары алыстағы Солов­киге, қайтып Якутияға келместей қатаң ше­шіммен, мәңгіге жер аударылады. Осы­лайша, еңіреген елдің сүттің бетіндегі қай­мағы болған ызғындай зиялылары тү­гелге жуық оталған екен. Ұлан-байтақ кө­сіл­ген Якутия жерінде қансыраған қала, қал­­жыраған ауыл, қаралы қостар мен жара­лы жүректер ғана қалыпты. «Кеңес заманы адамды аяу дегенді білмеді ғой, – деп жаза­ды қазақ жерінде де көрініс тапқан осындай озбыр дәуірдің, одыр оқиғалардың куәгері, біздің абыз Серік Қирабаев ағамыз. – Ол заман тарихтың дүрбелең тартысына, қатал сынына салып, адам тағдырын ойыншық етті!»

Сталин өліп, кейінірек қуғын-сүргін дәуірін ақтау науқаны басталған елуінші жылдардың екінші жарымында Соловкиге мәңгіге айдалған 300 мыңның үстіндегі, көр азабын тірідей тартса да қатал тағдырға қайыспаған азаматтардың бірен-сараны, туған жеріне аман-есен қайта оралыпты.

Чурапчы ұлысының тұрғыны, көргені көп, көңіліне түйгені одан да көбірек И.По­номарев деген жасы сексеннен асқан саханың елжанды ұлының бірі – аудандық «Туймаада» газетіне 2020 жылдың 28 мамы­рында «Сэрии, сут Саха сиригэр содула» деген мақала жазыпты. Мақаланы қазақ­ша­ласақ – «Якутиядағы соғыс пен құрғақ­шылықтың салдары» деген ұғым береді. Автор осы мақаласында ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында Кеңестің кеңкелес идеологиясы салдарынан саха халқының сұмдық қиындықтарға тап болғанын және ел тұрғындарының қандайлық тауқыметке ұшырағанын ашына жазыпты. Мақаланы оқи отырып, жері айлапат зор болғанымен халқы шағын, қарасы аз Якутиядан неге сонша адам негізсіз соғысқа шақырылғанын, ауылда қалған адамдардың не себептен он­даған мыңы аштықтың құрбаны болғанын білеміз. Қысқасы, мақаланың негізгі маз­мұны мынаған саяды.

Асқан, тосқан коммунистік қоғам дә­уі­рінде өркенді елімізде «дамыған социализм» деп тұжырым жасап, «СССР-да екі жүзге жуық ұлт пен ұлыс тұрады» деп ұранда­ғаны­мыз жасы үлкендердің есінде шығар? Сол ұлттар мен ұлыстардың Ұлы Отан соғысы кезінде қайсысы ең көп шығынға ұшырады? Бұл сұрақтың түбіне жету үшін И.Поно­ма­рев жылдар бойы шұқшия ізденіп, әртүрлі дереккөздерді талмай зерттеген екен. 

Автор интернеттен әр ұлттың майдан­дағы шығындарының саны және осы халықтардың жалпы санынан осы шығын­дардың пайыздық көрсеткішін есептеген ақпаратты да тауып алыпты. Бұрын жабық боп келген бұл ақпарат Горбачевтің «жариялылық жылдарында» ашылса керек. Түсінікті болу үшін мақала авторы ең көп шығынға ұшыраған үш ұлттың сандық және пайыздық үлгісін кестеге салып көрсетіпті. Сол кестеде ең үлкен шығынға ұшыраған халықтар мыналар бопты: 1. Якуттар. 242 080 адамның 37 000-ы қаза болған. Бұл жал­пы халық санының 15,7 пайызын құрайды; 2. Орыстар. 99 591 000 адамның 5 758 000-ы қаза тапқан. Бұл жалпы халық санының 5,8 па­йызын құрайды; 3. Буряттар. 224 700 адам­ның 13 000-ы қаза болған. Бұл жалпы халық санының 5,7 пайызын құрайды.

Пономаревтің зерттеулерінен көріп отырғанымыздай, солтүстіктің бір қиырын­да тұратын саны ең аз халықтың ішінен, Кеңес Одағын мекендеген басқа халықтар­мен салыстырғанда, пайыздық өлшеммен есептегенде – якуттар майданға ең көп ша­қырылған халық екен. Тиісінше, пайыз­дық өлшеммен салыстырмалы түрде ең көп шығынға ұшыраған да якуттар болып шық­қан. Осы тұста көкейді тескен тағы бір заң­ды сұрақ туады: «Неліктен Якутияның шағын халқынан соншама көп адам май­данға шақырылған? Неге олай болған, оған не түрткі, не себеп?»

И.Пономарев майдан ғана емес, тыл­дағы өлім-жітімді де мұқият зерттепті. Оның зерттеуі бойынша, 1941 жылдан 1944 жылға дейінгі аралықта республикада 58 962 адам аштықтың құрбаны болған, соның ішінде ауыл тұрғындары 43 364 адам екен. Демек, осы деректерге қарағанда айналасы төрт жылға жетер-жетпес уақытта респуб­лика халқы үштен бірін жоғалтқан. Егер осылардың ішінен таза якут ұлтын ғана алар болсақ, онда олардың жарымына жуығы шейіт кеткен. Соғыс кезінде қоршауда қалған Ленинградтан басқа алапта мұндай ала­пат аштық болған емес. Тіпті, фашистер басып алған территорияларда да... 

 Аштыққа ұшыраған халық сырттағы суықтан қорғанып есіктің кәсегін қымтаған, терезенің көзін жапқан терілерді кесіп, ыстық суға жібітіп, соларды шайнап аш құрсақтарына талғажау етіпті. Ең сорақысы сол, өздері тіске басар дәнеңе таппай отырған жамағатқа жергілікті билік «салық төлемедің» деп бастарына әңгіртаяқ ойна­тып, 50 мыңға жуық адамды сотқа тартқан, қуғынға ұшыратқан. Аштықтың лаңынан 41 колхоз күнкөрістің қамын күйттеп суық солтүстікке қоныс аударған. 5 мыңнан астам адам туған жер, өскен ортасын тастап, тамақ іздеп бала-шаға, отбасымен бастары ауған жаққа қаңғып кеткен. 

Осы деректерден шығатын қорытынды: бүкіл Кеңес Одағының бірде-бір ұлты жал­пы халықтың санына шаққандағы пайыз бойынша – майдандағы шығындар мен тылдағы аштықтан құрбан болғандар – Якутия қасіретімен салыстыруға келмейді, онымен шендесе алмайды. Мақала авторы өзі азғантай халықты кенеусіз қырғынға ұшыратқан бұл қасіретке көпшіліктің айтып жүрген жаттанды дәйегі – «соғыс пен құр­ғақ­шылық кінәлі» дегеніне өзі ешқашан келіспейтінін жазады. Ол бұрын-соңды бол­маған бұл орасан трагедияға жергілікті биліктің кейбір өкілдері мен сол кездегі республиканың «бас ал десе шаш алатын» жарамсақ жоғарғы басшылығы кінәлі деп тұжырым жасайды. «Сондықтан, – деп жазады автор, – майданға жұмылдырудың бұрын-соңды болмаған ауқымы, тылдағы алапат ашаршылық – табиғи нәубет, заңды жағдайлардың жиынтығы емес, жәркелеш басшылықтың жойдасыз жөнсіздігі, солар­дың тікелей кінәсі!» Ендеше сол өрескел қателіктерді жіберіп, ол жылдары Якутияны кімдер басқарып еді? Енді соны тыңдайық: 

КОКП облыстық комитетінің 1939-1943 жылдарғы бірінші хатшысы – Краснодар қаласының тумасы Ион Степаненко, Халық Комиссарлары Кеңесінің 1940-1943 жылдарғы төрағасы – Саратовтан келген Владимир Муратов, Ауыл шаруашылығының 1939-1943 жылдарғы халық комиссары – Туланың тумасы Николай Анашин, Ауыл шаруашылығы бөлімінің сол жылдарғы басшысы – мәскеулік Федор Маркеев. 

Бәрі жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінен беймағлұм, салт-дәстүрінен бейхабар, жоғарыдан тағайындалған, сырт­тан келген келімсектер. Мәскеу билігіне жағыну үшін оларға алаулатқан хат жазып, жалаулатқан жалған ақпарат беру үшін бұл бастықтар ештеңеден аянып қалмапты! 

Осы арада мына бір таңғаларлық дерекке назар салайық: соғыстың екінші күні, яғни 1941 жылдың 23 июнінде СССР Жоғарғы Кеңесінің 1905 жыл мен 1918 жылдар аралығында туған азаматтарды 14 округтен әскерге шақыру туралы әйгілі Жарлығы шығады. Құдайға шүкір, халқы аз Якутия бұл тізімде жоқ, ондай округтердің қатарына кірмепті. Жоғарғы Кеңестің сол Жарлығына қарамастан, сол айда Саха елінен дереу 17 179 адам әскерге шақы­рылған. Осы шақырылғандардың ішінен елге аман қайтқандары жоқ, олар соғыстың алғашқы айларының қанды қасабына түсіп кетіпті де, түгелге жуық қырылып қалыпты. Олардың арасында мақала авторының Мәскеу маңында мерт болған әкесі 

П.Пономарев та бар екен. Жарлықтағы тізімде жоқтығына қарамастан, өздерінше тасыраңбай патриоттықтың асқан үлгісін көрсеткен, сөйтіп тұтас бір халықтың бола­шағына балта шапқан, жергілікті биліктің жоғарғы жаққа жағынуының өрескел мы­салы осы болса керек! 

Әйтсе де, қылышынан қан тамған тоталитарлық большевиктік қоғамда да басын бәйгеге тігіп, халқының мұңын мұң­дап, жоғын жоқтаған ерен ерлер, жалаң қылыш батырлар ол заманда да болған екен! Іс-әрекетінің бәрі қатаң бақылаудағы лауазымды қызметте жүрсе де көзсіз ерлікке барған әлгіндей сайыпқыран – Нам ауданы­нан шыққан Илья Егорович Винокуров деседі. Ерлік атаулы білектен емес, жүректен болатынын осы азамат нақты ісімен дәлел­деп беріпті.

Ол кезде Илья Егорович Якутия Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасы қызметінде жүрсе керек. Батыста бет қаратпас сұрапыл соғыс, қан майданның қызып тұрған уағы ғой. Бұл әрекетінің ақыры өз өмірі үшін аса қауіпті боларын біле тұра ол кісі ретін тауып, 1943 жылдың көктемінде Мәскеуге арнайы келіпті де, Сталин бастаған Саяси бюро мүшелеріне өз елінде қалыптасқан ауыр жағдайды баян етіпті. Бәрін де қолмен қойғандай дәлелдеп шығыпты, айғақты сөзін өткізе алыпты. Халқым дегенді Құдай да қолдайды демекші, ол жердегі айбатынан аяз ескен мұртты көсеммен, өзге де қабақ­тарынан қар жауған бюро мүшелерімен арадағы әңгіме түсіністікпен дұрыс өрбіген сияқты... Өйткені содан кейін дереу тексеру комиссиясы жасақталып, артынша олар Мәскеуден Якутияға аттандырылған екен. 

Тексерудің қорытындысы бойынша, 1943 жылғы 13 сәуірде ВКП(б) Орталық Комитетінің республиканың ауыл шаруа­шылығына көмек көрсету жайындағы арнайы қаулысы шығады да, осы уақыттан бастап ел тұрғындарының жағдайы біршама жақсара бастайды. Сол жылдың қыркүйе­гін­де жоғарыға жалған ақпарат берген жа­рам­сақтар: Степаненко, Мұратов, Анашин және Маркеев қызметтерінен босатылады.

Егер туған халқының санаулы саңлақ ұлының бірі, қабырғалы қара нары Илья Винокуров Сталиннің кәрінен жасқанып, Саяси бюродағылардың зәрінен сескеніп өзінің теңдесі жоқ бұл ерлігін жасамағанда, соғыс аяқталғанша тағы қанша якут аштықтан бұратылып өлетіні белгісіз екен! 

Міне, тамырын тереңге тартқан телегей тарихы бар, рухы асқақ саха ағайын­дары­мыздың да шеккен азабы, көрген тозағының бір мысал – осы! 

Әдетте, әкімшіл-әміршіл коммунистік қоғамдағы тоталитарлық жүйеге, жылдар бойы еңсені езген автократияға қарсы алғашқы демократиялық мазмұндағы тол­қу­лар өзгенің емес, қазақтың тайқы маң­дайына жазылды деп жүрміз ғой. Ал, шын­ды­ғына жүгінсек, Кеңес империясы көле­мін­дегі түркілік рухты дүр сілкіндірген алғашқы бас көтеру – Алматыдағы 1986 жылғы 16 желтоқсан емес, одан сегіз ай шамасы бұрын, яғни сол жылы наурыз айында Якутск қаласында басталыпты. 

Тұтас бір халықты қара қуғын, сары сүргінге салған қарбалас осы күндердің куәгері Даланның (Василий Яковлев) айтуынша, оқиға былайша өрбіген екен... Якутск қаласының орыс нәсілді бір топ жастарын біреулер бөрліктіріп, айтақтап, саха студенттеріне қарсы айдап салыпты. Олар Якут мемлекеттік университетінің жатақханасы маңындағы мұз айдынына топталып келіп, коньки теуіп жүрген студент­терді ұл демей, қыз демей бықпырт тигендей таяққа жығып, майдан ашады. Соңынан көшеге шығып, ол жақта да кездескен қара көз жастарды тепкілеп, көз ісіріп, мұрын қанатып соғып жіберіседі.

Кеңес қоғамының жадағай насихат жайлаған жалаулы жылдарында «советтік қоғамда ұлттар араздығы жоқ» деген қағиданы жарнамадай шегелеп, миымызға цементтеп құйып тастағаны белгілі. Бірақ қоғамда оқта-текте кездескенімен, от басы, ошақ қасының дау-жанжалы болса да ондай проблеманың бары рас-ты. Оның бәріне билік тарапы көзжұмбайлықпен қарап, ауыл көлемінен асырмай, былайғы жұртқа жария етпей ылдым-жылдым жауып тастап отыратын. Мысалы, орысы мен қазағы, кержағы тағы бар біздің Алтай қойнауындағы ауылда жастар арасындағы төбелес әдетте «калбит» деген қорлау сөз, кекесін мысқыл­дан шығатыны есімде. Сол сөз үшін талай рет бас та жарылды, көз көгеріп мұрын да қанады. Якутия жастары да ол заманда сондай жәбір сөзден, бет тыржитып мазақ­таудан, намысқа тиіп кемсітуден кенде болмаған сияқты. 

Қолдарына шынжыр байлап, таяқпен қаруланған, былайша айтқанда, ұйымдасқан түрде 1986 жылдың 28 наурызында басталған орыс жастарының бұл сойқаны бірнеше ереуіл күндерге ұласады. Жастар түгілі үлкендер де айбынып көшеге шығудан қалады. Ақыры, саханың жолан жігіттері, көбелі азаматтары намысқа басып, күш жинап топтасады да, әлгі басбұзарлардың бірнешеуін ұстап алып, қалалық милицияға әкеліп тапсырады. Сенген милициялары өтірік қағаз толтырған болып, орыс жас­тарын аналардың көзінше қоя беріседі. Осындай жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанады. Жауласып жаға жыртыспай-ақ, «мына орыс жастарының хулигандық әрекетін тоқтатсаңдаршы?» деген ересек­тер­дің де өтініштері милиция тарапынан ескерусіз қалады. 

Милицияның үнсіздігімен «қолдау» тапқан әлгі бұзақылар енді одан бетер жанығып, өршелене түседі. Шабынып, көшеге адам шығармай тағы бірнеше күн сойқан салады. Милициядан қайыр бол­ма­ған соң, билік беттерін бұрып теріс айналғаннан кейін амал жоқ... Өз елі, өз жерінде жүрсе де кемсіту мен қорлауды көріп жүрген, аз болса да, албырт, өгей болса да өжет саха жастары ақыры шыдамайды, соңғы күндері намыстарына қамшы басып бұрқ етіп жарылады. Жастар көптеп жатақ­хана маңына жиналып, енді көше-көшедегі орыс жігіттерін бықпырт тигендей соққы­ның астына алады. Көз ісіп, мұрын қанады демесең, әйтеуір бұл қақтығыстарда өлім-жітім болмаған екен. 

Жоғарғы билік ұшығып бара жатқан бұл жағдайға сонда ғана назар аударып, көңіл бөлген сияқты. Қашанда Империяны құраушы титулды ұлттың мүддесі алдымен қорғалатыны, солардыкі жөн, солардыкі заңды саналатыны ежелден белгілі ғой. Якутия мысалында да проблеманы тас-

қая­қтай қағыстырып, әдеттерінше өңін теріс айналдырып, жастар арасында болған толқуларға саха студенттері кінәлі деген шешім шығарады. Соған байланысты КПСС Орталық Комитеті Секретариатының Якут АССР-індегі ұлтшылдық көріністері тура­лы қаулысы қабылданады. Сөйтіп, жазықсыз студенттердің төртеуі түрмеге түсіп, біршамасы оқудан шығарылады, қу­ғын-сүргінге ұшырайды. Әділетсіз шешілген бұл әлеуметтік теңсіздік әлі күнге саха жұртының өзегін өксітіп, жүректеріне ше­мен, көкіректеріне қара тастай боп қатып қалыпты. 

Бұл жағдай Фридрих Энгельстің «Есть два способа разложить нацию: наказывать невиновных и не наказывать виновных» деген кемеңгерлік сөзін ойға салғандай болыпты. 

– Якутиядағы бұл әділетсіздік бізге Крыловтың «Қасқыр мен қозы» дейтін әйгілі мысалын еске түсіреді, – дейді осы сә­уір оқиғасын жан-жақты зерттеп, сол туралы кітап жазған баспагер досымыз Валерий Луковцев. – Естеріңізде ме, ол мысал былай басталушы еді ғой: «У сильного всегда – бессильный виноват, тому в исто­рии мы тьму примеров слышим, но мы историю не пишем» деп... Сол Крылов абыз айт­қан «тьму примеровтың» көкесін саха жастары сол жылдары өздері бастарынан өткерісті! 

Валерий Николаевич оған дейін де, яғни 1968 жылы Якутияда ұлтараздық кемсіту­лерге қарсы қақтығыстар болғанын айтады. Содан кейін 1979 жылы да якут жастарының арасында дәл сондай қоғамдық толқулар болыпты. Бұл оқиғаларды қайдан екені белгісіз, «Голос Америки» радиостансасы біліп қойып, эфирден бірнеше хабар беріпті. Ал Кеңестік билік ештеңе болмағандай, сыртқа дымын шығармай бәрін тұмшалап, жылы жауып тастап отырыпты. 

Алайда 1986 жылғы наурыздағы Якутс­кідегі бұл бас көтерулер мен сол жылғы Ал­ма­тыдағы Желтоқсан оқиғаларын салыс­тыра қарау қателік болар еді. Өйткені әйте­уір «бас көтеру» демесең, екеуінің мазмұны әрқилы, мақсаты мен мұраты әртүрлі екенін аңыстау қиын емес. Бір-біріне үйлеспейтін, қабыспайтын екеуі екі түрлі жағдай бола­тын... 

Якутия оқиғасы – жастардың бұзақылық төбелесінен басталып, оның соңы таза ұлтаралық қақтығысқа ұласқан сипатта өрбігені дәлелденген. Ал Алматыдағы көтерілістің мазмұны мүлдем басқаша, ахуалы ауқымды, сындары таза саяси жағ­дай еді. Бұл бас көтеру – қазақстандықтарды ел деп, жұрт деп санаспай, Орталықтың сырттан таңған зорлығына көнбеуінен туды. Оған дейін де көкіректе қайнап, қордаланып келген намыстан, ұзақ жылдар бойы Импе­рия­ны құрсаулаған тоталитаризмге қарсы­лықтан туды. Ғұмыры Қазақстанға келме­ген, бұл елдің өзін де, жөнін де білмейтін Колбинді Бірінші хатшылыққа жіберген Жоғары билікке деген ашулы наразылықтан туды. 

Желтоқсан оқиғасымен қазақ жастары бастарын бәйгеге тіге отырып, жастай қиыл­ған өздерінің тағдырларымен, жетпіс жылдан астам уақыт СССР-дегі сірескен сеңді алғашқы болып бұзып берді. Ондай ауқымдағы көтерілісті Якутиядағы секілді жоғарғы билік тұмшалап жасырып қала алмады. Желтоқсан оқиғасы бұрқ етіп жер жаһанға андыздай тарады, аңыздай жайы­лып кетті. Оның жарандық жаңғырығы Бакудегі де, Тбилисидегі де, Вильнюстегі де бұқаралық қозғалыстар мен бас көтерулерге дем берді, рухтарын көтерді, үлгі көрсетті, нұсқа болды. Отыз жылдан астам уақыт Қазақстанды басқарып, өз атына ешқандай кір келтірмеген, жастардың әзіз әкесіндей туғаннан бері көріп келе жатқан қадірлісі, ересектердің де бірнеше буын ұрпағының піріне айналған ардақтысы – Дінмұхаммед Қонаевты орнынан үн-түнсіз жұлып таста­май, елі болып, жұрты болып құрметпен зейнет демалысына шығарып салғандай болса, оның ақыры қантөгісті көтеріліске апармас еді. Немесе, Колбиннің орнына лауазымды қызметте жүрген, елдің жайын, жердің жапсарын жақсы білетін қазақстан­дық бір орысты қойғанда да, дүниені дүрліктірген мұндай жағдай болмас еді. 

Әлібек АСҚАР,

жазушы