Алматы облысында белгісіз біреу қызды ұрлап, басқа ауылға алып кеткен.
Алматы облысында ер адам кішкентай қызды ұрлап, басқа ауылға алып кеткен
3,468
оқылды

Алматы облысында белгісіз біреу қызды ұрлап, басқа ауылға алып кеткен, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде әйелдің кішкентай қыз бен ер адамды камераға түсіріп алған видеосы тарады. Соңында ер адам "қызымен" қыдырып жүргенін айтады. Бірақ кішкентай қыз жылап, бұл әкесі емес екенін айтқан. Осыдан кейін өзін Руслан деп таныстырған белгісіз біреу жылап тұрған оқушы қызды әйелмен бірге қалдырып, сол маңнан асығыс кетіп қалады.

Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы пікір алу үшін құқық қорғау органдарына жүгінді. Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, оқиға 4 маусымда таңертең Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылында болған. Видеодағы ер адамның кім екені белгілі болды. Ол Жаркенттің 36 жастағы тұрғыны болып шықты.

"Сағат 10:00 шамасында 1987 жылы туған Р. есімді ер адам Жамбыл ауданы Фабричный ауылынан кәмелетке толмаған қызды алып, Қарасай ауданы Жібек жолы ауылына алып келген. Кішкентай қыз өтіп бара жатқан әйелден көмек сұраған. Әйел Қарасай ауданының полициясына хабарласқан. Сағат 11:20 шамасында қоңырау келіп түскеннен кейін күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта іс аумағы бойынша Жамбыл аудандық полиция басқармасына жіберілді. Бұл факт аудандық прокуратураның бақылауында", – деп хабарлады ведомство өкілдері.