Ақмола облысында қылмыстық істі тергеу аясында арнайы прокурорлардың өтініші бойынша Ақмола облыстық сотының қаулысымен мемлекет пайдасына АҚШ азаматы Юлия Гагаркинаның мүлкі тәркіленді, – деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тергеу барысында Бурабай жағалауында орналасқан жер учаскесі бар жеке клиниканың жаңа ғимараты мен «Лексус» маркалы автокөліктің заңсыз сатып алынғаны анықталды.
Айта кету керек, Юлия Гагаркина клиникалар желісінің иесі бола тұра, Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларымен бір топта Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде ескі медициналық жабдықты жаңа ретінде жеткізіп, 1 млрд 167 млн 513 мың 600 теңге бюджет қаражатын жымқырғаны бойынша күдікке ілінген. Сонымен қатар медициналық жабдықтардың бір бөлігінің жұмыс істемейтіндігі анықталды. Кейін ол осы ақшаға жаңа емхана ғимаратын 890 млн теңгеге салып, оны мемлекетке 4,5 млрд теңгеге сатуға тырысқан.
Гагаркина 2021 жылғы сәуірде қылмыстық іс тіркелгенге дейін Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен. Осыған байланысты, оған сырттай күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Оған халықаралық іздеу жарияланды.
Ақмола облыстық сотының 2023 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен (заңды күшіне енді) мемлекет пайдасына жоғарыда аталған мүлік тәркіленді. Өз кезегінде Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларын айыптау бойынша негізгі қылмыстық іс сотта жатыр. Олар күзетпен ұсталды.
Айта кетсек, Ақмола облысының арнайы прокурорлары республика бойынша алғаш рет халықаралық іздеуде жүрген адамның мүлкін үкім шығарғанға дейін сотқа дейінгі тәркілеу тетігін қолданды.
Фото: t.me/kaztag_tg