Сонымен, жақында Шымкент қаласындағы мектептердің бірі бір доп алу үшін оның құнын 232 мың теңгеге бағалапты деген сөз желдей есіп, оны әлеуметтік желі қолданушылары бірер күн жан-жақты талқылаған.
Алайда артынша жауапты мекемеден доп құны жазылған цифрдың арасына үтір қойылмай қалған, бағасы 23 мың болуы керек еді деген ресми жауап берілді. Әйтсе де, бұл жауап даудың соңғы нүктесін қоя алмады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Алексей Колосков мониторинг жүргізудің арқасында бір мектептен 2 млн 200 мың теңге үнемдедік деп хабарлады. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүргізілген мониторинг кезінде Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы мемлекеттік сатып алу порталында баскетбол добын 232 мың теңгеге, ал волейбол добын 42 мың теңгеге бағалап, сатып алуды жоспарлаған. Құзырлы мекемеге департамент тарапынан жоспарды қайта қарау туралы ұсыныс хат жолданды. Ұсыныс хаттың нәтижесінде қайта қаралып, белгіленген баға өзгертілді. Осылайша, бюджеттің 2 млн 200 мың теңгесін үнемдедік», – деп атап өтті басқарма басшысы.
Мәселені тарқатып айтар болсақ, әр жылдың басында кез келген мекеме мемлекеттік сатып алу порталына қажетті заттардың тізімін жариялайды. Оны мекеме басшысы бекітеді. Ал Антикор ондағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтау үшін мониторинг жүргізеді. Жоғарыда айтып отырған қателік осы тұста су бетіне қалқып шыққан. Агенттік өкілдері «Біз қарамағанда баға осылай кете берер ме еді» деп отыр. Ал жоспарды түзіп, оны бекіткен мектеп басшылығы әлі сатып алу порталына ілінбеген, бар-жоғы жоспарда кеткен қате деп ақталғысы келеді.
«АМАNАТ» партиясы Шымкент қаласы филиалы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес өңірдегі осынау салаларға қатысты кез келген даулы мәселені назарда ұстайды. Жақында аталған білім ордасының мәселесі кеңес отырысында қаралды. Үшінші мегаполистің «Асар» шағынауданында орналасқан №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры Арман Орынбеков мемлекеттік сатып алу порталында 2023 жылдың 24 қаңтарында жарияланған жылдық жоспарды әзірлеп, бекіту мәліметінде мектеп бухгалтериясы тарапынан қателік кеткенін атап өтті. «Онда 10 дана баскетбол добының әрқайсысы 232 149 теңгеден көрсетіліп кеткен. Алайда онда 23 214,9 деп жазылуы тиіс болған. Яғни, үтірдің қалып кетуі салдарынан осындай даулы мәселе туындады. Аталған мәселе бойынша наурыз айында сатып алынатын тауарлар тізімі қайта қаралып, 10 дана баскетбол добы әрқайсысы 23 мың теңгеден болып өзгертілді. Қателік жіберген мектептің бас есепшісі Мирас Патшабайға сөгіс берілді. Техникалық қате кетті, дабыра ететіндей мәселе емес», – деп атап өтті ол. Кеңес отырысына келген бас есепші де өзі жіберген қателігін мойындап, енді мұқият болатынын жеткізді. Қалай болғанда да бұл жағдайдың сатып алу порталына ілінбей тұрып оңды шешімін тапқаны дұрыс болды.
Дегенмен жиында осыған қатысты тағы бір мәселе белгілі болды. Мамандандырылған мектеп-гимназиясы жақында спорт тауарларын сатып алуға арналған конкурсты мемлекеттік сатып алу порталына жариялаған. Онда 25 мың теңгеден 10 дана волейбол добы (250 мың теңге), 23 200 теңгеден 10 дана баскетбол добы (232 мың теңге), 15 мың теңден 10 гандбол добы, 10 500 теңгеден 10 футбол добына және баскетбол шеңберіне қажет заттар үшін жалпы 829 642 теңгенің тауарын жеткізіп беру конкурсын жариялайды. 29 мамыр күні тапсырысты орындауға қатысқан 31 үміткердің ішінен 829 мың теңгенің за-тын 380 мың теңгеге орындап беру үшін «ASKA-88» ЖШС жеңіп алады.
Қызығы, сонда осынша дүниені бар-жоғы 380 мың теңгеге жеткізіп беретін болған. Дегенмен мектеп басшылығы мұндай бағаға сапалы спорт заттарын сатып алуға болатынына күмән келтірді. Тіпті, кеңес жиынына денешынықтыру пәні мұғалімі доптардың түрін алып келген. Онда 42 мың теңге тұратын сапалы доп пен ұтып алып, сатып алынып мектепке әкелінетін доп та көрсетілді.
«Олар 2 айдан арыға жарамайды. 40-50 мың теңге тұратын мына допты 4-5 жыл ойнауға болады. Былтыр тендерден ұтып алып әкеп берген 20 мың теңгенің жобасындағы мына доптар ары кетсе 1 тоқсанға жарамды. Екеуінің түрі бірдей, ажырата алмайсыз. Тек қымбат сапалы доптың көшірмесін әкеліп берген. 8-10 мың теңгенің доптары көп болса 10 күнге ғана жа-райды. Тіпті, балалар да нашар доппен ойнағысы келмейді», – дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі.
2850 бала білім алатын мектепте 3 спортзал бар екен. Кеңес мүшелері мұндай мәселелер барлық мектепте кездесетінін сөз етті. Сондықтан олар да 380 мың теңгеге осынша заттың сапалысы келетініне сенімсіздік танытты. Сол себепті мемлекеттік тапсырыс берерде заттың техникалық ерекшелігін өте сауатты және мұқият жазу керектігін ескертті. Сондай-ақ бухгалтерияны жеке-жеке білім ошағына емес, Білім басқармасында орталықтандырылған есеп-қисап бөліміне жүктеу дұрыс деп санайтынын бір ауыздан қолдады. Мектеп директоры шаруашылық мәселелермен емес, білімнің сапасымен, балалардың қауіпсіздігімен, тәрбиесімен айналысуы тиіс деген қорытындыға келді.
Шымкентте доптан туған даудың соңы кеңес мүшелерінің осындай шешімімен аяқталды. Бұл шешім қаншалықты орындалатыны әзірге белгісіз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы