Қостанай облысында бірнеше көлік соқтығысып, салдарынан 2 адам қаза тапты.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін сағат 11.00 шамасында Қостанай – Әулиекөл – Сурған автожолында жол-көлік оқиғасы болған. Салонында 4 жолаушысы, оның үшеуі кәмелетке толмаған балалары бар Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Артынша қарсы келе жатқан Көкшетау қаласы тұрғынының басқаруындағы Renault жүк көлігімен соқтығысқан. Одан кейін минивэн Атбасар қаласы тұрғынының басқаруындағы Daf фурасымен бетпе-бет қақтығысқа ұшырады.
Апат салдарынан 46 жастағы Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі және оның 2013 жылы туған ұлы қаза тапты. Минивэннің тағы 3 жолаушысы ауруханаға жатқызылды.
Қазір осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды.
Фото: polisia.kz