Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев 74 жасында дүниеден озды
Белгілі атыраулық ақын дүниеден озды
1,940
оқылды

Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев 74 жасында дүниеден озды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойшығұл Жылқышиевтің қайтқаны жөнінде ақын-жазушылар әлеуметтік желідегі парақшаларында жазып, марқұмның отбасына, тума-туыстарына көңіл айтып жатыр.

Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген.

1975 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеді. «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының және республикалық «Махамбет» қорының президенті болды.

«Тамаша» ойын-сауық отауын ашқаны үшін (Лұқпан Есеновпен бірге) авторлық куәлік берілген.

Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды. «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асаукер» жыр жинақтарының авторы.

М.Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды (1996 жыл). Сондай-ақ Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003 жыл).