«Соңғы уақытта қалада су тапшылығына байланысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Шынында да, мұндай проблема бар және ол түрлі факторға байланысты. Біріншіден, біздің қала қарқынды дамып келеді. Жыл сайын қала халқы 60-70 мың адамға артады. Бұл қосымша суды қажет етеді. Сонымен қатар суару жұмыстары жүріп жатыр. Бұған қоса соңғы аптада температура 30 градустан түспеді», – деп мәселенің себептеріне тоқталды шаһар басшысы.
Жеңіс Қасымбек аталған бағыттағы мәселені шешу үшін 2020 жылы су стансасының құрылысы басталғанын атап өтті.
«Мұнда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 1-кезең осы айда тәмамдалады және біз қазір тапшы болып отырған көлемді жабамыз – бұл тәулігіне 25-30 мың текше метр су. Сонымен қатар тамыз айында осы нысанның 2-бөлігі аяқталады және ол күніне қосымша 85 мың текше метр сумен қамтамасыз етуге қауқарлы болады. Бұл көлем қаланы алдағы 3-4 жылда тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады», – деп тоқталды Жеңіс Қасымбек.
Астана әкімінің сөзінше, келер аптада Астана су қоймасынан құбыр тарту аяқталады. Өз кезегінде ол қалаға ауызсу беру кезінде тиісті қысымды ұстап тұруға ықпал етеді. Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек тапшылыққа қарамастан, түсіністік танытқан елордалықтарға алғыс білдірді.
«Құрметті қала тұрғындары, түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Алдағы айларда қаладағы су тапшылығына байланысты барлық мәселе шешілетінін жеткізгім келеді», – деп түйіндеді Астана қаласының әкімі.