Ол аздай, қаршадай қызды құшақтап, такси ішінде ерсі әрекетке барған дейді.
"Қонақүйге апарды": Алматы облысында 8 жасар қызды ұрлап кеткен ер адамға қатысты тың дерек шықты
6,339
оқылды

Алматы облысында белгісіз азамат алдап әкеткен 8 жастағы қызды алдымен қонақүйге апарған, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол аздай, қаршадай қызды құшақтап, такси ішінде ерсі әрекетке барған дейді. Мұның барлығын қыз анасына айтып беріпті. Ал бүгін қонақүй әкімшілігі «біз жөндеуге жабылдық, жұмыс істемейміз» деп отыр.

Желіге жүктелген жазбадан бұрын күдікті жол бойындағы қонақүйге тоқтап, бөлме сұраған. Дүкенге барып, алаңдаулы қыздың көңілін де аулай бастаған.

«Нұр-Әли деген қонақүйге кірдік. Қонақүй қызметкеріне 2000 теңге беріп еді, ол бұл ақша тек 1 сағатқа ғана жетеді деп алмады. Кейін мені таксиде құшақтап, бетімнен сүйді. Маған оның бұл әрекеті ұнамады. Дүкенге тоқтап, маған тәтті сусын мен кәмпит таяқшасын алып берді. Жүргізуші ағайға айтуға қорықтым», – дейді қыз.

Жазғы лагерьге бара жатқан жеткіншекті жол бойында такси күтіп тұрған жерден алып кеткен. Оны 36 жастағы күдікті жеткізіп тастаймын деп таксиге отырғызған көрінеді.

«Қыздың жалтаңдап тұрғанын байқадым. Ақырын қызбен сөйлесіп үйге алып кірдім. Екеуміз қызға таласып қалдық. Артымнан қалмай жүріп алды», – деді куәгер Күләш Теңелбаева.

Перзентім құрбан бола жаздады деген анасы қазір дел-сал күйде. Мұндай жағдайды бастан кешемін деп ойламадым деп жылап отыр. Үнемі қызын әкесі жетектеп жолға шығарып салады екен, ал кейін такси әкетеді.

«Таңертең сағат 9.00-ге таман шығып кеткен. Содан жүрегім сезді ме, білмеймін, хабарласа бастадым. Әлі келмеді деді. Балалармен ойнап қалған шығар деп ойладым. Мұндай жағдайды ешкімнің басына тілемеймін. Осындай әрекетке барған адам ең ауыр жазасын алсын», – дейді қыздың анасы Римма Халмұратова.

«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша Жамбыл ауданы полиция бөліміне тіркелді. Жедел іздестіру барысында 1987 жылғы күдікті анықталып, ұсталды. Заңнамаға белгіленген тәртіппен ұсталған адам қамауға алынды», – деді ПД баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.

Қазір күдікті адам ұрлау фактісі бойынша тергеліп жатыр. Алайда жәбірленушінің анасы қызын зорлауға оқталған деп қорқады. Сондықтан тергеудің май-шаммен қаралғанын қалайды.