Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Парламент депутаты Израильге сапармен барды. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Кнессет Спикері Амир Оханамен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесін талқылады.
Әшімбаев Израиль Кнессетінің спикерімен жүздесті
942
оқылды

Өз сөзінде Сенат Төрағасы Израиль Қазақстан­ның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ ол парламентаралық ын­ты­мақтастықты одан әрі жандандырудың маңызды екеніне назар аударып, заң шығару қызметі бо­йын­ша өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі пікірімен бөлісті.

«Қазақстан Парламенті мен Израиль Кнессеті ара­сындағы ынтымақтастық екіжақты қарым-қаты­настың ажырамас бөлігі екені сөзсіз. Біз үшін Из­раильдің заң шығару қызметіндегі, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету, пар­ла­ментт­ік бақылауды жүзеге асыру бағытындағы тәжірибесі маңызды. Алдағы уақытта осы және басқа да салалар бойынша тәжірибе алмасуға мүдде­ліміз. Бұл ретте Сенат пен Кнессеттің сала­лық ко­ми­теттері мен достық топтары арасындағы бай­ланысты нығайтудың берері мол екені анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында елімізде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалардың нәтижелері де сөз болды.

Өз кезегінде Кнессет Спикері Амир Охана Қазақ­­станда қолға алынған қоғамдық-саяси өзге­рістерді жоғары бағалап, алдағы уақытта барлық ба­­­ғыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүд­делі екенін білдірді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев екі ел ара­сын­­дағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитар­лық байланыстың әлеуеті зор екенін атап өтті. Сенат Төрағасы бұл ретте тікелей ше­телдік инвестиция­ларды тарту мәселесіне ерекше назар аударды.

«Қазақстанда Мемлекет басшысының бастама­сымен ұлттық экономиканы әртараптандыруға арнал­ған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Со­­ның аясында шетелдік инвесторлар үшін қо­лайлы жағдай жасауға баса мән беріліп, тиісті жұмыс атқарылуда. Осы орайда біз ауыл шаруа­шылығы, жасыл энергетика, медицина салаларын­дағы жоба­ларды израильдік компаниялармен бірлесіп іске асыруға мүдделіміз. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Бізге осы аумақты игеру және ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологиялар қажет», – деді Палата Спикері.

Сондай-ақ сұхбат кезінде Израильдің суды тұщыландыру қондырғыларын салу, суды бақылау және цифрлық есепке алу, су шаруашылығын дамы­ту мәселелеріндегі тәжірибесі сөз болды. Қазақстан Парламентінің депутаттары осы бағыт­тағы озық үлгіні зерделеу үшін Израильді ауыз­сумен қамта­масыз ететін мемлекеттік компания­ның жұмысымен танысты. Одан бөлек, бүкіл ел бойынша су құбыры желісін басқарушы мекеменің қызметіне назар аударды.